Қашағаннан өзге кен орындарынан мұнай алына ма?
Солтүстік Каспий жобасында Қашағаннан өзге төрт кен орны бар. Бұрғылау, барлау жұмысы мұнда мол қазынаның барын байқатты. Оның қашан ел игілігіне айналатыны, Болашақ зауыты мен D аралындағы шикізат өндірудің уақытша тоқтатылатынының себебі НКОК консорциумы басшылығының мәліметінен белгілі болды.
Үлкен жобаның ерекшелігі
Бүгінде НКОК консорциумы Каспий қайраңынан 17 миллион тоннадан астам мұнай өндіріп отыр. Бұған қоса 5 млрд. текше метр газ, 700 мың тонна күкірт экспорттады. Қашаған іске қосылғалы Қазақ елі дүние жүзіндегі мұнай өндіруші елдердің алдыңғы қатарына қосылды. Бұл кеніштен айына 1 млн. тонна «қара алтын» өндіріледі.
– Қашаған – әлемде соңғы 40 жылда ашылған ірі кен орны. Оның Қазақстан экономикасына қосатын үлесі ондаған жылдарға есептелген жобаның жүзеге асу кезеңінде орындалады. Дегенмен, Қашаған Солтүстік Каспий жобасының ауқымында игеріліп жатқан жалғыз кеніш емес. Одан өзге кен орындарын ел игілігіне айналдыру алдағы күндердің еншісінде қалып отыр. Үлкен іске тартылатын қазақстандық жас мамандар жұмысқа орналасып қоймайды, өздерінің кәсіби ғұмырын бір жобаға арнауға мүмкіндік алады. Тіпті, олардың ұрпақтары да осында еңбек етуі мүмкін. Бұл – Солтүстік Каспий жобасының қаншалықты ауқымды екендігінің айқын дәлелі, — деді НКОК консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн.
Қашаған кен орнының коллекторы теңіз түбінде 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Мұндағы қысым өте жоғары, әрі күкіртсутегі және көмірқышқыл газдың мөлшері көп. Салқындығы сүйектен өтетін, жаздағы ыстығы төбені тесетін ортада жұмыс жасау әлемдегі ең ірі жобаны игерушілерге оңай болмай отырғанға ұқсайды.
«Бұл жағдай қауіпсіздік шараларды қатаң сақтауды, инвестициялық қаражат жұмсауды қажет етеді», — деді Бруно Жардэн.
Қос кеніш қашан игеріледі?
Алдағы уақытта Солтүстік Каспийде Қаламқас, Хазар, одан кейінгі кезеңде Ақтоты, Қайраң кеніштерін игеру жоспарлануда. Осыған байланысты Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында бірлескен жобалар жүзеге асады.
– Жоба ауқымында өзге кен орындарын игеру көзделіп отыр. Соның қатарында «Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В.» (КМОК) компаниясымен бірлесе игерілетін Қаламқас-теңіз және оған жақын орналасқан Хазар кеніштері бар, — деді Бруно Жардэн.
Қос кен орнындағы өндірілетін қордың көлемі 70 млн. тонна мұнайды (500 млн. баррель) және 9 млрд. текше метр газды (0,3 трилл. текше фут) құрайды. Қаламқас-теңіз бен Хазарды қатар өндіру кеніштердің экономикалық тиімділігін арттырады. Мамандар мұны жекелей жүзеге асырғаннан гөрі, бірлесіп қолға алудың мүмкіндігі зор дейді. Шығындарды азайту жобаның тиімділігін қамтамасыз етеді.
Қазір инженерлік-техникалық жұмыстардың дайындығы жүріп жатыр. НКОК консорциумы кен орындарын игеру жоспарын 2019 жылдың екінші жартысында ұсынбақшы екен. Ал, бірлесіп игеру тұжырымдамасы әлемде кең таралған тәжірибе болып шықты. Мәселен, бұған Британияның Солтүстік теңіздегі, Американың Мексика шығанағы жағалауындағы іс-шаралары дәлел бола алады. Дегенмен, Қазақстанда бұл әдіс тұңғыш рет қолданылғалы отыр.
Бірлесе көтерген жүк жеңіл
Ақтоты мен Қайраң кен орындары Атырау қаласынан – 125, D аралынан 48 шақырым қашықтықта орналасқан. Кеніштер күкіртсутек мөлшері мен ұңғымадағы қысымның жоғарылығы, шикізаттың жер қабатынан 3-4,5 шақырым тереңдікте орналасуы жөнінен Қашағанның параметрімен ұқсас. Алайда, мұнда су деңгейі тайыздау көрінеді.
– Осыған байланысты айтарым, 7 инвестор-компанияның акционерлері Қазақстан Үкіметімен, сондай-ақ, «PSA» ЖШС-мен ортақ мәмілеге келді. Келісім талаптарына сәйкес, уағдаластық уақыты бес жылға ұзартылып, осы кезеңде НКОК компаниясы Ақтоты мен Қайраңды игеру үшін зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл келісім 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылуда, — деді НКОК консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн.
Келесі жылдың ортасына қарай Болашақ зауыты мен D аралындағы жұмыс уақытша тоқтатылғалы отыр. Бұл күрделі жөндеуге байланысты ойластырылған кешенді шара екен. НКОК компаниясы тәулігіне 370 мың баррельден астам мұнай өндіруді жоспарлауда. Оған теңіздегі шикі газды айдау компрессорларын модернизациялау, қосымша сығымдағыштар орнату, судағы және құрлықтағы нысандардың өндірістік қуатын арттыру, басқа да жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізіледі.
Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнын игеру ерекше оқиға саналады. Бұл шетел инвестициясын тартып, жаңа технологияларды әкелуге, жұмыс жүйесін жетілдіруге жол ашты.
Азамат БАЗАРБАЕВ