Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Арзан жарнаманың астарында не тұр?

Әдеттегі күн. Қоғамдық көлікке асыға келіп отырғаным сол еді, жанымдағы екі бойжеткеннің әңгімесіне еріксіз назар аудардым. Бірі «Көйлектің суретін қыздарға жіберемін» десе, енді бірі «Жіберме, қазір көріп қойса несі қызық, бірден кешке киіп бармаймыз ба, жарқырап?! Сөйтіп, «хайп» жасайық. Әзірге ешкім білмей-ақ қойсыншы» деді. «Хайп» деген сөзді анық естіген сәтте елең ете қалдым. Бұған дейін өнер жұлдыздарының аузынан ғана естіп жүрген бұл сөз жастардың арасына тез тарап үлгергені ме? Ал, «хайп» дегеніміз не? Сан сұрақтың астында қалған мен жұмысқа қалай жеткенімді аңғармай қалыппын…

Жасағаны «хайп», жинағаны лайк

«Атың  шықпаса жер  өрте…»

Іздестіре келе, «хайп» сөзі ағылшынша «High Yield Investment Program» деген бірнеше сөздің қысқарған түрі екенін білдік. Негізінен «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағына береді. Алайда, бұл сөзді көпшілік түпкі төркінінен гөрі шу шығару, таңқалдыру, алдап арбау арқылы өзіне жарнама жасау деп біледі және солай жасап жүр. Өткен жылдың жастар арасында ең танымал болған неологизмдер топтамасынан да осы «хайп» сөзін көрдік. Онда да «шу жасауға бағытталған әрекет: жалған атақ қуып, пиар немесе өзін-өзі жарнамалауда алдына жан салмайтын жандарға арналған жаңа неологизм» деген анықтама берілген.

Арамызда әлеуметтік желідегі оқырмандардың санын көбейтемін деп жалаңаш денесін көрсетіп, жылдар бойы жасырып келген жарларын бір-ақ сәтте жалпақ жұртқа жария ететіндер де, ән кештеріндегі шуды да «хайп» деп санайтын өнер жұлдыздары да аз емес. Бүгінде кейбірі бұл сөзді әнге де арқау ғып айтып жүр. Ал, бұл орайдағы психолог мамандардың пікірінен тіпті қорқуға болады. Елімізге танымал психолог Анна Құдиярова психологияда «хайпқа» тәуелді болудың өзі емделмес дертке апаруы мүмкін екенін айтады. Ол адамдардың дәл бүгінгі қолында бар нәрсе, ертеңгі күні болмайтынын, мәселен, әлеуметтік желілерде жария-лап жүрген түрі мен сымбаттың үнемі бір қалпында тұрмайтынын мысалға алады. «Сондықтан, ертеңгі күні оларда бір психикалық ауытқушылық болуы мүмкін» дейді ол.

Иә, өнер жұлдыздары (әсіресе, жастар) әлдеқашан-ақ, өздерін «хайпсыз» «ескексіз қайық» санайтын болған. Тіпті өздерін жарнамалауда жеке өмірлеріндегі құпияларынан бөлек, қазақтың өнер сахнасына ашық-шашық шығып немесе жүрген-тұрғандарын суретке түсіріп, «Instagram» желісіне жүктейтінін қайтерсің. Алайда, бізді алаңдататыны өнер адамдарының әрекеттері ғана емес, олардан үлгі алып, ісін қайталап жүрген жастарымыздың жайы, бүгінгі ортадан алып отырған тәрбие мәселесі.

«Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей»

«Қазақстандықтар арасында «хайп» аса танымал болып бара жатыр. Тіпті «хайпсыз» танылудың жолы жоқ деп санайтындар бар. Мұның барлығы әр адамның ішіндегі «мен» арқылы пайда болып отыр. Адамның бойында эгоцентризмі өте жоғары болса, ол өзін ғана ойлап, тек қара басының қамы үшін өмір сүріп, өзге жандардан өзін жоғары ұстайды. Яғни, өзімшілдікті өмір сүрудің негізгі арқауы етіп алған адам ешқандай тосқауылды есепке алмайды да, қай жағынан болсын өзін көрсетуге тырысып бағады. Жаңа термин «хайп» та осы жолда пайда болған. Осындай жандардың ойлап тапқан сөзі болуы да әбден мүмкін. Себебі, мұндай адамдар танымалдығын арттыру үшін тың нәрсе ойлап табуға тырысады. Бірақ, мұндай мінез адамдардың психикасына әсер етіп, кез келген ортада абырой-беделін жоя   бастайды» деген балалармен жұмыс жасап жүрген мектеп психологы Мәрзия Ермұханова «менмендіктен» жасөспірімдердің бойын аулақ ұстату керектігін, бұл мәселеде ата-ана тәрбиесі маңызды рөл атқаратынын сөз етті.

Әсіресе, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдердің жаңалықты қабылдағыш келетінін жеткізген жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар, Атырау қаласында №34 көпсалалы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Қалиева бала тәрбиесіне ортаның көп әсері болатынын айтты.

«Бала бір адамға қарап бой түзеп, соның жүріс-тұрысына, өз-өзін ұстау мәнеріне еліктейді. Бүгінде оқушылар ғаламтор, әлеуметтік желілерге көп уақыт бөлетін-діктен, ондағы танымал адам-дарға ұқсағысы келіп, солардан үлгі алады. Еліктеме демейміз, бірақ, адамның барлығы бірдей емес. Өмірлік ұстанымдары да әртүрлі. Сондықтан, балаларға ақ пен қараны ажырата білуді, жаңалықтың бәрін қабылдап, көрінген затқа беталды қызықпау керектігін үнемі ескертіп отырамыз», — дейді ол.

P.S. Қазақстанға кеше жеткен қара пиардың бұл түрін, бүгін әркім өзінше кәдесіне жаратып әлек. Бірінің асығы алшысынан түссе, «хайп» жасап, майып болып жатқандары да жоқ емес. Арзан жарнама және тезірек танылудың амал-айласын тұтыну жұлдыздар арасында үйреншікті үрдіске айнал-ғандай. Тек біз бұдан жастарымыз үлгі алмаса екен дейміз. Себебі, жоғарыда айтқан ескексіз қайықтың қайда барып соғылары белгісіз…

Мәлике МӘЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button