Астанада Атырау облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр (ФОТО)
Бүгін Астанада Атырау, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылығы жәрмеңкесі басталды. Астана уақытымен таңғы сағат 08:00-де басталған жәрмеңкеге елорда тұрғындары ертемен келуде.
Екі күнге созылатын жәрмеңкеге Атырау облысы ет, балық, құс, картоп, көкөніс және бау-бақша, сүт, шұбат және қымыз, консервіленген, бұқтырылған ет өнімдерін ұсынуда. Жалпы, Атырау облысының әкелген ауылшаруашылығы өнімдері 100 тоннаны құрайды.
Жәрмеңкеге Атырау облысы бойынша барлығы 32 шаруашылық қатысып жатыр. Атап айтқанда, Атырау қаласы бойынша 3, Жылыой ауданы бойынша 7, Индер ауданы бойынша 9, Исатай ауданынан 1, Қызылқоға ауданынан 2, Құрманғазы ауданынан 3, Мақат ауданы бойынша 1, Махамбет ауданынан 6 шаруашылық қожалықтары өздерінің өнімдерін ұсынып отыр.
Мұнда әр ауданның өнім сатуға арналған сөрелерінің алдындағы жергілікті тұрғындардың қарасы өте көп. Елорда тұрғындарының Атырау облысының ауылшаруашылығы өнімдеріне сұранысы жоғары және қолжетімді бағада екендігін айтуда.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
АСТАНА.
Суреттерді түсірген автор.