Жарнама
Жаңалықтар

ӘР ШАҢЫРАҚ БОЛСЫН БАҚЫТ БЕСІГІ…

 

БҮЛДІРШІН КҮЛКІСІНІҢ СЫҢҒЫРЫ

Махамбет ауданында тағы бір жаңа балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Аудан орталығы Махамбет ауылында «Балапан» бағдарламасы аясында 280 орынға негізделген су жаңа «Алтын-Ай» балабақшасының құрылысы өткен жылы сәуір айында басталып, жоспарланған уақытында пайдалануға беріліп отыр. Аудан тұрғындарымен қуанышты бірге бөліскен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы қатысты.

— Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Соның ішінде соңғы 2-3 жылда көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, тұрғын үйлер, балабақшалар, ауруханалар, мектептер және тағы басқалары кезекпен іске қосылып жатыр.

Оқу жылы басталғалы облыста бесінші балабақшаны пайдалануға бергелі тұрмыз. Жыл соңына дейін 280 орындық алты балабақша іске қосылмақшы. Оның біреуі осы Махамбет ауданына тиесілі. Алдағы уақытта Таңдайда – 90, Алмалыда 160 орындық балабақша құрылыстарын жүргізу мәселесі қаралып отыр. Жалпы, өңірде Елбасының 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие-біліммен 100 пайызға қамту тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 87,6 пайызға жетті. Мұндай қарқынды іс әрі қарай жалғасын таба бермек, — деген облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы аудан тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, облыста атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Бұған дейін ауданда 15 балабақша мен 16 шағын орталық бүлдіршіндерді тәрбиелеп келген. Аудандық білім бөлімінің басшысы Самат Жайлашевтің айтуынша, бұл – ауданда салынған ең үлкен балабақша. Мұнда 1-5 жас аралығындағы балдырғандар он екі топта тәрбиеленбекші. Әр топта екі тәрбиеші қызмет атқаратын болады. Жаңа нысанның ашылуы аудан орталығындағы жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешілуіне жол ашпақ. Балабақшаға 74 адам жұмысқа қабылдануда.

Жаңа балабақшаның іші кең, жарық әрі жайлы. Заманауи талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Ойын, би, оқу, спорт залдарымен, асханамен толықтай қамтылған.

Балабақшаның салтанатты ашылуы шарасында білім беру саласының ардагері Гүлнәр Мырзагереева аудан тұрғындары атынан Мемлекет басшысына, облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

— Міне, ауыл халқы «Балапан» бағдарламасының жүзеге асып жатқанының тағы да куәгері болып отыр. Аталған бағдарлама қабылданғанда өзім басқарған «Жауқазын», «Қызғалдақ» балабақшалары бір-бір топтан ашылған болатын. Қазір Елбасының сарабдал саясатының арқасында бағдарлама кеңінен іске асуда. Мұндай үлкен балабақшаның ашылуын ата-аналар көптен күткен еді. Арманымызға қол жеткіздік, — деп ол қуаныш сезімін жасырмады.  

АҚБОЗ ҮЙЛЕР КӨБЕЙДІ

Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында елдің әлеуметтік жағдайы артып келеді. Соңғы жылдары Махамбет ауданында да өркенді істер кең қанат жаюда. Ағымдағы жыл махамбеттіктер үшін сәтті де, берекелі кезең болды десек, артық айтқандық  болмас. Жуырда  Алға  және Ақжайық ауылдарында жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында қызметтік пәтерлердің кілттері иелеріне  тапсырылғаны жөнінде хабардар еткен болатынбыз. Сол игі бастама жалғасын тауып, аудан орталығында құрылысы аяқталған бір пәтерлік он үй пайдалануға берілді. Осы жолы да денсаулық сақтау және білім беру салаларының мамандары облыс басшысының қолынан жаңа пәтерлерінің кілттерін алып, қоныс тойын тойлады.

— Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы еліміздің экономикасының қарқынды дамуына байланысты, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов. — Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Үкімет, атқарушы органдар елдің әл-ауқатын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқаруда. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында облыста 2020 жылға дейін 40 мыңға жуық пәтер салынбақшы. Сол жалдамалы пәтерлердің 30 пайызы аудандарда бой көтереді. Кей аудан орталықтарында биыл үш қатарлы 60 пәтерлік үй құрылыстары басталды. Келесі жылы Махамбет ауданы орталығында да 60 пәтерлік бір үйдің құрылысына қаржы бөлеміз. Біз өткен жылы аудан орталықтарында он пәтерден салуға қаржы бөлген едік. Сол тапсырма орындалып, әлеуметтік салалардың он маманы баспаналы болғалы тұр. Қоныс тойы құтты болсын!

Сондай-ақ, аймақ басшысы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің көшелерін асфальттау керектігін айтып, аудан әкіміне жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға тапсырма берді. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Махамбет ауылының екі шақырымнан астам көшесі  асфальтталуының жобалық-сметалық құжаттары жасақталған. Биылғы жылы өңірде 22 миллиард теңгедей қаржы бөлініп, 191 шақырым жол түзелген. Бұл – облыс үшін бұрын-соңды болмаған жаңалық. «Бұл бағытта жұмыстар алға қарай да жалғасын табатын болады» деп облыс басшысы аудан тұрғындарын бір қуантып тастады.

Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мәлік Амановтың мәлімдеуінше, үйлердің құрылысын жүргізген – «Атырау ЖБИ – 2015» ЖШС. Жаңа баспаналардың құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Енді, міне, махамбеттіктер облыста алғашқы болып бұл тапсырманы орындап отыр.

— Бір үйдің ауданы 80 шаршы метрді  құрайды. Әр үй үш бөлмеден тұрады. Құрылыс жұмыстары заман талабына сай, ойдағыдай жүрді, үнемі бақылауда ұстап отырдық. Барлық инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілген. Ішінде қонақ, ас үй, екі жатын, жуынатын бөлмелері бар, — дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы. 

Бибігүл Мединиева Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының педиатрия факультетін өткен жылы бітіріп, «Дипломмен – ауылға!» жолдамасымен Махамбет аудандық орталық ауруханасына қызметке келген.

— Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көтерме жәрдемақы алдым. Алайда, тұрғын үй мәселесі қиындық туғызып келген болатын. Еңбекақымның жартысын пәтер жалдауға жұмсауға тура келді. Қызметке орналасу, баспаналы болу – әр жас маманның арманы. Қолдау білдіріп жатқан басшыларға шексіз алғысымды білдіремін, — дейді жаңа пәтер иесі Бибігүл Мединиева.

Әйгерім Жеңіс те Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен математика мамандығы бойынша білім алып,  ағымдағы оқу жылынан бастап аудан орталығындағы Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте қызмет атқаруда. Ол да екі ай бойы отбасымен пәтер жалдап келгенін айтып, Елбасының және облыс басшылығының білім беру саласына көрсеткен қамқорлықтарына шексіз алғысын білдірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Махамбет ауданы.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button