Ата жолы – адастырмас бағдаршам
Ел Президентінің бастамасымен өмірге келген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіне асырылуына қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың да тигізетін ықпалы зор. Оның көш басында ардагерлер ұйымының тұрғаны және оның өзгелеріне өнеге көрсетіп, үлгі танытып келе жатқаны да ақиқат.
Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Атырау облысының ардагерлер активімен кездесуінде айтылған әңгімесінің арқауы да осы болды. Бұл кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, жерлесіміз, Атырау облысының Құрметті азаматы Мереке Құлкенов, облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысты.
Жылы жүзді жүздесуді кіріспе сөзбен ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов өзі жетекшілік ететін қоғамдық ұйымның осы жылдың басынан бері атқарған жұмысынан хабарлама жасады. Есепті мерзімде ардагерлердің әлеуметтік жағынан қорғалуына, денсаулық жағдайын жақсартуына, басқа да мәселелеріне баса назар аударылғанын тілге тиек етті.
– Айрықшалап айтарым, бүгін біздің ортамызда отырған республикалық ұйымның басшысы Бақтықожа Салахатдинұлының атыраулық ардагерлермен осы жылдың өзінде екінші мәрте кездесуі. Бұған дейін облыстың Махамбет, Индер, Исатай аудандарында болған ол кезекті сапарында да алдымен өңірлерге атбасын тіреді. Басты мақсаты – жергілікті тұрғындармен бетпе-бет жүздесу арқылы халықтың, соның ішінде ардагерлердің жағдайымен жақынырақ танысып, мұң-мұқтажын білу. Мүмкіндігінше, туындаған сауалдарына жауап қайтарып, мәселелерінің оңынан шешілуіне септесу.
Мұның алдында да, осы жолы да Бақтықожа Салахатдинұлының алдына қойған мақсат үдесінен шыққанына куә болдық. Кезекті сапары барысында ол облыстың бірнеше ауданын аралап, қорытындысы ретінде аймақтың ардагерлер активімен кездесу өткізіп, толғандырған өзекті мәселелердің ортаға салынып, талқылануына, аға буын өкілдерінің талап-тілегінің мемлекеттік деңгейде көтерілуіне ұйытқы болды, — деді Мұрат Сақтайұлы.
Іскерлік пен жанашырлық – егіз ұғым
Одан әрі орталық кеңестің басшылығымен облыста жүзеге асырылып жатқан жұмыстар сараланды. Баяндамашы үлгі етуге тұрарлық игілікті істердің қатарында «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасының алғашқы болып атыраулықтар тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. Бастамаға үн қосқан жергілікті бизнес субъектілері облыстағы табысы төмен, кірісі аз, әлеуметтік қолдауға мұқтаж зейнеткерлерге жалпы сомасы 38,1 млн. теңгенің материалдық, қаржылай көмегін көрсеткен.
Биылғы ақпан айында өткізілген брифингте ардагерлерден келіп түскен 80-ге жуық ұсыныс-пікір мен арыз-шағымға орай облыс әкімі орынбасарларының, облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларының берген жауаптары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Соның нәтижесінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім беру, ішкі саясат, спорт басқармаларымен, кәсіподақ орталығымен, «AMANAT» партиясы өңірлік филиалымен және ардагерлер кеңесінің арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Адал еңбек абыройға бөлейді
Еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда еңбек тақырыбын кеңінен насихаттау, адал еңбектің адам баласын қашан да абыройға бөлеп, шыңға шығаратынын жастар арасында дәріптеу мақсатында өрісін тапқан өнегелі істер де жеткілікті. Солардың бірі – саналы ғұмырын автокөлік саласын дамытуға арнаған еңбек ардагері, ғибратты ғұмыр иесі Серік Жаниязовтың 90 жасқа толуына орай үш ұрпақтың кездесуі форматында, «Атыраудың ардақтысы» тақырыбында ұйымдастырылған еске алу кеші. Сондай-ақ, Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Аналар – асыл жандар», «Өнегелі өмір, ерен еңбек иелері» тақырыптарында өткізілген кештерді де өскелең ұрпақ өнеге алар тағылымды шаралардың легінде атауға болар еді.
Елдің бірлігі сын шақта танылады
Халықтың бірлігі ел басына күн туған, қиындық түскен сын сағаттарда айқын аңғарылатыны ақиқат. Бұған биылғы көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендерді табиғат тосынынан, апатты жағдайдан аман алып қалу жолында барша жерлестеріміздің жұдырықтай жұмылып, бір кісідей бірігіп, уақытпен санаспай еңбек еткені, алапатқа қарсы жан аямай күрескені куә. Осыны тілге тиек еткен аймақтық ардагерлер ұйымының басшысы нақты мысалдарды да келтірді. Тасқынға қарсы тұру үшін тәуекелге бел буғандардың ішінде көпшілікке үлгі болған жандардың да барын алға тартты. Солардың арасынан жасы 90-нан асқан кейуана Орынша Тоқтыбаққызы мен Әлия Досмұханованың еңбегі ел басшысының тарапынан ерекше бағаланғанын мақтанышпен ауызға алды.
Ардагерлер – асыл қазынам
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде ата жолын сақтауда ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізге көңіл бөлу керектігіне айрықша тоқталған болатын. Осыны басты назарға алған облыстық кеңес қоғамда ұлттық бірегейлікті нығайту, жастарды ата-баба дәстүрінде, асыл дініміз рухында тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын сақтау төңірегінде зиялы қауым, діни қызмет және ардагерлер өкілдерімен бірлесіп, облыс жұртшылығына үндеу жариялады. Сонымен қатар, өңірімізде шаңырақтың береке-бірлігін, жанұяның татулығы мен ынтымағын сақтауды мақсат тұтқан «Дәнекер» пилоттық жобасы да қанатын кеңге жайып, медиация институты қарқынды дамып келеді. Мұнда да аға буын өкілдерінің өзіндік үлесі барын айтқанымыз дұрыс. Ойымды түйіндесем, бұл күнде ардагерлер ұйымдары қоғамның қамқорына айналып отыр, — деп сабақтады сөзін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов.
Кездесу соңында мінберге көтерілген Парламент Мәжілісінің депутаты, республикалық ардагерлер ұйымының басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов орталық кеңестің «Құрмет белгісі» төсбелгісін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ардагерлер ұйымының төрағасы Шахман Нағымов пен Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашевтің кеудесіне тақты. «Жомарт жан» дипломын белгілі кәсіпкер Андрей Кораблевке, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін «Атырау» облыстық телеарнасының режиссері Рәзия Қасымоваға салтанатты жағдайда тапсырды.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ