Жарнама
Білім

Арман – биік шыңдарға жетелейді

Жақында С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің бір топ жасы еліміздегі «үздік 100 студенттің» қатарына енді. Біз биылғы оқу жылының соңында олармен тілдесіп үлгердік.

0d513eb7 d4ab 41e3 9197 300e5530e887


Фархат Кабен –тек кәсіби білім алумен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық өмірге белсене араласуға ерекше мән береді. Оның өмірлік ұстанымы – тек білім алып қана қоймай, сол білімді ел игілігіне жарату. «Басты мақсатым – еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін терең меңгере отырып, кәсіби білімімді ұштастыру. Себебі, ұлттық болмысымызды сақтау мен өркендеу жолындағы басты күш – рухани құндылықтар мен заманауи технологияның үйлесімділігі», – дейді Фархат. Ол «Химиялық технология және өндіріс» мамандығы бойынша теория мен практиканы ұштастыра отырып, ел экономикасының маңызды бөлігі саналатын мұнай-химия өнеркәсібіне өз үлесін қосуды мақсат етеді. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы дуальды оқыту бағдарламасы оның бұл салада тәжірибе жинақтауына үлкен мүмкіндік берген. «Заманауи технологиялар – тек өндірістік тиімділік құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттаудың да бір жолы», – дейді ол. Фархат тек оқуымен емес, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жобаларымен де ерекшеленеді. Ол түрлі байқаулар мен фестивальдерде жүлдегер атанып, өз идеясын қоғам дамуына бағыттай білетіндігін дәлелдеген.

32767653 45f4 47c8 a3bb d413ac3bc29f


Ал С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің «Машиналар мен жабдықтарды пайдалану» мамандығының 4-курс студенті Райхан Жұмабайқызы мақсаты жолында біраз жетістікке жеткен. «Мен болашақ токарь мамандығы бойынша білім алып, осы мамандықта өзімді жетілдіру үшін көп еңбектеніп келемін. Ұзақ уақыт бойы физикалық күш-жігерді қажет ететін «ер адамдардың» жұмысшы мамандықтарын қазір әйел адамдар бағындырып келеді. Бірақ токарь станогында өзімді елестету қиын болды. Алайда, мен өз таңдауыма сенімді болып, осы мамандықта білім алып, бүгінде «AtyrauOil Service» компаниясында «СББ станоктарының операторы» лауазымында дуалды оқыту жүйесі бойынша қызмет етудемін. Мұнай саласында қолданылатын машина жабдықтарының бөлшектерін жасап шығарамын. Ата-анам шешімімді қолдады, әсіресе мұнайшы әкем маған үлгі болды»,-дейді ол.
«Мұнай және газды өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша білім алып жатқан Нұрдаулет Қайратұлы қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етуді басты мақсаты санайды. Колледж табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ, ол студенттік өзін-өзі басқару жүйесінде белсенділік танытып келеді. Жастар көшбасшылығын дамытуға бағытталған түрлі бастамалар мен жобалардың басы-қасында жүріп, көптеген игі істерге мұрындық болған. Бүгінде Нұрдаулет – колледждегі студенттік парламенттің «INFINITY» ұйымының президенті. Бұл «лауазым» оған үлкен жауапкершілік жүктеп, студенттердің азаматтық белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік сана қалыптастыру жолында елеулі жұмыстар атқаруға мүмкіндік беріп отыр. «INFINITY» студенттік парламенті арқылы біз жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен ұлттық сана-сезімді оятуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл – болашақ ел тізгінін ұстар ұрпақтың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына жол ашады», – дейді ол.
Асланбек Такошев– С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің дарынды студенттерінің бірі. Ол — «Мұнай және газды өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша білім алып, жас кезінен ғылым мен инженерлік жаңалықтарға қызығушылық танытып жүр. Оның басты мақсаты – еліміздің өркендеуіне үлес қосатын жобалар жасау, заманауи технологияларды игере отырып, ұлттық құндылықтарды дамытуға себеп болу. «Менің ойымша, инновациялар мен технологиялар — тек ғылым мен өндірістің құралы ғана емес, олар арқылы ұлттық рухымызды, мәдениетімізді жаңа деңгейде паш ете аламыз. Бұл идея менің жобаларымның негізгі арқауына айналды», – дейді Асланбек.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button