Жарнама
Жаңалықтар

Ақын, журналист Сәулеш Шәтенова құрметті зейнет демалысына шықты

​«Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты Жылыой аудандық «Keń Jyloı» газетінің бас редакторы, ақын, Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Сәулеш Шәтенова құрметті зейнет демалысына шықты.

​Осыған байланысты «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің ұжымы саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған әріптеске құрмет көрсетіп, салтанатты түрде атап өтті. 

​Шараның шымылдығын ашып, ақжарма тілегін арнаған  «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркенов көп жылдар бойы аймақ журналистикасына өз үлесін қосып, қазыналы Жылыой өңірінің тыныс-тіршілігін газет бетіне қаттап, тарихқа таңбалаған әріптестің еселі еңбегінің мол екендігін айтты.

​– Жуырда өзіңіз жиырма жылдың үстінде басқарған басылымның 90 жылдық мерейтойын бірге атап өттік. Жылыой ауданында өзіңіздің орныңыз бар, абыройлы қаламгер екендігіңізге куә болдық. Кезінде газеттің таралымы 11 мың данаға дейін жетуі өзіңіздің өлшеусіз еңбегіңіз екендігі сөзсіз. Алдағы уақытта облыстың төл басылымы «Atyraý» газетінің 100 жылдық торқалы тойын атап өткелі жатырмыз, сол шарада өзіңізді ардагер ретінде ардақталып, төрден орын аласыз деп есептеймін. Сізге серіктестік атынан, барша оқырмандарыңыздың атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, — деген Жасын Ерсінұлы облыс әкімі мен серіктестіктің құттықтау хатын табыстап, сыйлық тарту етті.

​Қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистік қызметте Сәулеш Тәжіқызымен қатар жүріп келетін сыйлас әріптестері де жылы лебіздерін білдіріп, өткенге бір сәт тоқталды.

​– Сәулеш әріптесіміз, студент кезінен томаға тұйық жүрсе де өлеңдері отты болып, жұрттың назарына ерте ілікті. Содан бері жырлап келе жатыр. Оның журналистика саласында да еңбегі зор. Еңбектің зейнетін көретін шағыңыз келді. Шабытың шалқып, шығармашылығың тоқтамасын. Ағалық, әріптестік лебізімді білдіре отырып, отбасың аман болып, бала-шағаңның қызығын көруге жазсын, — деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов.

​Сонымен қатар, «Сарайшық» әдеби-мәдени журналы бас редакторының орынбасары Нұрым Ерғалиев, облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Азамат Базарбаев мерейгерді құттықтап, газеттің өткені мен бүгініне тоқталды.

Сондай-ақ, мерейгерге «Атырау облыстық бас редакторлар клубының» Құрмет грамотасы табысталды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button