«Ақтөбе-Лаэти мен Атырау қалаларының тарихы қайта зерттеледі

aktobe 3 Жаңалықтар

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Атырау өңірінің ортағасырлық тарихына арналған «Ақтөбе-Лаэти мен Атырау қалаларының тарихы: жаңаша көзқарас» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Пленарлық мәжіліс Жошы Ұлысы кезеңінде Каспий теңізінің солтүстік-шығысында пайда болған елді мекендерге жүргізілген соңғы зерттеулер қорытындысын ғылыми айналымға енгізу мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов қатысып, конференцияға арнайы келген мамандарға алғысын білдіріп, панелдік отырыс жұмысына сәттілік тіледі.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиев іс-шарада ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығының қазіргі Атырау қаласымен тарихи байланысын анықтауда жаңаша көзқарас қалыптастыру көзделгенін айтып өтті.

  • Бүгінгі конференцияның мақсаты – Ақтөбе-Лаэти қалашығының ары қарай зерттелуін және Атырау қаласымен байланысын анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Отырыс барысында «Ақтөбе-Лаэти» атауындағы «Лаэти» сөзінің мағынасы толық зерттелмегендіктен, бірнеше анықтама беріліп, қалашықтың атауын өзгерту туралы ұсыныстар айтылуда. Сондай-ақ биыл Атырау қаласының 383 жылдығын тойлап жатырмыз. Дегенмен қазіргі келген археологтар бұл қаланың негізінде Алтын Ордалық қала жатыр деген пікір айтуда. Ең бірінші осы Ақтөбе-Лаэти қалашығы бар, екіншіден қала аумағында ортағасырлық қоныстар болуы мүмкін деген мысалдар келтірілді. Осы сынды мәселелерді анықтау және археология саласына көп көңіл бөлу үшін бүгінгі ғылыми-практикалық конференция өткізілуде, – деді М.Кипиев.

Конференцияға еліміздің және Ресей мемлекетінен арнайы келген белгілі ғалымдар, тарихшылар, археологтар, этнологтар қатысып, тақырып аясында баяндамалар жасап, өз пікірлерін ортаға салды.

Соның бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің археология, антропология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің айтуынша, бұл конференция өлке тарихын зерттеуге үлкен үлес қоспақ.

  • Бұл жиында Атырау қаласының төңірегіндегі ежелгі қалалар туралы тың деректер айтылуда. Шетелдік және еліміздің ғалымдары әр қайсысы түрлі тақырыпта баяндамалар жасап, тың ақпараттармен бөлісуде. Бұл осы өлкенің тарихын зерттеуге қосқан үлкен үлес болады. Біз мұнда Ақтөбе-Лаэти қалашығының атауы мен оның қашан пайда болғандығы жөнінде нақты жауап аламыз деп сенемін. Алдағы уақытта да көлемді қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алу қажет. Бүгінгі айтылған жаңа зерттеулерді саралай отырып, осы қалашықтықтың зерттелуі туралы еңбек жарық көрсе деген ойымыз бар, – деді М.Елеуов.

Конференцияның панелдік отырысында Каспийдің солтүстік-шығысындағы ортағасырлық ескерткіштердің зерттелу тарихы мен тарихнамасы, ондағы Жошы Ұлысы кезеңіндегі ескерткіштерді археологиялық зерттеу материалдары және «Ақтөбе-Лаэти: Жайықтың Каспийге құяр сағасындағы ірі ортағасырлық елді-мекен», Атырау қаласының тарихы және оның ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығымен тарихи сабақтастығы сынды төрт бағыт қаралды.

Айта кетейік, конференция соңында қатысушылар мен тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Сонымен қатар пленарлық мәжіліс қорытындысында материалдар жинақ түрінде басылып шығатын болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз