Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Астанада Атырау облысының мәдениет күндері басталды

Күллі әлемге Қазақ елінің абыройын асқақтатып, жалауын аспандатқан ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Атырау облысының мыңға жуық өнерпазы Сарыарқа төріне қадам басты. Мұнайлы өлке өнерпаздары елорда жұртшылығына Жайықтың ыстық сәлемін жеткізді. Астаналық көрермендер назарына бес күн бойына Атырау облыстық музейлер, кітапханалар, мұрағат қорларынан ұйымдастырылған көрмелер ұсынылады. Сондай-ақ, ән-күйден шашу шашып, театрандырылған қойылымдарды да тамашалауға шақырады.  

ANU_3159

Мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бұл шараны өнер мерекесі деп бағалап, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтады.

‒ Егеменді еліміз 26 жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік саясатының арқасында қарқынды дамуға бет алды. Адам өміріне баласақ, бұл жас азаматтың ғұмыры болса, тәуелсіздік алған мемлекет үшін бұл ‒ аз ғана уақыт. Осы аралықта Қазақстан бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылып, ендігі меже ‒  дамыған елу ел қатарынан көріну. Бұл орайда, Атырау өңірі де өз үлесін қосуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес Атырау облысы мәдениет күндерінің ашылу салтанатын өлке тарихынан сыр шертетін көрмемен, күй керуенімен бастауды жөн көрдік. Өйткені, Атырау ‒  күйдің де отаны. Бір аптаға жуық уақыт бойы атыраулықтар Астана тұрғындары мен қонақтарын тамаша сазды кештер мен көрмелерді тамашалауға шақырады. Ал, 20 шілде күні атшабыс жарысы өтеді, — деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы.

Салтанатты шарада жалғыз қазақтың емес, иісі түркі әлемінің тарихын түгендеген абыз Әнес Сарай, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев та сөз сөйледі.

ANU_3129

Өнер апталығы Конгресс-холлда Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің «Күй керуен» атты концертімен басталды.          Сондай-ақ, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрі де Астана төрінде өнерлерін паш етті.

Ал, кешке ЭКСПО кешені аумағындағы амфитеатр сахнасында гала-концерт өтеді. Әнес Сарай, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

‒ Қай жерде жүрсек те жүрегіміз «Атырау» деп соғады. Көңіліміз де ‒ Атырауда. Өйткені, Атырауды ұмытқан күні бізден аруақ та таяды, атақ-абыройымыздың барлығы да аласарып қалады. Сондықтан, атыраулықтарға «қош келдіңіз» деймін. Атырау халқы шетінен өнерпаз екеніне ешкім дау туғызбайды. Астана аспанында күй қалықтайтын болды.

  Рахымжан Отарбаев, жазушы-драматург:

ЭКСПО қазақтың құлағына ерте бастан сіңіп қалды. Өйткені, 1925 жылы Парижде өткен көрмеге қазақтан Әміре Қашаубаевтай дүлділ қатысып еді. Дүниежүзілік ән бәйгесінде екінші орынды жеңіп алды. «Қазақ» деген атты сонау бір кәрі құрлықта жаңғыртып қайтты. Содан бері ЭКСПО қазаққа жат болмады. Араға 93 салып Қазақ елінің астанасында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр. Қырық алты жасында қапияда кеткен ұлы әнші Әміре өз аруағымен қазақтың астанасына алып келгендей.

Атырау осы тойға көп дайындалды. Бұл мәдениет күндері емес, нағыз той. Мәдени ұжымның әрқайсысы алтын балықтың үйіріндей болып келіп отыр.

Атырау облысы ‒ республикалық бюджеттің 34-36  пайызын беріп отырған мұнайлы өлке.  Тек жер астындағы байлығымен емес, Бейбарыс, Исатай-Махамбет, Құрманғазы мен Дина, Фариза апа мен әулиедей Әбіш аға сынды ұлы перзенттерімен де мақтанатын өңір. Той құтты болсын, ағайын!

ANU_3362

Ирак Елекеев, қоғам қайраткері:

‒ Бүгін Астанадағы атыраулықтар үшін қуанышты күн. Туған жерге тағзым ету мақсатында Атырауға жолдың сәті жиі түсе бермейді. Ауылдағы ағайындарды көріп, күйді тыңдап, өңір тарихына қанығып, бір марқайып қалдық.

Атырауды қазір бүкіл әлем таниды. Жетістіктерді ЭКСПО-ға келген көптеген елдер өкілдеріне тағы паш ететін мүмкіндік туып отыр.

ЭКСПО көрмесінің тақырыбы өте маңызды. Болашақтың қуаты ‒ жел, су, күн энергиясында. Сондықтан, еліміздің алға басуы үшін аса қажетті жоба. Көрмені тамашалауға келген туристердің барлығы «жиырма жылда мұндай қала тұрғызу мүмкін бе?» деп таңғалып жатыр. Шындығын айту керек, елорданы Алматыдан Астанаға көшіруге қарсы болған Парламент депуттарының бірі мен болдым. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да айтты. Кейін Елбасы шешіміне сенімсіздік білдірген депутаттар Астанаға көшіп келгендердің алғашқы қатарында болды. Қазір Астанада күн сайын жаңа ғимарат ашылып, өзгеріс болып жатыр. Қала күннен күнге көркейіп, дамуда. ЭКСПО арқылы әлемнің назары Астанаға ауды. Бұл да Елбасының көрегендігі деп білемін.

Айгүл Ертілеу.

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button