Ардагерлерге – алдымен құрмет
Мемлекеттің қалыптасуына, ел егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бір топ азамат «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Алдымен, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан ел егемендігінің 25 жылдығымен оның бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз өркендеп келеді. Ел басына күн туғанда елді, жерді жау қолына бермеу үшін жан аямай күрескен ерлік істеріңіз – бізге, кейінгі ұрпаққа үлгі. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау ерліктеріңіздің жемісі. Кейінгі жылдары да облыстың экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени тұрғыдан өркендеуі жолындағы игі істеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Ел мемлекеттілігінің танылуы мен қалыптасуына өзіндік үлес қосқан бірқатар азамат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталуға лайық деп танылды, – деген Ғұмар Ислямұлы бір топ соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің кеудесіне мерекелік медаль тақты.
Сонымен қатар, Парламент Сенаты Бюросының шешімімен отандық заңнама жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенді қызметі үшін Сенаттың «Құрмет грамотасымен» ҚР жеке сот орындаушылар республикалық палатасы төралқасының төрағасы Амангелді Абдолов, Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы Мұхтар Кенғанов, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Римма Габдушева мен «Атырау ЖылуЭлектрОрталық» АҚ президентінің көмекшісі Мұхамбетқали Қалиевтар марапатталды.
Мерейтойлық медаль иегерлері арасында қоғам қайраткері Ұзаққали Елеубаев та болды «Бұл төсбелгі – мен үшін ерекше марапат. Себебі, еліміз егемендігін алған алғашқы жылдарынан бастап еңбек еттім. Заң шығару саласында он жылдан астам уақыт жұмыс жасадым. Бүгін, міне, 25 жылда бір ғасырда жасалынатын жұмыстар атқарылыпты» дейді ол.
Шара барысында тыл және еңбек ардагері Есен Тасқынбаев облыс басшылығына көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдірді.
Рита Өтеугали