«АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ» ЖОБАСЫ: Былтыр 104, биыл 300-ге жуық жас қамтылады

0a12c56a a3d5 4fb6 9ea5 9e0032f128cb Жаңалықтар

Жоғары оқу орнын немесе колледж бітірген жас маманның бірден жүмысқа орналасып кетуі оңай еместігі анық. Тәжірибесі жоқ, білім ұясының қабырғасынан енді ғана түлеп ұшқан жастың жұмыс берушілердің де оң жамбасына келе қоймасы тағы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ел көлемінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Бүгінгі таңда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде білім беру ұйымдары түлектерінің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу бағытында бірнеше шаралар қолданылуда. Соның бірі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. Түлектің еңбек нарығына сай, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қажетті еңбек дағдыларын қалыптастырып, бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында жұмыссыз жастарды ең алғаш рет жұмысқа орналастыруды жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады. Ал, жұмыс іздеушінің аталған жоба бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігінің шеңбері кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа сәйкес айқындалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген ресми дерекке сүйенсек, былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 718,3 мың адам қатысып, 435,2 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның 346,6 мыңы – тұрақты жұмыс иелері. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 3,9 мың адам жұмыспен қамтылған екен.

Жобаның жүзеге асу механизмі қандай? «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны жұмысқа орналастырып, тәжірибе жинақтауға септеседі. Электронды еңбек биржасы, яғни, Enbek.kz порталына жұмыс берушілер өздеріне керекті вакансияларды жариялайды. Сол сұраныстарға қарап отырып, жұмыспен қамту орталықтары өтінім берген жастарды жібереді.  

Ал, таяуда тағы бір жағымды жаңалық жария болды. Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей қалған түлектер «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатыса алады. Бұл туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті.

«Жастарды қолдау бағытында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу кезеңі ұзартылып, еңбек ақылары да ұлғайтылды. Бұрын жастар практикасына жолданған жастардың еңбек ақысы 25 АЕК мөлшерінде белгіленсе, қазір 30 АЕК-ке дейін өсті, ал, жұмыс мерзімі – 6 айдан 1 жылға дейін. Алғашқы жұмыс орны жобасына қатысу кезеңінің ұзақтығы 1 жылдан 18 айға дейін, еңбегіне төленетін ақы мөлшері 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейді. Сондай-ақ, биылғы жылдың жаңалығы «Алғашқы жұмыс орнына» ҰБТ-дан өтпей қалған түлектер де қабылданады – дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 104 жас жұмысқа орналасқан. Солардың бірі – Құсайынов Есенболат. «Мен бұл жоба туралы жұмыспен қамту орталығы арқылы білдім. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөліміне жіберілдім. Сол мекемеде 1 жыл жасап, тұрақты жұмысқа орналастым. Жоба мен үшін өте пайдалы болды. Тәжірибе жинақтап, мүмкіндігі шектеулі, ерекше жандармен қалай жұмыс жасау керектігін білдім» дейді ол.  

Тәжірибесі де еңбек өтілі де жоқ, 29 жасқа дейінгі жастардың жұмысқа орналасып, бір жылдың үстінде тұрақты қызмет етіп, білігін молайтуға, салаға төселуге әсер ететін мол мүмкіндік аталған жоба аясында қолжетімді болып, көптеген жастарға көмекке келгені сөзсіз. Ресми деректерге сүйенсек, атыраулық жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов аталған жоба аясында жыл аяғына дейін 300-ге жуық атыраулық жасты қамту жоспарда екенін жеткізді. Демек, жыл соңына дейін бұл көрсеткіштің деңгейі төмендеп, еңбек жолын сәтті бастауға септесетін соны бағдарламаның иглігін көретіндер көбеймек.

Жастармен жұмыс – мемлекет ұстанған басым бағыттың бірі. Оларды қолдау шаралары кең көлемде, бірнеше бағыттарды қамту арқылы жүзеге асуда. Сәйкесінше, жастар тарапынан да жақсы бастама, ізгі іс-шаралар болса, нағыз жетістік сол болмақ.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз