Жарнама
Жаңалықтар

«ҒАРЫШ ДҮНИЕТАНЫМЫМДЫ ӨЗГЕРТТІ»

Студент жастардың Айдын Айымбетовпен кездесуі Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау  мемлекеттік университетінің конгресс-холында өтті. Ол ғарышкер туралы бейнекөрсетілімді тамашалаудан басталды.

— Бүгін – университеттің өміріндегі айтулы күн. Өйткені, жоғары оқу орнының ұжымы жуырда ғарыштан оралған отандасымыз, әлемнің 545-ші ғарышкерімен жүздесуге мүмкіндік алып отыр.

Адам адам болып жаралғалы аспанға қарап ойланып, соған баруға ұмтылып келді. Күннің шығуы мен батуы, көктегі моншақтай шашылған жұлдыздар, жерге жарығын түсірген ай, оның құпиясы, ерекшелігі адамзатты үнемі қызықтырады. Сол арманға адамзат осыдан 55 жыл бұрын қол жеткізді. Ашық кеңістікке бағыт алған әуе кемесі өзіміздің Байқоңырдан ұшырылды. Ендеше, ғарыш пен қазақтың кіндігі мәңгілік байланған деуге болады, — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

ҒарышкерАйдын Айымбетовтің өмірбаяны жұртшылыққа жақсы таныс. Мектепті алтын медальмен бітіріп, Армавирдегі жоғары әскери авиациялық училищені «ұшқыш-истребитель» мамандығы бойынша тәмамдаған. Атырау жеріндегі алғашқы кездесудің басты ерекшелігі, мұнда ел естімеген әңгімелер, ғарышқа ұшуға дайындық кезіндегі қызықты сәттер көбірек айтылды.

— Ғарыш кемесі әуеге өте жоғары жылдамдықпен ұшады. Оның көрсеткіші секундына 8 шақырымды құрайды, ал, сағатына 24 мың шақырымға тең. Мен ғарышта барлығы 9 тәулік, 20 сағат, 13 минут, 51 секунд уақыт болдым, — деді Айдын Ақанұлы.

«Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің бортинженері ретінде Халықаралық ғарыш стансасында болған ғарышкердің баяндауынша, кеңістікке бет алған зымыран 5-6 сағат бойы ұшады. Осы уақыт аралығы ғарышкерге үлкен салмақ түсіреді. Бос кеңістік те адамның мүмкіндігін ерекше сынға салады. Оның барысында ағза біраз қан жоғалтатыны белгілі болып отыр. Ғарышкерлердің әуеден келген бойда сауықтыру кезеңінен өтуіне осы жағдай себепші.

— Ағзадағы өзгерістер ғарышкерді өзгеше күйге түсіреді, ол бірден ғарыш жағдайына үйреніп кете алмайды. Негізгі фактор – адам ағзасындағы қанның сәйкессіздігі мен қайта реттелуі. Қан дененің төменгі бөлігінен, аяқтан, басқа қарай айналады. Яғни, барлық жұмсақ тіндер ісініп кетеді. Тамақтағы бұлшық еттерге дейін ісініп, ішкі қан қысымы күшейеді. Бұл өзі, мәселен, екі аяқты жоғары көтеріп, басты жерге қойып, біраз уақыт тұрған секілді көрініс қой. Сонда адам есінен танатындай жағдайға жетеді. Бос кеңістікке шыққан ғарышкер тап осындай күйді кешеді. Осындай күйде біз сынақ жұмыстарын жүргіздік, — деді А.Айымбетов.

Мәртебелі мейман ғарыштағы тамақтану туралы да айтты. Оның баяндауынша, адам иммунитетін көтеріп, жұмыс қабілетін арттыратын және шаршағанын басатын құрғақ сүт, нәрлі саңырауқұлақтар қоспасы – ғарышкерлердің ас мәзіріндегі басты тағамы. Сонымен қоса, адамға күш-қуат беретін басқа тамақтар бар. Әлемде аты мәлім швейцариялық ірімшік – соның бірі. Оны қасындағы ғарышкерлер өздерімен бірге алып барыпты. Алайда, олардың қазақтың ірімшігі мен құртына, сүзбесіне ауыздары тигеннен соң талғамдары өзгеріп кетіпті. «Америкалық, еуропалық ғарышкерлер қазақша «Курт бар ма?» деп жиі-жиі сұрайтын болды. Олар мұндай дүниені өмірі ауыздарына салып көрмеген екен. Расыменен, ұлтымыздың тағамдары құнарлылығы, дәмділігі жөнінен өзге мемлекеттердің өнімінен кем емес, керісінше, артық екеніне осы жолы көзім анық жетті» дейді Айдын Ақанұлы.

Студент жастарды ғарышкердің әуе кемесіндегі атмосфера турасында айтқан әңгімесі де ерекше қызықтырды. Аталған нысандағы ауа техникалық екендігі белгілі.

 — Ғарыш стансасына енгеніңде, бәзбір техникалық цехқа кіргендей әсерде боласың. Майдың иісі шығады. Алайда, осынау керемет дүниені жасаған адам баласының мүмкіндігіне де еріксіз сүйсінгендейсің. Халықта сөз бар ғой, «барды жоғалтқаннан соң  қадірін білесің» деп. Сол айтылғандай, уақыты келіп, аппаратымыз жерге қонғанында кең даламның жұпар иісі ерекше, бөлек екенін терең сезіндім.  Терең дем алғаннан соң, тынысым кең ашылып кетті, — дейді ғарышкер.

Ғарышқа сапар Айдын Ақанұлының көзқарасын, дүниетанымын түбегейлі өзгертіпті. Мұндай жағдай тарихта өзге әріптестерінде де кездескен. Мысалы, Айдың бетін алғаш басқан америкалық ғарышкер Нил Армстронг бос кеңістікте өзгеше сарын естіпті. Араға сегіз жыл салып, дәл сол әуенді Египетке келгенінде естігенінде таң-тамаша қалған. Ол оны сұрастырып, таңғы азан екенін білгеннен кейін, кідірместен мұсылмандықты қабылдаған көрінеді.

— Бұл мысалды келтіруім бекер емес. Шыныменен, Жер планетасына  сырттай көз сала отырып, бүкіл санаң өзгеріске түсіп жатқанын байқайсың. Адам баласы жұдырықтай жердің көрінбес бір бөлшегі ғой. Иллюминатор арқылы орбитадан жерге қарағанда, ешқандай шекара байқалмайды. Халықаралық экипажда бес елдің атынан келген 9 адам жұмыс істедік. Олардың өскен ортасы, тәрбиесі әртүрлі. Ғарышкерлердің өз мінезі, қалыптасқан өз тәртібі бар, бірақ бәріміз бір атаның баласы секілді өте тату болдық. Бірге жұмыс істеп, бір дастархан басында отырып тамақтандық. Болашақта Жер шарының әр ұлты осындай достықты түсініп, бағаласа екен деймін, -деді Айдын Айымбетов.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button