«Қара алтынның» құны Атыраудың қаржылық жағдайына қалай әсер етеді?
«Қара алтынның» құны өсіп жатыр. Бүгінде Brent маркілі мұнайдың бір баррелі 71,01 долларға саудалануда. Бұл елімізге, оның ішінде Атырау облысының қаржылық жағдайына қаншалықты әсер етеді?
Былтыр елімізде 86 млн. тоннадан астам мұнай өндірілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Шикізаттың 60 пайызы біздің облыс аумағындағы Теңіз, Қашаған, сондай-ақ, Қарашығанақ кеніштерінен өндірілгені белгілі болып отыр. «Қара алтынды» өңдеу көлемі де өсіп келеді.
Әлемдік бағаның көтерілуі ел қазынасының толығуына себепші болары анық. Алайда, қазіргі күні өнім өндіруге қатысты әртүрлі әңгімелер айтыла бастады. Соның бастысы — «Қазақстан ОПЕК келісіміндегі міндеттемелерді орындамайды-мыс». Осыған орай Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз пікірін білдірді. «Бұл – мәселенің байыбына бармайтындардың сөзі»,-деді ол.
Министрдің пікірінше, еліміз мұнай өндіруді азайту туралы ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) келісімі аясындағы барлық міндеттемелерін орындауда.
«Қазақстан өз міндеттемелерін атқарып келеді. Уәде бергеніміздей, өндіріс көлемін бір деңгейде ұстап отырмыз. Болар-болмас қана көлемде өндірістің белгіленген шектен асып кетуі орын алды. Өткен жылы тәулігіне орташа есеппен 1 млн. 720 мың баррель мұнай өндірдік. Шын мәнінде, тәулігіне 1 млн. 680 мың баррель мұнай өндіруіміз керек еді. Тәулігіне 35-40 мың баррель – Қазақстан деңгейінде болмашы ғана көрсеткіш»,-деді Энергетика министрі.
Мұнай саласына жауаптылар ОПЕК келісімінің ұзартылғанына ерекше тоқталады. Мұндағы шарттар да анағұрлым жеңілдепті. Осы себептен Қазақстан ОПЕК келісімі аясындағы өз міндеттерін орындай береді.
Айнұр КӨШЕРБАЕВА, Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры: Мұнай бағасының өсуі еліміздің, оның ішінде Атырау облысының қаржылық жағдайына әсерін бағдарлау үшін өңір экономикасының ертеңгі дамуын саралаудың қажеттілігі туады. Бүгінде Ұлттық банк «инфляция дәлізін» төмендетіп отыр. Бұл қаржы-несие саясатындағы шаралар, инфляцияны тежеу бағытындағы жұмыстар осы «дәліз» ауқымында жүзеге асады деген сөз.
Атырау облысы бойынша нақтырақ айтсам, біздің өңірдегі инфляцияның қалыптасуына негізінен шекаралық аймақтың әсері бар. Мәселен, көршілес Ресейдің Астрахань облысындағы былтырғы 1 желтоқсандағы инфляцияның деңгейі 106 пайыз көлемінде болды. Атыраудағы көрсеткіш те осындай мөлшерде. Сондықтан, шикізаттың әлемдік бағамы біздің облыстың жағдайына, инфляция деңгейіне тікелей әсер етеді деу қиын.
Азамат БАЗАРБАЕВ