Жарнама
Жаңалықтар

Ақтауға эвакуацияланған құлсарылық балалардың жағдайы қалай?

Атырау облысы Жылыой ауданындағы су тасқыны салдарынан Ақтауға уақытша қоныстанған балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Көрші облыстағы әріптестеріміз – mangystaumedia.kz сайтының хабарлауынша, түрлі танымдық бағыттағы шаралар Маңғыстау туризм колледжіне қарасты «Рухтан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және бірнеше жергілікті кәсіпкердің қолдауымен өткізілуде.

Мәселен, «Рухтан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнұр Кушанованың мәлімдеуінше, балалар бір апта бойы тегін «Kids Park» ойын алаңында ойнаған. Сонымен қатар Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының қойылымдарын тамашалады. «KinoPlexX» қолдауымен 60 бала ата-анасымен бірге «Пейіш» фильмін тегін көрді. Бұдан басқа 13 жасөспірімге «Salam bro» фастфуд желісі тәтті тағамдары сыйға тартылған.

–Біздің басты мақсат балалардың көңілін аулау, қуаныш сыйлау, бос уақытын тиімді пайдалану. Колледж волонтерлары екі мезгіл балаларға сурет салғызып, түрлі қызықты ойындар ойнатып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысты. Ал мұғалімдер күні-түні атыраулықтарға қолдау көрсетіп, қызметін ұсынды. Осы орайда біздің бастамаға қолдау білдірген кәсіпкерлерге, көлікпен қамтамасыз еткен Ақтау қалалық әкімдігіне алғыс айтамыз, — дейді Г.Кушанова.

Айта кету керек, қазір Маңғыстау туризм колледжінің жатақханасы мен спорт залына 130-дан астам тұрғын келіп, қоныстанды. Оның ішінде 61 ересек, 69 бала бар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button