Арысқа Атыраудан гуманитарлық көмектің бірінші партиясы бүгіннен бастап жөнелтіледі
Atr.kz/25 маусым, 2019 жыл. Бұл туралы Atr.kz-ге «Нұр Отан» партиясы жанынан ашылған гуманитарлық көмек штабы хабарлады.
«Арыста орын алған төтенше жағдайдан кейін Атырау қаласының тұрғындары «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалына хабарласып, қол ұшын беруге әзір екендіктерін айтып жатты.
Енді бүгін таң сәресімен жергілікті тұрғындар гуманитарлық көмекті әкелуде. Бұл жерде жекелеген азаматтар, еңбек ұжымдары да бар. Мәселен, бірінші болып көмек қолын созғандар арасында жергілікті денсаулық сақтау басқармасы, «НСК Атырау» компаниясы, Нәжімеденов атындағы орта мектеп, «Ембімұнайгаз», «Сазанқұрақ» ЖШС, облыстық психикалық денсаулық орталығы бар. Негізінен штабқа дәрі-дәрмек, төсеніштер, азық-түлік, балалардың киімдері, гигиеналық құралдар әкелінуде.
Біз жиналған көмекті күн сайын Түркістан облысына теміржол қатынасы арқылы жөнелтіп отыратын боламыз» деді Atr.kz-ге берген сұхбатында «Нұр Отан» партиясы жанынан ашылған гуманитарлық көмек штабының жетекшісі Данагүл Жайлаубаева.
Ерекше атап өтерлігі, штаб тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Бүгін гуманитарлық көмекпен бірге, Арысқа арнайы мамандар да аттанады. Олардың құрамында дәрігер, фельдшер және психологтар бар.
Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырауда Арысқа көмек штабы жұмыс істеп жатыр. Оған кез келген қала тұрғыны атсалыса алады. Осындай көмек көрсету пункті Индер ауданында да жұмысын бастады.
Штаб Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 79А, «Нұр Отан» партиясы ғимаратында орналасқан. #Бізбіргеміз#
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.