Армениядан әкелінген көлікті тіркеу төлемінің сомасы — 11 946 теңге
Аtr.kz/21 мамыр, 2020 жыл. Алматы полициясы Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеуге арналған сұрақтар бойынша Call Center құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінде тіркелу шарттары туралы барлық қажетті ақпаратты алуға арналған Call-орталығы жұмыс істейді: 8-747-080-01-56; 298-50-71. «Шұғыл желі» жұмыс кестесі: 9.00-ден 19.00-ге дейін.
«Біріншіден, Үкімет 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан әкелген автокөліктерді тіркеу туралы шешім қабылдады. Екіншіден, тіркеу 1 маусым мен 1 қыркүйегі аралығында жүргізіледі. Үшіншіден, тіркеуге сол жақтағы басқару элементтері бар автокөліктер жатады. Төртіншіден, үш төлеммен шектеу туралы шешім қабылданды: тіркеу жарнасы — 695 теңге, тіркеу куәлігі үшін төлем — 3 473 теңге және мемлекеттік тіркеу нөмірі үшін — 7 778 теңге. Төлемдердің жалпы сомасы 11 946 теңгені құрайды», — деп түсіндірді Алматы қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Сонымен қатар, спикер көлік құралдарын тіркеу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет екендігін айтып өтті: жеке басын куәландыратын құжат; мемлекеттік тіркеу алымының төленгені туралы құжаттар; Армения Республикасының уәкілетті органы шығарған көлік құралдарына арналған СРТС және МТНБ; автокөлік құралдарын тіркеуге ұсынылған, мемлекеттік немесе орыс тілдерінен басқа тілде жасалған құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдеріне аударылған және аударманың дәлдігі туралы нотариустың немесе осындай әрекеттерді жасауға уәкілеттік берілген басқа адамның қолтаңбасы болуы керек.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде уақтылы тіркелмеген, ЕАЭО әкелінетін автомобильдерге қатысты проблема туындағанын атап өткен еді. Бұл мәселені шешу үшін Президент Үкіметке Қазақстан азаматтарының ЕАЭО елдерінен 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелген көліктерін тіркетуді тапсырды.