Жарнама
Жаңалықтар

«Әр секунд қымбат бізге»

Әдетте бас ауырып, балтыр сыздай қалса, алдымен жүгінетініміз «жедел жәрдем» қызметі. Шақырту түсе салысымен олар көмекті қажет ететін науқасқа жетуге асығады. Алайда медицина қызметкерлерінің сынға жиі ұшырап жататын кездері аз емес. Бұл көпшіліктің жұмыстың қаншалықты жауапты, әрі қиын екенін біле бермейтінінен болса керек. Ал дер кезінде жасалған көмек талай пенденің дәм-тұзы таусылмауына себепші.

Өмір үшін күрескен…

«Жедел жәрдем» қызметі – медицинаның іргелі, күрделі саласы. «Жедел», «шұғыл» деп аты атап тұрғандай, адамның тәнімен бірге жаны қиналғанда, дәрменсіз күй кешкенде ең алдымен науқас үшін жанын шүберекке түйіп, қалтқысыз қызмет ететін осы «жедел жәрдем «қызметінің мамандары. Ол үшін ең алдымен адамға мінез, үлкен жанқиярлық пен мейірімділік керек. Мінез батыл шешім қабылдай алуға, табанды әрі шыдамды болуға сеп. Мамандардың әр күні қарбалас пен жауапкершілікке толы. Күні бойы жол апаттары, жүрек талмасы, жарақат алғандар немесе күтпеген түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Әр шақыртуда олар науқасқа алғашқы көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға ұмтылады,-дейді облыстық жедел медициналық жәрдем бекеті директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Наргиз Абдрахманова.

Оның айтуынша, алдағы уақытта орталық бекет және 3 қосалқы бекет салу жұмысы жоспарланған. Дегенмен білгеніміз орталық бекеттің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталғанымен, құрылысы әлі басталмапты.

Наргиз Нұритдинқызы жедел жәрдемнің шақыртуы 4 санат бойынша қабылданатынын айтты. 

– Бірінші санат – өміріне қауіп төніп тұрған науқастар. Бұл шақыртуға бригада 10 минуттың ішінде баруға тиіс. Екінші, үшінші, төртінші санаттағы науқастарға да мамандар бұйрықта көрсетілген уақытта барады,-деді ол.

Ана мен бала өмірін құтқарды

Жақында «жедел жәрдем» бекетінің №9 бригадасының фельдшерлері Эльвира Кәримова мен Қанат Жексенбаев егіздердің өмірін аман сақтап қалды. Осылайша олар көпшіліктің алғысына бөленіп отыр. 

Эльвира мен Қанат кезекті кезекшіліктерінде қызметте еді. 29 желтоқсан күні «103» пультіне қоңырау түсе сала оқиға орнына небәрі 10 минутта жетті. Эльвираның айтуынша, бригада келгенде әйел босануды бастап кеткен екен. Қысылтаяң тұста фельдшерлер жедел әрекет етіп, кәсіби біліктіліктерін көрсеткен.

– Жанымдағы көмекшім екеуміз әйелді ақырын жатқызып, босандырып алдық. Баланың кіндігін кесіп, анасының үстіне қойдық. Мен алғашында балалардың егіз екенін білген жоқпын. Дегенмен абдырамай, екінші баланы да аман-есен дүниеге әкелдік. Мұнда көмекшім үлкен көмек жасады. 11 жылдық еңбек тәжірибемде «жедел жәрдем» көлігі ішінде де, үйдің ішінде де аналарды босандырып жүрдік. Алайда ана мен егіздердің өмірін бірінші рет аман алып қалып тұрмыз,-дейді Эльвира ағынан жарылып.

Екінші фельдшер Қанат Жексенбаевтың тәжірибесінде бұл жағдай алғаш рет кездескен екен. Себебі оның бұл қызметте жүргеніне небәрі 1 жыл ғана болған. 

«Жедел жәрдем» бригадасы үш адамнан тұрады. Оның 2-уі фельдшер болса, біреуі – көлік жүргізушісі. Шақырту кезінде көлік жүргізушісінің шыныменен рөлі жоғары. Өйткені адам өміріне қауіп төнген сәтте әр секунд маңызды.

Өткен жылы «жедел жәрдем» фельдшерлері бекеттен тыс жерде 49 рет босандыруға қатысқан. Мамандардың жоғары біліктіліктерінің арқасында ана мен бала өлімінің көрсеткіші айтарлықтай төмендеп отыр. 

«Жедел жәрдем» қызметіне мереке күндері түскен шақыртулар әдеттегі күндерге қарағанда 15-20%-ға көп болады екен. Жаңа жыл қарсаңында өңірдегі шұғыл медициналық қызметтер қарқынды кестеде жұмыс істеген.  Халық мерекені тойлап жатқанда дәрігерлер мен фельдшерлер адам жанын арашалауға асығады. Олардың жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес.

Өлім аузынан аман алып қалды

Желтоқсан айында «103» пультіне облыс орталығындағы Қостанай көшесінен шақырту түскен. Ол дер кезінде №20 бригадаға беріледі. Оның құрамындағы фельдшерлер Батырбек Дастан, Бексұлтан Шапиев және жүргізуші Қайрат Аманғалиев 9 минутта шақырту орнында болады.

1952 жылы туған әйел адам асқазан күйігі бойынша шағымданған. Алғашқы көмек көрсету барысында науқастың клиникалық өлім жағдайына түскені белгілі болады. Бригада дереу кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы шараларына кіріседі. Мамандардың айтуынша, жүрек ырғағының бұзылуын анықтайтын мониторда асистолия жағдайы көрсетілгесін науқасқа жанама массажы жасалған. Содан мониторда жүрек ырғағының бұзылуы анықталып, бұлшық етті электр тогымен соғу арқылы жүрек жасушаларын қайта синхрондау ісі атқарылған. Бригаданың алгоритмге сәйкес көмек көрсетуінің арқасында науқас аман қалып, облыстық кардиологиялық орталығына жеткізіледі. 

Осылайша «жедел жәрдем» қызметінің көмегімен өлім аузынан тағы да бір адам құтқарылып отыр.

Түйін: 

Аптап ыстық, ызғар суық демей, бір демде шақырту түскен жерге жетіп, білік пен тәжірибені ұштастыра дереу шешім қабылдау оңай іс емес. Бүгінде «жедел жәрдем» қызметі операторының, фельдшерінің жалақысы 150-300 мың теңге аралығында. Онысы әрине, аз. Керісінше, жүктемелері өте көп. Олай болса, мемлекеттің «жедел жәрдем» қызметіне лайықты құрмет, қолдау көрсеткендері дұрыс болар еді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Облыстық жедел жәрдем бекеті 1930 жылдың бірінші сәуірінде құрылды. Орталық Атырау қаласындағы Смағұлов көшесі 14 «а» мекен-жайы бойынша орналасқан. 1 орталық, 3 қосалқы бекет және аудандық 11 бөлімшелері бар. Қала бойынша 26 бригада, қосымша 4 пиктік бригада құрылған. Аудан бойынша 18 бригада, қосымша 2 пиктік бригада қызмет етеді. Бұл қызметте өңірде жалпы 739 адам жұмыс атқарады. 75 қызметкер бала күтіміне байланысты демалыста. 

Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы тәулігінде облысымыз бойынша жедел медициналық жәрдем пультіне тұрғындардан 874 шақырту келіп түскен. Оның ішінде 177 науқас стационарға жеткізіліп, 576 науқас үйде қалдырылған. 

Өткен жылдың 12 айында облыстағы жедел медициналық жәрдем бригадалары 395 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 1-3-санат – 551109 шақыртуға және 4-санаттағы 84376 шақыртуға емханалардың жанындағы бригадалар қызмет көрсетті.

Анар Аубакар, 

жедел бөлім меңгерушісі

Ата-аналар өте шыдамсыз

Тәулік бойы «103» пультіне 1000-ға жуық шақырту түседі. «Жедел жәрдем» бекетінің диспетчері 103 пультіндегі барлық шақыртуларды қабылдайды, оларды жеделділік санаты бойынша іріктейді. Бірінші санаттағы науқастардан түскен қоңырауды қабылдаған диспетчер науқастың мекен жайын, байланыс нөмірін толық жазып алады. Сондай-ақ бригада жеткенше телефон арқылы хабарласқан адаммен байланысты үзбей, науқасқа қажетті кеңесті айтады. 

Шақыртулар саны кешке қарай көбейеді. Әсіресе ата-аналар шыдамсыз. «Қызу түспей жатыр» деп дабыл қағатындар көп. Емханадан учаскелік дәрігер келіп, емін беріп кеткеннен кейін де бізді шақыра беретін тұрғындар бар. Тиісті бұйрық бойынша «жедел жәрдем» қызметінің мамандары қызуды түсіру үшін науқасты екпейді, парацетамол немесе ибуфен береді.  Науқасқа сұйықтықты көбірек ішкізу арқылы қызуды түсіруге болады. Алайда ата-аналар мұны ескере бермейді. Сырқаттың дене қызуы 38 градустан асқан жағдайда ғана жедел жәрдем шақырту керек. 

Дәулет Мүтиев, 

«жедел жәрдем» фельдшері

Болмашы ауырсынуларға шақырады

Бір науқасқа баласы, қызы, келіні хабарласуы мүмкін. «Бригада келмей жатыр» деп қоңырау шалатындар бар. Сөйтіп қоңырау саны көбейіп кетеді. Бұл екінші бір науқастың шақыртуын қабылдауға кедергі келтіреді. «Тісі ауырып жатыр» деп шақыратындар да кездеседі. Тісі ауыратын (асқынулар болмаса) науқастарға бару «жедел жәрдем» қызметінің міндетіне кірмейді. Адамдар «көшеде біреу жатыр» деп те «жедел жәрдем» шақырады. Барсақ ол адам кетіп қалған болып шығады. Міне, мұның бәрі уақыт алады. 

«Жедел жәрдем» қызметінің мамандары шақыртуға барғанымен, олар алғашқы көмекті ғана береді. Ем тағайындауға құқықтары жоқ.  Сол себепті созылмалы дертке шалдыққан, өміріне қауіп төніп тұрмаған әр пациент өзі бекітілген емханаға таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін барып, учаскелік дәрігерден ем алуы керек. 

Таңатар Тоғжанов, 

«жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі:

Өмір – кезек

Шақырту түскенде науқасқа баратын медициналық қызметкерлер де, оларды жеткізетін жүргізуші де дайын болуы керек. Көлік сақадай сай тұруы қажет. Оның техникалық жай-күйі мен мекенжайға уақытында жетуі де бізге жүктелген міндет. Бар мүмкіндігімізше шақырту түскен жерге жедел жетуге ұмтыламыз. Әрине, қазір қыс мезгілі болған соң, жол тайғақ, жылдамдықты асыру өте қауіпті. Адамның өмірі – аса маңызды. Жүргізушілердің бізге жол беріп, түсіністік танытуын сұраймыз. Себебі өмір – кезек, ауыр жағдай кімнің де басына түсуі ықтимал. 

«Жедел жәрдем» неше минутта келуі тиіс?

«Жедел жәрдем» шақыртуы 4 санат бойынша қабылданады.

Бірінші санатқа мынадай ауруға шалдыққандар жатады: есінен тану, тыныс алудың тоқтауы, жүрек тоқтауы, тыныс алу жолдарында бөгде заттың болуы, есеңгіреу халі, сіңір тартылу, кеуде тұсының ауырсынуы, бұлшық еттердің әлсіреуі, орталық нерв жүйесінің бұзылуы (сал ауруы), жындану, зақым келу салдарынан қан кету, жарақат алу салдарынан қан кету, бас, мойын жарақатынан қан кету, күйік, үсік шалу, жануарлар мен жәндіктердің залал  келтіруі, қан аралас құсу. Сондай-ақ, жарылыс, өрт, су басу секілді төтенше жағдайлар болғанда тұрғындарға бірінші санат бойынша шұғыл қызмет көрсетіледі.

Екінші санат бойынша «жедел жәрдем» қызметі шақырылған орынға 15 минуттан аспайтын уақытта жетуге тиіс. Екінші санатқа жататындар: пациенттің ес-түсінен айырылуы, тыныс алу жолдарының бұзылуы (демікпе, аллергия, жүрек ауруы, улану жағдайлары және т.б.), жүрек соғысының бұзылуы, 3 жасқа дейінгі балалардың дене қызуы 38°С жоғары болуы, бөртпе, жарақат алу салдарынан қан кету,  улану, жүкті әйелдердің бас ауруы, құсу, іш өту.

Үшінші санат бойынша «жедел жәрдем» қызметі шақырылған жерге 30 минуттан аспайтын уақытта жетуі қажет. Бұл  санатқа жататын ауру түрлері: жарақат алу, іш ауруы, дене қызуының көтерілуі, жүкті әйелдердің іш ауруы (жүктіліктің тоқтатылу қаупі), балалардың күйіп қалуы, үсік шалуы.

Төртінші санат бойынша «жедел жәрдем» қызметі шақырылған жерге 1 сағаттан аспайтын уақытта жетуі керек. Оған төмендегі жағдайлар жатады: өмірге қауіп төндірмейтін созылмалы аурулардың асқынуы, терінің қабынуы, ісінуі, жеңіл жарақаттар, созылмалы аурулардың қабынуы, тамақтан улану салдарынан іш өту, құсу, жүкті әйелдердің құсуы (12 аптаға дейін), босану, түсік жасатудан кейінгі асқынулар, т.б.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button