Жарнама
Жаңалықтар

ӘР САЙЛАУШЫНЫҢ ДАУЫСЫ МАҢЫЗДЫ

Әр сайлаушы жеке өзі дауыс береді. Басқа сайлаушылар үшін дауыс беруге рұқсат берілмейді. Сайлау бюллетені сайлаушыға паспортын немесе азаматтың паспортын алмастыратын құжатын көрсетуі бойынша беріледі, бұл – жеке куәлігі, уақытша жеке куәлігі, мерзімді әскери қызметкерлер үшін әскери билет.

Егер сайлаушы өз елді мекенінен тысқары кетсе, ол дауыс беру күні болатын жердегі сайлау учаскесінде бюллетень алу үшін азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттан басқа есептен шығару куәлігін ұсынуы тиіс. Бір елді мекен шегінде есептен шығару куәліктері берілмейді. 25 сәуірде 18.00 сағатта сайлау учаскелерінің есептен шығару куәліктерін беру уақыты тоқтатылады.

Сайлаушы бюллетеньді алғаны үшін қол қоюы тиіс. Одан кейін учаскелік комиссия мүшесі, сондай-ақ, сайлаушылар тізіміндегі тиісті бағанда және берілген бюллетеньде қолын қояды. Бюллетень берген учаскелік сайлау комиссиясы мүшесінің қолынсыз ол дауыстарды санау кезінде жарамсыз деп танылады, сонымен қатар дауыс берушінің ерік білдіруін анықтау мүмкіндігі болмаған бюллетеньдер де жарамсыз деп танылады. Егер сайлаушы бюллетеньді қате толтырса, ол учаскелік сайлау комиссиясына орнына жаңасын алу туралы өтінішпен жүгіне алады. Сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылып, бүлінген бюллетень жойылады.

Бюллетеньді сайлаушы басқа адамдар кіруге болмайтын арнайы жабдықталған кабинада толтырады. Сайлаушы денсаулығының жағдайына байланысты сайлау бюллетенін өздігімен толтыра алмаса, ол өзі сенген адамның көмегін пайдалана алады. Бұл адам – учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттың сенім білдірілген адамы немесе журналист, байқаушы немесе әкімдіктің өкілі бола алмайды деген ескертпемен. Көмектескен адамның тегі дауыс бергеннен кейін сайлаушылар тізіміндегі дауыс берген сайлаушы тегінің тұсына енгізіледі.

Дауыс беру өзі таңдау жасаған кандидатқа қатысты шаршыда кез келген белгі қою арқылы жүргізіледі. Қарындашпен белгі қоюға болмайды. Толтырылған бюллетеньдер дауыс беруге арналған мөлдір жәшіктерге тасталады.

Денсаулығының жағдайына немесе отбасының сырқаттанған мүшесін күтуіне байланысты дауыс беруге келе алмайтын азаматтардың үйде дауыс беру құқығы бар. Бастысы, 26 сәуірде 12.00 сағаттан кешіктірмей бұл факт туралы учаскелік сайлау комиссиясына хабарлау қажет, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының көрсеткен мекен-жайы бойынша дауыс беруді ұйымдастырады. Елдің шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарының тұрғындары осылайша дауыс бере алады. Әрбір сайлаушының дауысы маңызды және сайлауды ұйымдастырушылардың міндеті – әрбір сайлаушы өзінің сайлау құқығын іске асыра алуын қамтамасыз ету.

(«Егемен Қазақстан» 23 сәуір 2015 жыл).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button