ӘР АУЫЛДЫҢ БАС ЖОСПАРЫ БОЛАДЫ
Алдымен облыс орталығы аумағындағы сегіз елді мекен мен Мақат өңіріндегі Бәйгетөбе ауылы бойынша дайындалған бас жоспарлардың жобасымен «Казгипроград-1» жобалау институты» ЖШС (Алматы қаласы) директорының орынбасары Ильяс Темербаев таныстырды. Оның мәлімдеуінше, жеңілдетілген нұсқада әзірленген бас жоспардың жобасымен Атырау қаласына қарайтын Бесікті, Дамбы, Амангелді, Атырау, Құрманғазы, Жаңаталап, Еркінқала және Тасқала селолары қамтылған. Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысына сәйкес, әуелі жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспары мен кестесі, алдын ала дайындық шаралары бұған дейін өткізілген кеңес отырыстарында келісіліп, мақұлданған.
Институт мамандарының осындағы әріптестерімен бірлесе, ұсыныс-тілектерін ескере отырып орындаған жұмыстарының нәтижесінде, жоғарыда аталған елді мекендердің таяу болашаққа арналған және ұзақ мерзімге есептелген даму жоспарлары қаперге алынған. Қолданыстағы және келешекте салынатын өндірістік, әлеуметтік нысандар, инженерлік инфрақұрылымдар, коммуникациялар мен коммуналдық шаруашылық жүйелері, тұрғын үйлер, жөнделетін, жаңадан төселетін көлік және көше жолдары, соған сай тұрғындар санының өсімі, төтенше жағдайларға байланысты халықтың бір жерден екінші жерге көшірілу жоспары, тұтастай алғанда, әрбір ауылдың әлеуметтік тұрғыдан өсіп-өркендеу көрсеткіштерінің қандай деңгейге көтерілетіндігі тәптіштеп түсіндіріліп, кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Әр селоның аумақтық даму тенденциялары (оның ішіне әлгінде аталып кеткен критерийлердің бәрі кіреді) екі түрлі нұсқада көрсетілген.
Осылайша, ағымдағы жылдың шілде айында қолға алынып, тамызда тағы бір мәрте пысықталып, қыркүйек айының соңғы онкүндігінде өткізілген қоғамдық тыңдауларда қаралған бас жоспардың жобалары облыстық кеңестің осы жолғы отырысында жан-жақты талқыланып, негізінен мақұлданды. Дегенмен, әлі де болса қайта қарап, ақылдасып-кеңесіп барып бір шешімге келетін тұстардың да барлығы қаперленді. Оған қоса, орындалуы үш кезеңге есептелген бас жоспардың тұтастай алғандағы мерзімі 35 жылды қамтитындығы алға тартылды.
Дәулетқали АРУЕВ.