Атыраулық ардагерлер Астананы аралады
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай атыраулық бір топ ардагерлер Елорданы аралап, тамашалап келді. Ел дамуына үлес қосқан ардагерлердің бұл сапарын Атырау облысы әкімдігі ұйымдастырды.
Қоғамда қазыналы қарттарға құрмет көрсету – қашан да кеңінен жайылған үрдіс. Облысымыздың көркеюіне үлес қосқан зейнеткерлер қалада танымдық экскурсия жасап, елордамыздың бүгінгі бейнесімен танысты.
Сапар барысында ауа райы өте тамаша, күн ашық болды. Саяхатқа қатысушылар елордамыздың оң жағалауынан сол жағалауына дейін, Астана қаласының басты символы – Бәйтерек монументін, Әзірет Сұлтан мешітін, «Астана опера» балет және опера театрын, «Атамекен» этно-мемориалдық кешенін, «Нұр-Әлем» сферасын, сондай-ақ, Астана күніне орай ашылған Атырау көпірін де көрді.
«Арайлы Астананың ең көрікті жерлерін араладық. Елордамыздағы өте әдемі салынған ғимараттарды көріп, риза болдық. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналған ару қала Астана бүгінде әлем тамсана да таңғала қарайтын үлкен орталыққа айналған», — дейді еңбек ардагері София Әлібаева.
Айтулы музыкант, үздік дирижер атанған Ғазиз Карабөпин ағамыз да бұл сапардан алған әсерімен бөлісті:
«Астанада 20 жылдың ішінде көптеген ғимараттар бой көтерген. Бұрын сол жақ жағалау деген болған жоқ еді. Енді жаңа құрылыстар салынып жатыр. Әсіресе ЭКСПО-ға байланысты Астанамыз қатты өзгерген. Елдің бас қаласының осындай дәрежеге жеткеніне біз өте қуаныштымыз», — дейді еңбек ардагері.
Осы шара барысында ардагерлерді Парламент сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров бастаған депутаттар қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. Кездесуде тәрбие, қоғам, жастар туралы мәселелер айтылды.
Елемес АБДОШЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:
«Көркіне көз тоймайды»
Әзірет Сұлтан мешіті – ең үлкен мешіттердің бірі. Ішіне кірген кезде қасиетті орын екені бірден байқалып тұр. Бұл ғимаратты жасау барысында қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтерін қолдана отырып, классикалық ислам үлгісінде салған. Ғибадатхана залдары, неке қию үшін арнайы бөлмелер, Құран оқуға арналған залдар бар екен. Сонымен бірге, келген адамдарды қабылдау, құрмет көрсетулерін көңілімізге ерекше жылы қабылдадық. Астананың жетістігіне қуаныштымыз. Бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойында осындай құрметке бөлендік. Елдің қуанышы, мақтанышына айналған қаланы көріп, көңіліміз толды. Әзірет Сұлтан мешітінде елордамыздың одан әрі өркендеуін, қанатын кеңге жаюын бір Алладан тіледік. Бүгінгі билік басында жүрген азаматтарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Нұр-Мұхаммед ЕСЕНӘЛІҰЛЫ, ҰОС мен Халық-аралық «Қазақ тілі» қоғамының ардагері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы:
Бәйтерек – ұлт мақтанышы
Астана төрінде асқақтап, күні бүгін елорданың ұлттық нышанына айналған Бәйтеректі 1997 жылы 97 метр биіктікке көтеріп, алып самұрықтың алтын жұмыртқасын ұлттық ұяға салған ғимаратымыз қазақ халқын әлемге танытып жатыр. Ең алдымен, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Бәйтерек шын мәнісінде күллі қазақ ұлтының ұраны ғой.
Елордамызға осындай саяхатқа бірінші рет шығуым. 90 жасқа келгенде шыққан сапарым мәнді де мағыналы болды. Көркейе бер, әсем қалам!
Дәмен АЛТАЕВА, еңбек ардагері, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі:
«География оқулығын оқып шыққандай БОЛДЫҚ…»
«Атамекен» этно-мемориалдық кешенін аралаған кезде өз еліміз үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Бұл кешенде еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларындағы көрікті құрылыстар мен тарихи орындардың шағын макеттері ашық аспан астындағы мұражайда қойылған екен. Сонымен қатар, әр жердің табиғат ерекшеліктері, өзен-сулар мен өсімдіктер әлемінен де толық ақпарат берілген. Осы жерді аралап жүріп, география оқулығын оқып шыққандай сезімде болдық. Бұл кешен жас ұрпақты өз елін сүюге, өздерін осы қасиетті мекеннің иесі ретінде сезінуге, еліміздің мәдени және рухани байлықтарын қадірлеуге үйретеді деп ойлаймын.
Гүлдана ЖАМБОЗОВА