Жарнама
Жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық ескерткіштерін зерттеуді қолға алатын болды

Сарайшық ескерткіштерін ғылыми зерттеу жалғасын тауып, қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

20180223100605

 

«Достарым, сіздерді Сарайшық қаласының орнын сақтау және мұражайға айналдыру жұмыстары барысымен таныстырғым келіп отыр. Естеріңізге сала кетсем, қазіргі Атырау қаласынан 50 км қашықтықта, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан теңдесі жоқ көне қорық-мұражайды сақтау шараларын белсенді түрде қолға алғанбыз. Зерттеу және жүргізілетін жұмыс нысаны — өзен суы шайып жатқан қаланың мәдени қабаттары орналасқан Жайық өзенінің жағалауы» делінген хабарламада.

Министр келтірген мәліметке жүгінсек, жобалық-сметалық құжаттар 2015 жылы жасалып, одан кейінгі жылдары №3 археологиялық қазбаны сақтап қою және №5 қазбаның үстіне қалқан құру жұмыстары жүргізілген.

Ал 2016 жылдың аяғында мұнда қаланың мәдени қабаттары бар жағалауды су тасқынынан қорғау мақсатында дамба салу жұмыстары басталған.

«2017 жылы Жайық өзенінің жағалары бекітіліп, Атырау облысында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау аймағы айқындалды, тарихи-мәдени мұра нысандарын іздестіру үшін дала экспедициялары ұйымдастырылды, Сарайшық қаласының айналасын қоршау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Сарайшық қаласындағы жұмыстар Атырау облысы әкімдігі бөлген қаржыға және облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастауымен жүргізілуде», — деп жазады Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, министр жұмысты орындаушылар ретінде Ресей федерациясынан, Астана, Алматы, Орал қалаларынан ғалымдар мен мамандар шақырылғанын атап өткен.

«Сарайшық ескерткіштерін ғылыми және қайта жаңғырту жұмыстары жалғаса береді, бұл — ашық аспан астында мұражай жасауға мүмкіндік туғызады. Биыл №5 қазбада сақтап қою жұмыстарын орындап, маңайын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар бізге жеткен ескерткіштің тарихи бейнесін барынша сақтап қалуға бағытталған. Болашақта Сарайшық қазақстандық мемлекеттік және халықаралық туристік маршруттар жүйесіне қосылып, дамып келе жатқан туристік инфрақұрылымының ерекше торабы болатыны сөзсіз» деп жазылған хабарламада.

Хорлан Смадияр

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button