
Ақтау – Бейнеу тас жолы ақылы болады
17 тамыздан бастап республикалық маңызы бар Ақтау – Жетібай – Шетпе – Бейнеу бағыты бойынша жол бөлігі ақылы негізде пайдаланылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің бұйрығында көрсетілген.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, ақылы жол учаскесі 786-шы шақырымнан 513-ші шақырым 850 метрге дейінгі аралықты қамтиды. Аталған бағыт Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау тасжолының құрамына кіреді.
Ақылы учаскенің жалпы ұзындығы – 272,15 шақырым. Бұл жол алдағы 20 жыл бойы ақылы түрде қолданылады.
Жол жүру ақысы (бір бағытта):
- Жеңіл көлік – 127 теңге;
- 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 1698 теңге;
- 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 3428 теңге;
- 32 орыннан асатын автобустар және 10 тоннаға дейінгі автопойыздар – 5120 теңге;
- 10–15 тонна аралығындағы жүк көліктері – 6856 теңге;
- 15 тоннадан асатын жүк көліктері – 8555 теңге.
Министрліктің мәліметінше, ақылы жол жүйесі жол сапасын сақтау, жөндеу және қызмет көрсету шығындарын жабу үшін енгізіледі. Сонымен қатар бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мен цифрлы бақылау жүйесін кеңейтуді көздейді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ