«Ашық есік күні»: ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – КҮНКӨРІС КӨЗІ

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалының кіші мәжіліс залында «Ашық есік күні» өтті. Оған қатысқан Атырау облысына қарасты басқарма басшылары тұрғындардың сауалдарына толыққанды жауап берді. 
Мұнда жеке басындағы мәселелерін айтып келушілер де көп болды. Солардың ішінде қала тұрғыны Ибрагим Зұлқашев бір жылдан бері стропальшы мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады. Бес баланың әкесі күнкөріс үшін жыл бойы әртүрлі көтерме жұмыстармен айналысады. Жұмыссыздар қатарында тіркеуде тұрған ол мамандығы бойынша бос жұмыс орнын сұрайды.

Сол сияқты Айгүл Исламова Құрманғазы ауданында тұратын інісі Айбек Исламовтың бес баласымен қалуына (аналары бес баласын тастап кеткен) байланысты отбасында туындап отырған қиындықтарға қол ұшын беруді сұрады. Бұл орайда Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева жұмыссыз Айбек Исламовтың аудандық жұмыспен қамту бөліміне тіркелу керектігін айтып, балаларына көмек беру жөнінде аудандық бөлім басшыларына тапсырма берілетінін жеткізді. Сол сияқты «Ашық есік күніне» жер, баспана мәселесін айтып, келушілер көп болды. Басқарма басшылары өзіне қарасты сауалдарға жауап беріп, барлық мәселелердің орындалу барысының қадағалауда болатынын мәлім етті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз