Әріптестеріміз – байрақты бәйге жеңімпаздары
Кеше, журналистер арасындағы «Қазақстан мұнайы – ел игілігіне!» байқауы қорытындыланып, жүлдегерлер анықталды. Өңірдегі 35-тен астам БАҚ қызметкері бақ сынаған сайыс еліміздегі үш алыптың бірі саналатын «Теңізшевройл» ЖШС-нің 30 жылдығы аясында өткізілген болатын.
Мәлике Қуанышева, «Атырау» газетінің арнаулы тілшісі
Конкурстың қазылар алқасының төрағасы, ардагер-журналист Қаржаубай Сұлтанғалиевтың айтуынша, биылғы байқауға жолданған материалдардың барлығында да тақырып жан-жақты ашылып, зерттелген. Сондықтан, дүбірлі додада үздіктерді анықтау оңайға соқпапты.
Ең бастысы, мұнда журналистер ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырған алпауыт компанияның өндірістегі жетістіктерімен қатар әлеуметтік салаға көрсеткен қолдауы кеңінен көрініс тапқан. Мәселен, сәби бақытына бөлене алмай отырған отбасыларға арналған эко-жобалар туралы жазған әріптесіміз кейіпкерлермен тілдесіп, тұщымды мақала жариялаған. Тағы бір журналист ТШО компаниясынан жинаған тәжірибесі арқылы Катар елінде табысты еңбек етіп жүрген атыраулық ІТ-маманымен сұхбаттасқан.
Айбөпе Сабырова, «Атырау» газетінің шолушысы
Сонымен, байрақты бәйгеде «Басылым түріндегі мемлекеттік тілдегі БАҚ-та жарияланған үздік мақала» номинациясында «Атырау» газетінің тілшілері, әріптестеріміз Айбөпе Сабырова ІІ орынды, Мәлике Қуанышева І орынды жеңіп алды. Ал, фототілшіміз Ерлан Алтыбаев «Үздік фототілші» номинациясында ІІ орынға ие болды.
А.МҰРАТҚЫЗЫ