Жарнама
Жаңалықтар

Қарекет түбі – берекет алайда, тариф төлемі қалай қалыптасып отыр?

Аймақтағы тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ететін кәсіпорындарда 2018-2019 жылдардың күзгіқысқы жылыту маусымына дайындық шаралары бекітілген жоспаркестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаментінің бөлім басшысы Жасұлан Айтқазиев мәлімдеді.

Қарекет түбі – берекет

Мәселен, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да жоспарланған 26 іс-шараның толықтай орындалысы қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, №№2 және 11 қазандық агрегаттары, сондай-ақ, №№ 5 және 6 турбогенераторлар күрделі жөндеуден өткізілген. Ал, №12 турбогенераторға жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта №4 турбоагрегат пен №9 қазандық агрегаты стансаларын жаңғырту жұмыстары тиянақтала келген.

Сол сияқты, «Атырау Жарық» акционерлік қоғамында биылғы сәуір айында басталған қысқа әзірлік жұмыстары да ойдағыдай атқарылуда. Нақтылай кетсек, қала аумағындағы жалпы ұзындығы 237,8 және 170 шақырымдық «ВЛ-110кВ», «ВЛ-35 кВ» электр қуатын тасымалдайтын әуе желілері күрделі жөндеумен қамтылған. Одан бөлек, республикалық «KEGOC» компаниясының Атырау филиалында 107 шақырым жоғары кернеулі әуе электр желісі мен негізгі жабдықтар да күрделі жөнделген.

Бағада байыз болмай тұр

Әрине, мұнда көпшілікті алаңдатар жайлар да жоқ емес. Соның бірі – «Атырау Жарық» АҚ бойынша шекті деңгейдегі тұтыну тарифтерінің өсуі. Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінен алынған ресми мәліметтер осы сөзімізді растағандай. Мәселен, 2016 жылы 1 кВт/сағат электр энергиясының құны 4,76 теңгені құраса, бұдан кейінгі жылдары 4,83 – 4,84 теңгеге көтерілген. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 4,87 теңгеге көбейеді деп күтілуде. Сол сияқты, «Атырау Энерго Сату» ЖШС-інде 2016 жылдан бері тәуліктік аймақтар бойынша және тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізілді.

Сараланған тариф сан құбылды

Сөйтіп, 2015 жылы мұнда электрмен жабдықтау қызметінің бағасы 13,85 теңге/кВт-сағ (қосымша құн салығынсыз) болып белгіленсе, оның ішінде тұрғындар немесе жеке тұлғалар үшін 5,31 теңгеге және заңды тұлғаларға 17,96 теңгеге тұрақтады. Ал, электр энергиясын бекітілген шама шегінде тұтынатын жеке тұлғаларға қатысты бірінші деңгейдегі тарифтер төмендегі ретпен белгіленген. Атап айтқанда, электр плиталарын пайдаланушылардың 110 кВт/сағ-қа дейін 5,06 (ҚҚС-мен 5,67) теңгеден, электр плиталарын қолданбайтындардың 90 кВт/сағ-қа дейін 4,97 (5,57) теңгеден төлейтіндігі нақтыланды.

Осындай ретпен екінші деңгей бойынша электр плиталарын пайдаланатындар 110 кВт/сағ-тан 190 кВт/сағ-қа дейін айына 6,37 теңгеден, қосымша құн салығы қосылғанда 7,14 теңгеден төлейтіндігі мәлім болды. Сол сияқты, үшінші деңгейлі тарифпен 190 кВт-тан жоғары электр қуатын тұтынғандар 7,97 (8,92) теңге, электр плиталарын пайдаланбай-ақ 170 кВт-тан жоғары электр энергиясын тұтынушы жеке тұлғалар да айына осындай есеппен ақша төлейді.

Осы ретпен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да белгіленген тарифтерді сараласақ, жылу энергиясының сатылу бағасы 2016 жылы ­– 5 860,41 теңге/Гкал, 2017 жылы – 6299,52 теңге/Гкал және 2018 жылы – 6372,55 теңге/Гкал болып өсіп отырған. Тұтастай алғанда, бес жыл мерзімге бекітілген тұтыну тарифтері 2019 жылы – 6857,20 теңге/Гкал-ға ұлғайтылса, 2020 жылы – 7000 теңге/Гкал-дан асатындығы атап көрсетілген. Бір ескерер жайт, мұнда қосымша құн салығы есепке алынбаған.

Есептегіші жоқтың есесі кетеді

Осылардың негізінде жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғаларға қатысты да жылу энергиясын сатудың орташа сараланған тарифі жыл сайын көтеріліп отырғанын аңғарамыз. Алайда, бұл жерде жалпыүйлік есептегіш құрылғы орнатылған көп қабатты үй тұрғындары мен есептегіші жоқ баспанада тұратындардың пайдаланған жылу қуаты үшін төлейтін ақшаларының арасында елеулі айырмашылық бар.

Нақтыласақ, есептегіш қойылған үйдің тұрғындары 2016 жылы 1 Гкал жылу энергиясына 2 968,71 теңге, ал, есептегішсіз отырғандар 4 873,27 теңгеден төлесе, апатты жағдайдағы немесе тозығы жеткен үйлерде тұратындар үшін бұл тариф 4 061,06 теңгеге тұрақтаған. Тұтыну тарифтері биыл 4 181,64-5 343,52 — 4 391,23 теңге көлемінде қалып отыр. Бұл жүйе жылу энергиясын тұтынушы заңды тұлғаларға қатысты қолданылуда. Мысал келтірсек, орташа өткізу тарифі 2016 жылы 1 Гкал жылу энергиясы үшін 10 332,75, биыл 11 172,94 теңгені құраса, жалпыүйлік есептегіш орнатылған жағдайда ол 8 595,58 – 9 930,48 теңгеге теңгерілген. Ал, есептегіші жоқ үйлерде ол 15 499,12 -16 994,72 теңгеден келіп, салыстыра қарағанда, екі есеге жуық қымбатқа түскенін көріп отырмыз. Одан бөлек, апатты, ескі баспанада тұратындардан жылу ақысы тиісінше 10 332,75 және 11 329,81 теңгеден алынған.

Жылу беру маусымы кезінде жылытылатын 1 шаршы метр тұрғын алаңға алынатын ақы мөлшері жалпыүйлік есептегіш орнатылмаған үйлерде ҚҚС-мен қоса алғанда 2016 жылы 130,99 теңгеден, 2018-де 143,63 теңгеден есептелінген. Апатты үйлер үшін бұл тарифтер сәл де болса төмендетіліп, 109,16 және 119,69 теңгемен қалды. Сонымен қатар, ысытылған судың бір текше метріне алынатын ақы 180,86 және 222,31 теңгеден белгіленсе, жан басына шаққанда 741, 38 және 812,93 теңгеден келтірілген.

Негізсіз алынған ақы қайтарылады

Мұның сыртында, аймақтағы табиғи монополия субъектілерінің санатына кіретін «Атырау су арнасы» КМК мен «ҚазТранГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалында да тарифтердің негізсіз өсірілуінен осыған дейін тұтынушылардан артық ақша алынып келгендігі белгілі болды. Департамент өкілдерінің айтуынша, бүгінде оның көлемі есептеліп, қайтару амалдары қарастырылған. Білгеніміздей, бұл шара қолма-қол есептесу арқылы емес, өтемақы ретінде белгілі мерзімде жеңілдетілген тарифке көшіру жолымен жүзеге асырылады.

Мамандардың түсіндіруінше, «Атырау су арнасы» коммуналдық  мемлекеттік кәсіпорнында, соңғы екі жылда тұтынушыларды таза ауыз сумен (тарату және магистралды желілері арқылы) қамтамасыз ету мен кәріз құбырын тазалап, лас суды сыртқа айдап шығару қызметтері үшін негізсіз алынған ақыдан жинақталған қаражат сомасы 138,9 млн. теңгеге жеткен. Ал, оны кері қайтару үшін биылғы тамыз айының 1-інен бастап өтемақы жүйесі енгізілген. Сол тәрізді, тұтынушыларды «көгілдір отынмен» қамтитын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалында да артық алынған ақшаны өтемақы түрінде қайтаруға байланысты белгіленген мерзім 2018 жылдың 1 тамызы мен 2019 жылдың 1 тамызы аралығын қамтиды. Нақтырақ айтқанда, қосымша құн салығынсыз бекітілген уақытша өтемақы тарифі 1000 текше метр газға 1 721,26 теңгеден белгіленіп, қолданыстағы тарифтен 48,16 теңгеге немесе 3 пайызға азайтылған. Тұтастай алғанда, 30,4 млн. теңге тұтынушыға кері қайтарылуы тиісті екен.

Қалай дегенде де, қарекет қылмаған жерде берекеттің де болмайтыны даусыз. Десек те, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін монополист мекемелердің тарифті қалыптастыруда тұрғындардан артық төлем алмағанын қалар едік.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button