Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетШаһар шырайыҚоғам

Астана театры Атыраудағы өнер сапарын «Аққудың көз жасымен» бастады

Атырауға Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры гастрольдік сапармен келді.

айтматов1

1991 жылы режиссер Жақып Омаров негізін қалаған театр ширек ғасырға жуық уақыт ішінде біраз биіктерді бағындырып үлгерді. Мәселен, 1992 жылы Ғ. Мүсіреповтің 90 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде лауреат, 1996 жылы түркі тілдес халықтардың «Туғанлық» ІІ халықаралық фестивалінде жүлдегер, ал, 2000 жылы «Мини комедия» театрлары блиц фестивалінде бірінші орынды иеленді. Айта кетейік, осыдан он жыл бұрын бұл театр Атырау қаласына гастрольдік сапарымен келгенді.

Театрдың Атырау қаласындағы гастрольдік сапарының репертуарлық бағдарламасы сәуірдің 23-не дейін жоспарланып отыр. Онда Атырау тұрғындары мен қонақтарына Р.Отарбаевтың «Әміре» (драма), М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» (комедия), Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние» (драма), М.Әуезовтің «Қараш-Қараш» (драма), Дж.Патриктің «Қымбатты Памелла» (комедия), А.Айларовтың «Сүрінген сүрбойдақ» (комедия), «Ер Төстік» (ертегі) қойылымдары ұсынылмақ.

Өнер сапарының  алғашқы қойылымдарына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аймақ басшысының орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, ұжымға сәттілік тіледі.

Көрермендер алдында сөз сөйлеген ҚР Халық әртісі, кинорежиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов «Атырау өңірін  ақындардың, батырлардың отаны» деп атады.

айтматов

— Бүгінде мұнайлы астанамыз өзгерген, әдемілене түскен. Бұл жерді шын мәнінде, Жаратқанымыздың көзі түскен мекен деуге болады. Өйткені, жер қойнауының байлығы да осы өлкеде жатыр. Өңірдің табиғаты секілді тұрғындарының да көңілі кең, өнерді сүйетін жандар. Өткен жолы жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арнал-ған халықаралық фестивальге келсем, бүгін тағы өздеріңізбен қауышып тұрмын. Өнер адамын өсіретін де, өшіретін де бұл – халықтың ықыласы. Осы ретте Атырау жұртшылығы таланттарды көтеріп, олардың жолын ашуда алдына жан салмайды. Сол себепті де бұл өңірден таланттар көптеп шығады, – деді режиссер.

Сонымен, гастрольдік сапардың алғашқы шымылдығы Шыңғыс Айтматовтың шығармалары негізінде жазылған  «Аққудың көз жасы» атты лирикалық  драмамен басталды. Махаббат тақырыбы өз алдына, бізді елең еткізгені – режиссер Талғат Теменовтің аталмыш драманы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі қос туындысы негізінде сахналауы болды. Қазақ театры тарихында ал-ғаш рет «Боранды бекет» романындағы Раймалы жайлы аңыз бен «Жәмилә» повесі бір инсценировкаға бірікті. Оның үстіне, киносынан көріп жүргеніміздей, көрерменге ғашықтық сезімін боямасыз жеткізе білетін Т.Теменовтің романтикалық қолтаңбасына куә болдық.

«Жәмилә» желісі үздіксіз баяндау арқылы өрбитіні оқырманға белгілі. Спектакльдегі оқиғаның бәрі автор монологына құрылған – ересек Сейіттің өткен күн естелігі бала Сейіт арқылы беріледі.

айтматов3

Мазмұнын баяндағымыз келмеді. «Аққудың көз жасы» Айтматовтың атақты екі шығармасы негізінде қойылғандықтан, спектакльдің бас-аяғынан повестегі Жәмилә мен Даниярды іздейтініміз түсінікті. Сахналанған нұсқасы да режиссер қиялына сәйкес түпнұсқа шығармадан біршама өзгеріпті. Жәмилә тез арада Даниярға көңілі ауып, соғыстағы күйеуін ұмыта бастайды. «Сен менің тәнімді иемденсең де, жанымды түсіне алмай жүрсің-ау» деген ашына айтқан сөздерінің дәлелі болу тиіс – мейірім мен іңкәр сезімге зәру әйел дүниесін түсінбейтін жанды да сахнадан көре алдық. Алып қашудың құрбаны болған Жәмиләның Даниярды жақсы көруіне де кешіріммен қарайсың.

Актерлер ойыны берік байланыс-қан, әрбір мизансцена еш үзіліссіз шынайы жалғасып отырды. Бір сөзбен айтқанда, ойнаған ешкім жоқ, кейіпкерлер сахнада өмір сүрді.

айтматов4

Қойылым барысында адам жүрегіндегі ең асыл сезім – махаббат сыры шертіледі. Үлгілі келін Жәмилә мен соғыстан оралған Даниярдың сезімі, ішкі күресі, талас-тартысы сезіледі. 18-ге енді жеткен Бегімай мен алпыстың алқымына шыққан Раймалы жыраудың махаббаты да жүрек тебірентеді.

Екі жұп та бейуақытта жолықты. Жұрттың қаңқу сөзіне, қорлаушылар мен қалыптасқан кедергілерге қарамай, сезім үшін аянбай күресті. Спектакльді көріп отырып, Жәмиләнің де, Раймалының да қорғаушысы, жанашыры болып, солармен бірге қиналасың.

Т.Теменовтің Жәмиләсінен ешкім жылап шыққан жоқ, керісінше, бәріміздің  жан-жүрегіміз жұмсарып, нағыз махаббаттың биік үлгілерінен шабыт алып, қанаттанып қайттық десек, артық болмас.

Нұргүл Ысмағұлова

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button