Жарнама
Жаңалықтар

Ақынға арналған рухани іс-шара Атырауда жалғасып жатыр

Абай орталығының алаңында тігілген киіз үйлер Абай дәуірінің тынысын сезіндіреді. Бала-шаға, қыз-жігіт, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қариялар ұлттық киімде жүріп, сахналық көрініс шынайы ауыл өмірін еске салды. Киіз үйлер маңында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, бір шетте кір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі сияқты ұлттық спорт ойындары өтті.

a6671c40 e8f0 41b8 854a be7734cdce3a

Абайдың ұлылығы мен адамзатқа арнаған идеяларын дәріптейтін бұл шара ұлтқа ұран болған, халқын қайратқа шақырған, өлеңмен ой түйіп, қара сөзбен тағылым таратқан ұлы ақынға арналды.

Іс-шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан кейін Жастар театры әртістері ұлы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады.

Алыдмен Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жиналған жұртшылықты ақынның мерейтойымен құттықтады.

6c4a6764 81d2 4dc3 9161 1b80705e4a39

– Қадірменді жерлестер, өнерсүйер қауым! Бүгінгі шара – руханиятымыздың темірқазығына айналған Абай әлеміне тағзым ету, ұлт болмысына терең таным қалыптастыру сәті.
Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған бұл игі бастама бізді ой мен парасаттың, әділет пен ізгі дәстүрдің жолына жетелейді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында ұлттық тарихи жады мен рухани құндылықтарды жаңғыртуды үнемі атап өтеді. Осы орайда Абай мұрасын ұлықтау – елдіктің үлкен ісі. Оның толық адам ілімі, халық пен ел басқару, білім мен тәрбие жөніндегі ойлары – бүгінгі ұрпаққа бағалы бағдар.
Атырау өңірі де Абайдың даналық мұрасын бағдар етіп, өскелең ұрпаққа жеткізуге атсалысып келеді. Бұл – өңірдің мәдениет пен ұлттық тәрбиені сабақтастыра отырып, ұлы баба рухына көрсеткен құрметінің көрінісі.

c4a56442 79a9 4750 97cc 2fe003204e76

Абай сөзі – қазақ халқының мәңгілік рухани шамшырағы. Ол өз заманының ғана емес, бүгінгі және келер буынның да жүрегінде орныққан ұлы тұлға. Ендеше, баба мұрасымен сусындап, бірлік пен ізгіліктен ажырамайық, — деді Қайрат Талапұлы.

Содан соң Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақанов Бұл іс-шара халқымыздың кемеңгеріне деген шексіз құрметінің, терең танымының айқын көрінісі екендігін айтып, үлкен тебіреніспен сөйледі

– Бүгін біз ұлт руханиятының алтын қазынасына айналған ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын атап өту үшін жиналып отырмыз.
Мен өз өмірімде мұндай Абайға арналған орталықты Атыраудан ғана көрдім. Бұл – елдің дархандығы, тереңдігі, Абайдың кім екенін жан-жүрегімен түсінген жұрттың мәрттігі.

4afa57b8 b20a 42bb 99ff 735657f66ffa

Абаймен алғашқы таныстығым бала кезімде басталды. Соғыс жылдарында ауылдағы жалғыз патефоннан Ришат Абдуллиннің орындауындағы Абайдың терең сырлы әндерін тыңдадық. Сол үн – біздің санамызда Абайдың үні болып қалыптасты.
Кейін студент болып, филология факультетінде оқу бақыты бұйырды. Бізге дәріс берген – Абайды бүкіл әлемге танытқан ұлы Мұхтар Әуезов еді. Оның лекциясын тек студенттер ғана емес, қала тұрғындары, офицерлер, ұшқыштар, қариялар да келіп тыңдайтын. Әуезов Абай әулетімен туыстай араласқан, сондықтан ұлы ақынның өмірін, мінезін, болмысын, жаратылысын терең білетін. Ол бізге романға енбеген, бірақ аса құнды деректерді де жеткізетін.

e15cfd7f ff6d 4eba af79 0f81b7ab6c42

Сол дәрістерден біз Абайдың даралығын, оның адамзат мәдениетіндегі орнын түсіндік. Абай – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың Абайы. Ол – қазақ даласының даналығын, шығыс поэзиясының тереңдігін, батыс классикасының биігін бойына сіңірген теңдессіз тұлға. Гете, Пушкин, Лермонтов сынды алыптармен тең тұратын кемеңгер.
Абай – біздің ұлттық рухымыздың шыңы. Оның ойлары мен өсиеттері бүгін де, ертең де адамзатқа жол көрсететін шамшырақ болып қала береді.

977cda75 5eeb 4b1f 9980 a0116fcf2282

Сондықтан бүгінгі ұлы мерейтой – тек өткенді еске алу ғана емес, Абайдың сөзімен, Абайдың жолымен өмір сүруге ұмтылудың белгісі. Халқымыздың осындай ұлы тұлғасын ардақтай білуі – біздің болашағымыздың кепілі.
Баршаңызды осы мерейлі күнмен шын жүректен құттықтаймын!
Абай мұрасы жасай берсін, — деді белгілі композитор.

6dee9b53 f08d 4edd b3be 36da5434a1c2

Кеш барысында «Меруерт» үлгілі халықтық би ансамблі қазақ биін биледі. Өңір өнерпаздары сахнада Абай бейнесін сомдап, көрерменге кемеңгердің өмір жолын көзбен көргендей әсер сыйлады. Әр кезеңдегі Абай сахнада жеке орын алып, өз дәуірінің үнін жеткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Абай өлеңдерін оқып, ақын сөзі арқылы ұлттар арасындағы достық пен сыйластықты паш етті.

Атыраулық композитор марқұм Шәмшиден Шәріповтың Абай өлеңіне жазған «Абай сыры» әнін талантты әнші Медет Қарамырза орындады. Халықаралық «Талант» сыйлығының иегері Жасұлан Базарбаев «Сегіз аяқ» әнін шырқаса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғымаров «Айттым сәлем Қаламқас» әнімен көпшілікті тәнті етті.

f00372ef 2927 4271 b06b 819b6b8de3aa

«Абай – өткеннің емес, бүгін мен болашақтың темірқазығы. Оның ізімен жүрген ел – адаспайды, тозбайды, тоздырмайды» деген оймен іс-шара мәресіне жетті.

Шара соңында қол күресі, арқан тарту, кір тасын көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойын жарыстарының жеңімпаздары марапатталды.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button