АТЫРАУДАҒЫ ШҰЖЫҚ ЦЕХЫ

Ақсай ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінде «Жеміс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұжық өнімдерін шығаратын жаңа цех ашып, өз жұмысын бастады. Отандық кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев арнайы келді. Атыраулық тұтынушыларды таза да сапалы өніммен қамтамасыз етуді қолға алған серіктестіктің құрылтайшысы – Исатай Батырбаев.

 

– Биыл облысымызда алғаш рет шұжық цехы іске қосылды. Инновациялық технологиялар қатарындағы цех пеші арнайы Франциядан алынған. Зауыттың бір күнде 1 тонна 200 келі өнім өндіре алатын қабілеті бар. Осы қарқынмен жұмыс жалғасын тапса, тек ауылды ғана емес, бүкіл қала тұрғындарын да жергілікті өніммен қамтитын мүмкіндік бар, – дейді Ақсай селолық округінің әкімі Арман Нұрғалиев.

Франциялық «Саріс» пешінің бір ерекшелігі, тәулігіне тонналап шұжық фаршын дайындауға мүмкіндігі бар. Әрі ток күшіне үнемді. 350 келі шикізат бір сағат 40 минут ішінде дайын болады. Цех бастығы Лұқпан Абылаев жергілікті шикізатты пайдалана отырып, халық сұранысын өтегенді жөн көретінін айтады: – Жергілікті «Атаба», «Идеал» дүкендер желісі шұжықтарды сатылымға шығаруға келісіп отыр. Ал, ашық сауда орындарына, тазалық шарты сақталмайтын сөрелерге өнімімізді қоюға қарсымыз. Себебі, өзіміз шығарған өнімнің атына кір келтіргіміз келмейді. Шұжықтың қаптамасының өзі таза, еш зиянсыз, тағамның мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермейді. Қажетті дәмдеуіштерді Алматыдан алдырамыз. 

Цехтың аға кеңесшісі Сулхан Чикадзе  жұмыс үрдісін жергілікті мамандарға үйрету үшін Грузияның Тбилиси қаласынан келген екен. «Мұнда заманауи құрылғылар мен қажетті жабдықтардың арқасында табиғи таза өнім өндіруге толық мүмкіндік бар. Әзірше шұжықтың төрт түрі бойынша өнім дайындауды бастадық. Олар ысталған және жартылай ысталған шұжық (армавир), деликатес, сондай-ақ, сүрленген шұжықтар. Болашақта пісірілген, қайнатылған және қой, жылқы, мұсылман шұжықтарын дайындауды жолға қоймақпыз» дейді ол. 

Бағасы жағынан да отандық өнім едәуір арзан болмақ. Жергілікті сауда орындары бастапқы бағаға 20 пайыздық үстеме қосатын жағдайда армавид шұжығы 1000-1200 теңге, сүрленген шұжық 1500 теңге шамасында болады деп болжануда.

Шикізат көзіне келсек, жергілікті мал иелері ұсынған ет Аққыстау селосындағы мал сою цехынан әкелінеді. Алдағы уақытта мал сою орны жақын маңнан салынатын болады. Лұқпан Кенжебайұлының қарамағында жеке шаруашылығы да бар. Онда 40 сиыр, 110 жылқы өсірілуде. Сондай-ақ, былтыр Ресейден қаздар алынып, қазір көбею үстінде.  Негізгі база мен жекеменшік жер осы Ақжар елді мекенінің аумағында орналасқан соң, өндіріс орны да осы жерден ашылған. Өйткені, Индерге дейінгі тас жол бойында бірде-бір зауыт не кәсіпорын жоқ. Бұл жерде көп кешікпей кішігірім ет комбинатын салу да жоспарланып қойған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз