Қараусыз қалған мал – теміржолға тосқауыл
Соңғы кездері аймақтағы елді мекендерге таяу орналасқан теміржол бойына шығып кететін жеке иеліктегі малдар көбейді. Соның бір көрінісі, Исатай мен Аққыстау стансасы аралығында ірі қара малының пойызға басылу жайттары жиі орын алуда. Көптен бері шешімін таба алмай жүрген мәселе неден туындап отыр?
Оның бірден-бір себебі, мал иелерінің теміржол қатынасы қауіпсіздігіне жіті мән бермейтіндігінде. Шындығына келгенде, бағусыз жүрген малдың пойыз қатынасына тигізіп отырған зардабы өте көп. Біріншіден, қалыптасқан жол регламенті бұзылады. Екіншіден, тепловоздарға зақым келеді. Ал, оқыс оқиға орын алған жағдайда, сырғалары жоқ сиырларды ешкім «менікі» деп мойындамайды. Неге? Өйткені, жауапкершілік жүгін көтеруден бәрі қашқақтайды. Үшіншіден, жүгенсіз кеткен малды басып кетпеу үшін локомотивтердің тежегіштері оқыс жағдайда басылатындықтан, тез істен шығады.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, теміржол қозғалысында сәл кідіріс орын алса, ол тұтас аймақтағы қозғалысты бөгейді. Жолаушыны жолынан қалдырады, жүктерді мерзімінен кешіктіреді. Бұл мәселе жөнінде біздің, яғни, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау магистральдық желісінің жол бөлімшесі тарапынан талай рет ескертулер де берілді. Бірақ, әзірге еш нәтиже жоқ.
Осы орайда «Неліктен машинист тежегішті басып, пойызды тоқтатпайды?» деген де сауал туындауы мүмкін. Оның да өз жауабы бар. Себебі, мыңдаған тонна жүкті үлкен жылдамдықпен әкеле жатқан темір құрсаулы ауыр құрылым қара жердегі көліктер сияқты кілт тоқтай алмайды. Баршамызға мектеп жасынан белгілі «инерция», яғни, «қозғаушы күш екпіні» деген бар. Соның әсерімен жүйткіп келе жатқан пойыздың уақытында тоқтай алуы екіталай.
Бұл проблеманы шешудің жалғыз ғана жолы бар. Ол үшін тұрғындар, соның ішінде жеке мал иелері қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, төрт түлікті қараусыз қалдырмауы тиіс. Айналып келгенде, өз иеліктерімізге немқұрайлы қарайтын болсақ, олардан айырылып қалуымыз да ғажап емес. Ал, бұл үшін ешкім, мемлекет те, теміржол мекемелері де өтемақы төлемейді. Әркім өз іс-әрекеті үшін өзі жауап береді.
Құлсары жол дистанциясы Мақат стансасынан Құлсары стансасына дейін созылған жүз шақырымдық жолды жөндеумен айналысады. Әрі жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы аралықта үлкенді-кішілі он елді мекен орналасқан. Жыл басынан бері төрт түлік иелерінің жауапсыздығы салдарынан 353 рет түрлі деңгейдегі пойыз кідірістері тіркелді. Атап айтқанда, кезектен тыс тоқтау, шұғыл тежегішті басу, жылдамдықты азайту және тағы сол секілді жайттар кездесті. Соның ішінде, бүгінгі күні 39 рет тепловоз машинисінің жылжымалы құрамаларды шұғыл тоқтату жөнінде ескертпе бергені тіркеліп отыр.
Сөзімді түйіндей келе, осы мақала арқылы ауыл тұрғындарын жеке иеліктегі малдарын қараусыз қалдырмауға, оларды жол бойына, соның ішінде теміржолмен жүргізбеуге шақырамын.
Жанболат ӘМІРОВ,
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау магистральдық желісінің жол бөлімшесі басшысы.