Қарттарға – құрмет
«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында ардагерлерге мекен-жайы бойынша көшпелі медициналық қабылдау ұйымдастырылды.
Алдымен, Атырау қалалық №1 емхана дәрігерлерімен бірге облыстық мәслихат депутаты Айбек Ғабдуллин мен өзге де «нұротандықтар» Ұлы Отан соғысы ардагері Александр Смысловтың шаңырағында болды.
Тоқсан үш жастағы қария соңғы уақытта аяғының ауырып жүргенін айтады. Сонымен қатар, қан қысымы жоғарылап, жүрегі де мазалайды. «Төрт ай болды үйден шықпаймын. Жүріп-тұруым қиындап барады, аяғымды емдетудемін. Себебі, мәңгілік алауға тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюға қатысуым керек» дейді ол.
Украина жерінде болған шайқаста жарақаттанған майдангер үнемі халықтық ем-домды пайдаланады. Учаскелік дәрігері Гүлнәр Суханбердиеваның айтуынша, қария кешеге дейін емханаға аяқтай келіп, дәрігер көмегін алып жүрген. Жұбайының қазасы ауыр тиіп, соңғы уақытта үйден емделуге мәжбүр. Уқалап-сипау (массаж) қызметі де көрсетіледі екен. Шипажайларда демалудан бас тартқан көрінеді. Облыстық мәслихат депутаты Айбек Серікұлы қарттың шағымын сұрады. Ардагер учаскелік дәрігерлердің қызметіне көңілі толатынын жеткізді.
Бұдан соң аталған топ Ұлы Отан соғысының ардагері Бағыт Қуа-нышевтің шаңырағына ат басын тіреді. Біз барғанда қарттың қан қысымы 170-ке жеткен екен. Учаскелік терапевт Роза Нәсіпқалиева уақытында медициналық көмек көрсетілгенін айтады.
Бұл қарияның да жүрегі мазалайды, онымен қоса бөтекесіне салқын тиген екен. «Аптасына бір-екі рет келіп, денсаулығын тексеріп тұрамыз. Электрокардиографияға да үйден түсіреміз, арнайы кардиолог маман да бірге келеді» дейді дәрігер. Жылына екі рет 10 күн стационарлық ем алады. Байқағанымыздай, ардагердің жүріп-тұруы ширақ. Оның сырымен бөліскен Бағыт Қуанышев майлы тамақ жемейтінін және таза ауада көп жүретін-дігімен байланыстырды.
— Бүгінде еліміз тыныш, жұртымыз аман. Бірақ, бұл егемендік бізге оңайлықпен келмеді. Осы жолда қанша ерлеріміз құрбан болса, қаншасы елге жарымжан болып оралды. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Мәселен, қан майданда қаза тапқан жерлестеріміздің ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін аңыз. Тылда еңбек еткендердің де еңбегі өлшеусіз. «Көңіл көңілден су ішеді» деген, ескерусіз қалдырмай, іздеп келіп, көңілімді көтергендеріңізге алғысым шексіз, — деп, ақсақал елдің амандығын тілеп, бата берді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.