Қарттар қуанған күн
Елімізде жыл сайын 1-қазан – Халықаралық қарттар күні ретінде дәстүрлі түрде аталып өтіп келеді. Бұл күні әр аймақта аға буын өкілдеріне құрмет көрсету мақсатында ауқымды шаралар атқарылады.
Облыстық қарттар интернат-үйінде де мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылып, ұжымды Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов құттықтады.
Бүгінгі таңда бұл әлеуметтік мекемеде 102 адам мекен етуде. Олардың барлығы бірдей жалғызбасты емес. Кейібірінің ұрпағы, ағайын-туыстары бар. Бірақ, өкінішке орай, олар қартайған шағында интернатты паналауға мәжбүр. Сондықтан, мемлекет оларды өз қамқорлығына алып отыр. Мұнда қарттарға барлық жағдай жасалған.
Шаһар басшысы Серік Шапкенов интернат тұрғындарымен емін-еркін сөйлесіп, жағдайларын сұрасып, мерекеге орай сыйлық ретінде кір жуғыш машинаны тарту етті.
Сондай-ақ, Атырау қалалық әкімдігі өкілдері ғасыр жасаған Қабира Күнжанбаева, Балибаш Садықова және Дания Мұсаеваның үйлерінде де болып, бағалы сыйлықтармен қуантты.
Қазанның алғашқы күнінен басталған Қамқорлық айлығы аясында «Ақбота» балалар үйінің тәрбиеленушілері де назардан тыс қалмай, оларға велосипедтер сыйға берілді. Жүздерінен қуаныш лебі сезілген балақайлар концерттік бағдарлама ұсынды.
Өз тілшіміз.