Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ару ақын асулары

Айтыскер Жәниба Қарасаева туралы толғаныс

Атырау – ақындар елі. Ықылым заманнан берісі  бар, кешегісі мен бүгінгісі бар, өлеңнен өрім өргендер, шүкір, бұл өңірде баршылық. Сол жыр әлемімен етене жақындасқандардың санатында айтыскер, жазбагер ақын Жәниба Қарасаева айрықша аталады. Бастан-аяқ ежелемей-ақ, оның үш ерлігін зерделесек те жетіп артылады.

Ару ақын асулары

Тәуекел түбі –  желқайық

Жәнибаның қаршадайында  басталған өлең-жырға деген алып-ұшпа әуестігі мектеп табалдырығын аттағаннан кейін шынайы іңкәрлікке ұласып кетті. Қанында бар қасиет байыз таптырмай жүректен сыртқа булыға жарып шығып, ақ қағаз бетіне төгілді. Оның ақындыққа бейімдігін өзімен қоса өзгелер де байқады.

Бойды кернеген шабыт Жәнибаны жатқызбады. Өз ауылының намысын жыртатын ақын керек болғанда Қарасайдың қаршыға тектес қызы суырылып шықты. «Бақсай» кеңшарының атынан «Новобогаттың» арын арлап топқа түскен Сүндетқали Аманғалиевке қарсы тұрды. Ол болса, облыс баспасөзінің беттерінде көрініп жүрген тәжірибелі әккінің өзі. Бірақ, Жәниба ысқаяқ ақыннан тайсалмады. Арқалы сөз сүлейі Хамит шыққан ауылдан, ең болмаса, бір айтыскер шықпай, жалданған ақын екендігін бетіне басып, Сүндетқалидің адымын аштырмады. Кейін екеуі аудандық «Нарын таңы» газетінің беттерінде айтыс-хат жазысып, тағы сілкілесті. Мұның бәрі түптеп келгенде, Жәнибаға қанат бітірді. Ілгері талпынтып, өрге қарай ұмтылдырды, өріс ашты.

Нар тәуекел – Жәнибаның басты ұстанымы. Республикалық айтыс өтеді деген дүбір шығып, әр тараптан ақындар шақырғанда Атырау өңірінің былқ етпеуі Жәнибаның намысын қоздырды. Ол қалайда баруға бекінді. Бірақ, ауданнан да, облыстан да жарытулы көмек бола қоймады. Қайткені жөн? Мұндайда шын ақынның, арқалы ақынның делебесі қозбай тұрар ма, сірә?! Жәниба нар тәуекелдің жел қайығына мінді. Ауылынан облыс орталығына жетер жөні түзу көлік те табыла қоймай,  кеңшардың сырқылдаған су тасушы машинасына (водовозға) аяғы ілігіп, барар жеріне әрең жетті. Әрі қарай Құдай қолдады.

Ару астана Алматының төрінде өткен кілең мықтылар бас қосқан сайыста Жәниба Солтүстік Қазақстан облысының ақыны Кеңес Тынымбаевпен сөз жарыстырды. Айтыскерлігімен қоса мамандығы бойынша айтулы актер жігіт. Әрине, бұрын мынадай бүкіл ел көлеміндегі үлкен шаршы топқа түсіп көрмеген қызға бірден көсіле шабу қайдан оңай болсын? Жұдырықтай жүрек атша тулайды, мықты қобалжулы. Аяқ, қол дір-дір етеді. Кең залда кім отыр, олар сөзін қалай қабылдап жатыр? Онда шаруасы шамалы. Көзі ол жаққа түсер түрі жоқ. Бар ынта-ықыласы алдындағы қарсыласының аузынан шыққан жыр шумақтарында. Сөзінің төркіні қалай алып барады? Нендей жауап беру керек?  Алғашқы кезекте оны «шалдау» жігіт деп бір түйреп алды, «маған қарсы сені жіберіп, менімен айтысудан қашқақтаған Бүркітіңе өкпелімін» деп тағы қағытты. Әзіліне әзілмен жауап қайтарды. Осыдан кейінгі кезектерде өз-өзіне келіп, бойын тіктеп, өз мәнерінен жаңылмады.

Теледидарға телміріп, Жәнибаның айтысын тамашалаған гурьевтіктер сөз сайысы аяқталған бойда делебелері қозып, бір-біріне телефон шалып, құптау, қолпаштауларын осылайша жеткізіп, бірін-бірі құттықтап, бір-бірінен сүйінші сұрасып, шат-шадыман күй кешіп жатты.

Келесі бір айтыста Жәниба атақты Манап ақынның ұлы Әбдікәріммен жұптасты. Көргені көп, сұңғыла шешен. Талай айтыстың төрінде отырған сайыпқыран. Бидай өңді, бүйрек бетті, қасы керілген, көзі мөлдіреген Жәнибаға паң күліп, ішіп-жеп қарағанда едірейген мысық мұрты жыбырлап кеткен. Ер мінезді ару одан тайсақтап, қыңа қойған жоқ. Айбарына өз айбынын қарсы ұсынды.

Армысың, Алматыдай жұмақ жерім,

Иілдім Алатауға сұлу керім.

Жайықта жеке жүзген аққу едім,

Өнерге өр өзендей киелі едім, — деп Әбдікәрімге оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екенін ескертіп алып барып тиісті. Жәниба, шын мәнінде де, жеке жүзген аққу еді. Атыраудан айтысқа баратын ақын табылмағанда әйел  басымен, төрт баланың анасы бола тұра белсеніп шығып, нар тәуекелге басып, «Алматы, қайдасың?» деп тартып тұрған жүректінің өзі емес пе еді?!

Манапты ақ иыққа теңгеріп ем,

Ұқсастық таппай тұрмын өңдеріңнен.

«Манаптың баласы осы болар-ау» деп,

Келгелі Есенқұлға шай беріп ем, — деп Жәниба әзілмен қағытқанда, Әбдікәрім еріксіз езу тартып, қолын желкесіне жүгіртті. Әдетте қыз бен жігіт арасындағы сөз қағыс әрі кетсе қысқа-қысқа үш іліп-қақпадан аспайтын. Бұл жолы әр қайтарымның өзі шарықтап сүре айтысқа ұқсап, ұзап кетті. Әдемі, әсерлі айтысты жүргізуші Жүрсін Ерманов та тоқтатпады. Екеуі бес қайтарымнан кейін барып, әрең ат басын тартты.

Ақынға жараспайды желөкпелік,

Сөйлейік сөзді ойдан он өткеріп.

Бір сөзге бір ғасырдың жүгін артып,

Есінен көпшіліктің тез кетпелік, — деуі Алматының Ленин сарайының аумағы ат шаптырым залына симай лық толған көрермендерді ұзақ уақыт бойы ду қол шапалақтатқан аса ұтымды шумақ болып мәңгі есте қалды.

Иә, суырыпсалма дарындылығымен дараланған Жәниба Қарасаева талай дүлдүлдермен иық теңестіре сөз қағыстырды. Қазақстанның халық ақыны, торғайлық Қонысбай Әбіловпен, оралдық Александр Қауеновпен айтысулары айта берсе жатқан бір-бір хикая. Қонысбайдың оралдық қызбен айтысып отырып оған қарата Жәниба деп жаңылысуы өзара әзіл-қалжыңның арқауына айналуы керемет қызық сәттер еді-ау, шіркін!

Айтыс Жәнибаны абырой, бедел биіктеріне көтерді. Республикалық суырыпсалма ақындар айтысының лауреаты, бірнеше рет дипломанты  атанды. Бүкілодақтық теледидардан өткізілген ақындар айтысының конкурсында КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің, кейіннен ВЦСПС-тің медальдарымен марапатталды. Оған «Атырау облысының №1 айтыс ақыны» атағы берілді.

Шандоз шабыт шырайы

Қол байлау болып қу тірлік,

Аштырмай қойды-ау адымым.

Арманы көп-ау ақынның,

Жеткізбей кетсе не қылдым.

Бұл – Жәнибаның жүрегін бүлкілдетіп, жарып шыққан тебіреніс. Шындығында да, оның арманы асқар таудай асқақ, алдына қойған мақсаты қыр жолдарының тарамдарындай сан-салалы. Суырыпсалма ақын ретінде сүре, түре, қайым, қыз бен жігіт айтыстарының қай-қайсысының да керегесін кеңінен жайып, түтінін түзу ұшырып, әйгі болуымен қатар, жазба поэзияның көшінен де қалмаған шайыр. Өзі айтқанындай, оған қолбайлау болатын жәйттер аз емес еді. Ең бастысы, ол – Ана. Құдай қосқан қосағы Амангелді Бержанов екеуі Нұрлан, Аян, Айдар, Самал есімді үш ұл мен бір қызды дүниеге әкелді.

Жеткізіп төрт баламды ұшырамын,

Төрт бөліп жүрегімді ұсынамын.

Өтелмей ел қарызы қала ма деп,

Бейуақыт еске түссе қысыламын, — деп жүрегін түрткілеген ақиқатты көкей көзімен түйіп, жыр жолдары арқылы ақтарды. Енді қайтсін-ау, жұбайы болса инженер-электрик, «Бақсай» кеңшарының бар шаруасы оның мамандығының көмегінсіз бүйірі орта соғып жататындай, ертелі-кеш «жұмыс, жұмыс» деп жүгіреді де жүреді. Мұндайда үй-жайға жіті қарамадың деп кінәлаудың өзі артық. Оның үстіне 95 жас жасаған енесі Дәмештің қасы мен қабағына қарау да негізгі міндеті. Әр жылдар белесінде Таңдай ауылындағы орта мектептің мұғалімі, интернат меңгерушісі, кеңшардың кадрлармен жұмыс жөніндегі инспекторы тәрізді қастерлі қызметтердің тұтқасын ұстады.

Ғұмыр-бәйге өмірдің төсіндегі,

Сезім-тұлпар бабымен көсілмеді.

Бір шөлімді қандырмай қаталаттың,

Ақын еттің, Тәңірім несін мені? — деп кез келген адамның аузына түсе қоймас, кез келгеннің түйсігі жете бермес пайымға жүгіне отырып, өмірлік мақсатының темірқазығынан маңдай аудармады. Ол әуелі қаламынан «Сүтақы», «Жүректің пернелері» атты қос жинақты туындатты. Туған жер, ана туралы шағын өлеңдерден бастау алған жырлар шоғыры бірте-бірте тереңіне тарта береді. «Далам менің» деген өлеңіндегі:

Сұраса біреу менің аңсарымды,

Сүйем деп айтар едім таң сәріңді.

Ақ ұйық, ақша құмың – аппақ ару,

Шомылып таң шапаққа тамсандырды, — деп көмкеруі – ақындық шеберліктің, тапқырлықтың, өскен ортаға деген іңкәр сезімнің көрінісі. Ел хақында емірене толғанумен қатар, ой тастар сыни пікірлерді де өлең тілімен алдымызға тартады.

Алғашқы жыр-жинағы «Сүтақыдан» кейінгі «Жүректің пернелері», «Ана сағынышы», «Өмір тіні» кітаптарында да сол үрдіс жалғаса берді.

Бір ғажабы, Жәниба – ақындықпен шектеліп қалған жоқ, прозалық, публицистикалық шығармалар жазуға да ден қойған қаламгер. «Елге оралу» атты деректі хикаясында қазақтың біртуар күйші, композиторы Қаршыға Ахмедияровтың Қытай елінде аса қиын жағдайда емделіп, ота жасатқаннан кейін елге аман-есен оралуын нанымды дәйектермен, шиеленісті шегіністер, толғақты ойлар, тапқыр түйіндер арқылы шынайы жеткізген. Ал, «Өмір тіні» хикаяты қилы тағдырлар тартысына толы. Толғанбай, толқымай оқу мүмкін емес.

Осылайша, поэзияның да, прозаның да, публицистиканың да көріктерін қатар қыздырып, қызыл жалынында шығармашылық шеберлігін құрыштай шымырлатып, қайнатып сомдаған атыраулық ару Жәниба Қарасаева республикалық деңгейдегі қоғамдық ұйымдардың тарапынан қолдауға ие болды. Оның Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшеліктеріне қатар қабылдануы – қаламгерлік қарымын  мойындағандықтың айқын нышаны. Сонымен қатар, Жәнибаны Халықаралық Жазушылар Одағы да өз қатарына тартты. Атырауда сайыскерлерді бағалайтын тұрақты қазылар құрамы бар. Соның бір мүшесі де –  Жәниба. Айтыс болатынынан құлақтанса болды, жасының жетпіске жеткеніне қарамастан тартынып жатпай сонау Таңдайдан құстай ұшып, облыс орталығына жетеді.

Азулымен айқас

Республикалық «Жас Алаш» газетінің 1999 жылғы қыркүйектің 4-індегі санында Мұхтар Мағауиннің «Ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы» атты мақаласы жарияланғалы жұмсақ мінезді, жұқалаң Жәнибадан маза кетті. Қабағын  қабыландай қарыс түйіп алды. Түнде ұйқысы қашты, күндіз күлкісінен жаңылды. «Не дейді, қарғам-ау» деп газетке қайта-қайта үңіледі. Оқыған сайын өзегін өртер жаңа сөйлемнің құпиясын ашады. Сұмдық!

Мақалада Мұхтар «Азат әлемде отбасы – шартты, ойнас – қалыпты іс болса, еркекті қатын қылу, әйелді бай қылу сөлекет саналмаса, неге бізде тағы бір әйел алу тағылық деп бағалануға тиіс» деп ұятты ысырып тастап, тіке көсілте сөз қозғай келіп, әрі қарай «…бір еркектің екі әйел алуы немесе екі әйелдің бір еркекке шығуы неге заңнан тыс қылмыс…» деп өзінше сауал тастайды. «Сауал ғана емес бұл, осы ойды тұздықтай отырып, жұртты соңына еріткісі келеді емес пе?». Жәниба қатты күйінді. «Онымен де қоймай, қазақ әйеліне күйе жағуын қараңыздаршы. Не дейтінін бірлесіп оқиық-тағы»: «Бір кездерде ошақтың құты болған, өзін періште сезініп, еркекті пір тұтқан қазақ әйелі кәпір қауымының жарамсыз мінез, ғұрыптарын жұғыстырып ғана қойған жоқ, олардан он есе асып түсті. Қазір жер әлемде еркегін сыйламайтын ұрғашы болса, ол – қазақ әйелі» деп ұлтымыздың барша қыз-келіншектеріне бірдей, барша орамал тартқандарына бірдей баттастыра күйе жағыпты. Өзінше адамсып, өзінше өзекті мәселе көтерген күй танытыпты-ау. Айтқандары ақылға қонар, адам шыдар пікір ме? Жәниба байыз тауып, бір орында отыра алмады. «Көп болса азуын айға білер, оған қарсы мақала жазбай болмайды» деген тоқтам жасады. Қолға ақ қағаз бен қалам алды.

Жәниба мақала иесін бірден ғайбаттауға құрмады. Ауыл әйелінің бүгінгі жай-күйін, ахуалын, көрген күндерін, ерлерге сенбегендіктен ала қапшық арқалап жүргендерін нақты  мысалдармен,  дәйекті  деректермен қағазға түсіре отырып,  ондай  жағдайлардың  не  себепті орын алып келе жатқандығын түсінікті тілмен жаза береді. Содан кейін барып, өздерін білдірмей әжуалап отырған Мұхтар ағасына өз уәжін айтады: «Ағасы, қанша әйел алсаңыз да бағыңыз жансын, бақытты бола беріңіз! Тек сол ойыңызды Сіздей жеті толғап, бір шешетін, ұлағатты ойы бар еркектер жетілгенше уағыздауды, заңдастыруды қоя тұрсаңыз екен, сонда көптеген әйелдің сауабына қаласыз» деп бір жазып алады да, әрмен қарай «Ой-өрісі өз қанағатынан аспайтын өзіңіз айтқан «жалтақ, шыжалақ еркектер», «заңды орындап жүрмін» деп гүлге қонған арадай, әр жерге шаңырақ орната беруі мүмкін, бірақ, ол шаңырақтарды, ондағы пайда болған сәбилерді сондағы әйел-аналар асырап, сақтап, Тәңірге жазары сөзсіз» деп тағы қайырады.

Айтары көп-ақ. «Әй, бәрі бірдей газет бетіне түспей қалар ма екен. Нар тәуекел, жазарымды жазайын». Тас-түйін бекініп алған Жәниба жазбасқа болмайтын мына сөйлемдерді қағазға түсірді: «Еккен егініңізге күн қызуы, түрлі жағдайы жасалмаса, жерінің сорға айналарын білмеген егіншідей, бала табатын анаға еркектің ұрығынан басқа да нәрсе керек екенін, ерлер, неге ескермейсіздер… Бүкіл әлем алдында қазақ әйеліне «еркегін сыйламайтын ұрғашы» деп айдар тағасыз да, бізден жеңгейді бөліп алғыңыз келеді. Жоқ, аға, ол кісі де бізбен бірге, ал, сыйланбайтын еркектер ішінде Сіз де барсыз». Жөн-ақ. Осылай турасын айтқан Жәнибаның жүрегі тыншып, бойы жеңілдеп қалды. Басқа да батыра айтқан сөздері, Құдайға шүкір, баршылық. Тұжырымдары мен көзқарастары да, ой-түйіндері мен пікірлері де қағыс қалмай қаламға ілікті.

Жазғанын қайта бір-екі оқып шығып, тақырыбына тағы назар аударды. «Сол еркектің ішінде Сіз де барсыз». Мақала мәтінін айқындап тұр. Тақырып астына «Мұхтар Мағауинге хат» дегенді айқындап жазып, басылып біткеннен кейін Жәниба мақаласын редакцияға жолдауға асықты. Далаға шықса,  күздің қоңыр желі есіп тұр. Үй іргесіндегі тал, теректердің жапырақтары сарғая бастаған. Қаз бауыр бұлттар терістіктен күнгейге қарай жөңкіліп барады. Бөлме ішінде сарсыла көп отырып қалған ол мөлдір ауаны құшырлана жұтты.

Күн сайын пошта есігін тоздырған Жәнибаға қазан айының аяғына таман газеттен бұрын әуелі телефонмен құттықтау жетті. Мақаласы көлемді болып «Жас Алаш» газетінің қазанның 22-сіндегі нөміріне шығыпты. Газетті оқығанда, төбесі көкке жеткендей болды. «Жариялай қоймас», «Қысқартып тастар» деген күдігі бекер екен.

Бұл Жәнибаның азулымен айқасудан қыңбаған, бүкіл қазақ қауымы тәнті болған тағы бір төтен ерлігі еді. Оны ел де, жас та, жасамыс та қапысыз мойындап, хат жолдап, баспасөзде талқылап, пікірталас көрігіне айналдырды. Ұлтымыздың ұлағатты тұлғасы, сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің мақалаға орай Жәниба Қарасайқызына ризашылық хатын және қолтаңбасы жазылған өз кітабын ұсынуы, «Жас Алаш» газеті редакциясының оны «Сол еркектің ішінде Сіз де барсыз» деген мақаласы үшін 1999 жылдың ең үздік авторы деп тануы – шынайы мойындағандық.

Сөз соңы

Үш ерлігі Жәнибаның абыройын асқақтатты. Оның өзге де ерліктері жоқ емес деседі. Дәрігерлер дауасы жоқ деген сырқатын туған жердің ауасы мен емдік шөптері арқылы емдеп, өз күш-жігерінің мықтылығы, өмірден күдерін үзбей шығармашылықпен толассыз айналысуы арқасында жеңіп шығуы ерліктің бір парасы емес пе?! Сонау оңтүстік өңірден Қазақстанның халық ақыны, айтыскер Әселхан Қалыбекованың оны Таңдайдағы ауылына іздеп келіп, қонақ болуы бедел биігін аңғартады. Жыл басынан бері Жәниба Қарасаеваның 70 жасқа толған мерейтойы Атырау өңірінде бірнеше ұжымда салтанатты жағдайда аталып өтіп жатыр.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен басқосуда Жәнибаның өзі сан түрлі сауалдарға жауап қайтара келіп, тыңдармандардың өтінуіне орай сазы да, сөзі де өзінікі  «Жастық өтіп барады» деген әнін әдемі әуенмен, нақышына келтіре орындады. Бұл – оның ондаған әнінің бірі. Демек, ол әуесқой композитор да. Жәниба ақын ретінде өзінің ізбасарларын тәрбиелей білген ұстаз да. Осы жолы Асқар Рақымжан, Ұлмекен Шәукенова, Мейірім Исламғали тәрізді шәкірттері ақтарыла сөйлеп, Жәниба апайларының Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы қызметінде жүргенінде бастау алған жас ақындар мектебінде тәлім алғандарын айтты және өз өлеңдерін оқыды. Атырау мемлекеттік мұнай және газ университетіндегі кездесуде Жәнибаға университеттің Құрметті профессоры мәртебелі атағы берілуі де – оның танымалдылығының тағы бір көрінісі. Халық өзі бағалағандай, ол – жұлдызы жоғары Жәниба. Елдің бағасынан артық абырой-атақ болар ма?! Бақыт дегеніміз, міне, осы!

Төлеген  ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button