ҒАСЫР ДЕРТІМЕН КҮРЕС – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ
Облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ағилаш Қарақұлованың айтуынша, егер бұрын АИТВ жұқпасы инемен есірткі тұтыну арқылы таралса, соңғы жылдары жыныстық жолмен берілу үлесі 80 пайызға жеткен. Індет негізінен жастар арасында таралып отыр, вирусты жұқтырғандардың 60 пайызы – 20-39 жас аралығындағылар. Бір өкініштісі сол, иммун тапшылығының вирусын жұқтырған жүкті әйелдер де анықталуда.
— Антиретро вирусты препараттар Қазақстанда 2005 жылдан бастап қолданыла бастады, ал, Атырауға 2008 жылы келді. Осыдан он шақты жыл бұрын вирус жұқтырған адам күніне сегіз дәрі ішсе, қазір ыңғайлы препараттар шықты. Пациенттерге қазір күніне бір дәріден береміз. Тек уақытылы жауапкершілікпен ішіп тұрса болғаны, — дейді аталмыш орталықтың емдеу бөлімінің меңгерушісі Баян Аустниязова.
Ал, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс екендігін тағы ескерткен орталықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Маржан Есбергенова әр адам қалауы бойынша өзі тіркелген емханаларда немесе орталыққа келіп, иммун тапшылығы вирусына жылына кем дегенде бір рет тегін тексеріле алатынын жеткізді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.