Әр тиын бақыланады: келер жылдан бастап қазақстандық мектептер ашық бухгалтерия жүйесіне көшеді
2021 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстандағы білім беру ұйымдарының барлығы «Цифрлы бухгалтерия мен қаржы» жүйесіне көшуді бастайды.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасында жазды.
Жаңа жүйені енгізудегі мақсат – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды.
Яғни мектептің бюджетіне, оның әрбір жұмсаған теңгесіне қатысты ақпаратқа біздің министрлік, басқа құзырлы мемлекеттік органдар, және азаматтық қоғам өкілдері қол жеткізе алады.
Бұл – маңызды бастама.
Білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді.
Әрине, оның қаншалықты жеткілікті немесе жеткіліксіз екендігі туралы көп айтуға болады. Алайда, сол бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңыздырақ.
Тағы бір мәселеге тоқталайын.
Көпшілік мектептерді, балабақшалар мен колледждерді Білім және ғылым министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырады деп есептейді. Одан бөлек жалақының уақытылы және дұрыс есептелуі, оқулықтарды сатып алу немесе білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын да министрліктің өзі тікелей жүргізеді деп ойлайды.
Бірақ іс жүзінде олай емес.
Заңға сәйкес бұл жұмыс әкімдіктердің құзырында.
Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни, қаржыландыру да сол қалалар, аудандар мен облыстардың бюджетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң оларды қадағалап отыру өте қиын.
Сондықтан тіпті облыстық білім басқармаларының өзі көп жағдайда жалақыны уақытылы төлеуге, оқулықтарды сатып алуға немесе мектеп, колледждерді жөндеу жұмыстарына қатысты проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарына шыққанда немесе шағымдар келіп түскенде біліп отырады.
Бұл мүлдем дұрыс емес.
Ата-аналар мен мұғалімдерге орын алған проблемаларға «кім жауап беретіні, неге бұлай болғаны» емес, олқылықтардың орын алмауы маңызды ғой.
Сондықтан біз жан басына қаржыландыру механизмдерін енгізу және барлық қаржыландыру жүйесін цифрландыру бойынша бастаманы қолға алдық.
Бұл жүйе Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарында пилоттық жоба ретінде апробациядан өтті.
Білім басқармаларының басшылары мен мектеп директорлары аталған жобаға оң баға берді.
Жүргізілген пилоттық жобаның нәтижесінде тек елордада бюджет қаражатынан бірнеше млрд. теңге үнемделіп, білім беру ұйымдарының қаржылық қызметі реттелді.
Бухгалтерлік және салық есебіне алу барысында бұзушылықтар саны едәуір қысқарып, шығындар бойынша тәуекелдер азайды.
Аталған жоба жалақыны дұрыс есептемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезіндегі субъективизм сияқты проблемаларды шешуге және білім беру мекемелерінің қаржылық жағдайына жедел мониторинг жүргізуге жақсы мүмкіндік береді.
Бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу процестері де автоматтандырылады.
Бұл – білім саласына бағытталған қаржыны ашық әрі тиімді пайдалануды қоғам болып қадағалауға бағытталған тағы бір қадам» деп жазды министр.