Арыстық балалар – Атырауда (+ФОТО)
Atr.kz/17 шілде, 2019 жыл. Түркістан облысы Арыс қаласының мектеп оқушылары Атырау қаласы маңындағы «Тұлпар» лагерінде демалуда. Оларды өткен жексенбіде теміржол вокзалынан облыстық білім беру басқармасының өкілдері салтанатты жағдайда күтіп алды. Балаларға балмұздақ ұсынылып, концерттік бағдарлама да көрсетілді.
Аталған басқарманың бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиеваның айтуынша, облыс әкімдігінің қолдауымен негізінен «Тұлпарда» арыстық 100 баланы қамту жоспарланған. Бүгінде алғашқы топта 50 бүлдіршін ат басын тіреді. Қалғаны шілде айының аяғында келеді.
– Арыста орын алған сынақты ел болып көтеріп, жұмыла көмектесудің арқасында бүгінде қалаға қайта жан бітуде. Тұрғындар үйлеріне жайғасып алғанша олардың балалары «Тұлпар» лагерінде демалады. Бүлдіршіндер ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтылады. Олар үшін түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар жоспары жасақталды.
Үрейленген балалардың қиындықты ұмытып, балауса балғын кездерін көңілді, әрі уайымсыз өткізу мақсатында қолға алынған бұл демалыс кезінде арыстықтар көне Сарайшық қаласына сапарлайды. Жайық өзенінде кемемен саяхаттап, мәдени демалыс орындарын аралайды. Шаһардың көрікті жерлерімен танысады. Оларға есте қаларлықтай демалыс сыйлауда барлық жағдай жасалуда, — дейді Алмагүл Бахқызы.
Теміржол вокзалынан атыраулықтар күтіп алғаннан бастап аса қонақжайлылық көрген арыстықтардың қуанышында шек жоқ. Мәз-мейрам күйге бөленіп, көңілдері шаттыққа толып, «Тұлпарға» аттанды. Олар лагерде бір ай көңілді жазды өткізеді деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА