Қарулы күштер ардагерлері жас сарбаздармен кездесті (ФОТО)
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында облысымызда қарулы күштер ардагерлерінен құралған лекторлық топ құрылған болатын. Тұңғыш Президент күніне орай бұрынғы әскерилер жергілікті жеке құраммен, әскери техникалық мектептің курсанттары және болашақ сарбаздармен кездесті.
«Жас, тәуелсіз еліміз сан қилы жағдайлардан, әлемді теңселткен дағдарыстардан абыроймен өтті. Халықтың жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Әскери салаға да айрықша маңыз беріліп отыр. Қазір Қазақстанның Қарулы күштері аймақтағы белді күштің бірі саналады. Ол заманның озық технологиясымен жарақталған, жоғары талапқа жауап беретін әскери техникалармен, қару-жарақ, атыс құралдары, тағы басқа керек-жарақтармен толық жабдықталуда. Әскеріміз бүгінде мемлекет тыныштығының кепілі»,-дейді Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Марат Измағамбетов.
Жау жағадан алған кезде аталарымыз абыроймен Отан қорғады. Ел аман, жұрт тыныш уақыттың өзінде қызметтерін кіршіксіз атқарды. «Бүгінде әскери қызметтерін атқарып жүрген жастар немесе болашақ жауынгерлер алдыңғы буын ағаларының ерлік дәстүрін жалғастырса, абыройларына дақ түсірмей, міндеттерін адал атқарса екен деп тілейміз. Бүгінгі аспанымыздың ашық болуы – Мемлекет басшысының саясатының нәтижесі. Біз басымыздағы осы бақты сезінгеніміз, түсінгеніміз абзал»,- дейді еліміздің Қарулы күштері ардагерлерінің облыстық филиалының төрағасы Ахмедияр Нұғманов.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ