
«Ақжайықтағы» өрт қаупі бар учаскелерге тәулік бойына кезекшілік қойылды
Өрт бірнеше қайтара сөндірілгеніне қарамастан, «Ақжайық» табиғи резерватының жекелеген учаскелерінде от қайта тұтануда. Бұл шымтезекті және батпақты алқаптарға тән жағдай. Мұндай өрт ошақтары ұзақ уақыт бойына жойылмай, күн ысыған уақытта қайта түтіндеуі ықтимал, — деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осыған орай, Атырау облысының жедел штабының тапсырмасы негізінде өрт шығуы мүмкін аумақтарда тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды. Оған төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері, орман шаруашылығы өкілдері мен «Ақжайық» МТР инспекторлары тұрақты режимде жұмылдырылды.
Бұған қоса, жағдайға жерден де, әуеден де мониторинг жасалып отыр. Жаңа өрт ошағының пайда болуы мен қайта тұтану жағдайында шұғыл әрекет етуге баса назар аударылған.