АҚШ елшілігінің Қазақстандағы өкілінің Атырауға не себепті келгені белгілі болды
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова Қазақстандағы АҚШ елшілігінің өкілімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар адам құқығы, азаматтық қоғамды дамыту, әлеуметтік қорғау және экономикалық мәселелерге тоқталды» деп хабарлайды Atr.kz
Бақытгүл Хаменова әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тобына елімізде, өңірде көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы ақпарат беріп өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, Қазақстан «Жұмыспен қамту» және өзге де көптеген мемлекеттік бағдарламалар арқылы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға әлеуметтік төлемдерден бөлек, қайта кәсіптік білім алып, жеке бизнеспен айналысуына мүмкіндік беріп отыр.
«Біз кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында Америка Құрама Штаттарымен және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Демократиялық құндылықтарды қоса алғанда, Қазақстан АҚШ-пен барлық салаларда ынтымақтастықтың дамуына және отандық экономикада америкалық бизнестің ұзақ мерзімді болуына мүдделі. Америкалық компаниялар инвестицияларының басым бөлігі энергетика саласына бағытталған және олардың көпшілігі Атырау облысында жұмыс істеуде» деп атап өтті Бақытгүл Хаменова.
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің саяси мәселелер жөніндегі өкілі Дэниел Хэдли АҚШ үшін Қазақстанның стратегиялық әріптес болып қала беретіндігін айтты. Және күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген өзекті мәселелерді оң бағалады.
Сондай ақ, тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы саяси және қоғамдық реформаларын жаңғырту мәселелерінің маңызына тоқталды.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі — демократияландырудың өзекті мәселелерін жедел талқылау үшін тиімді алаңға айналды. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар, соның ішінде адам құқықтарын ілгерілетуге, демократияландыруға бағытталған саяси партиялар құру құқықтарын кеңейту, діни бостандық пен бейбіт жиналыстарды ілгерілетуді қамтитын демократиялық реформалық бағдарламалардың табысты іске асып жатқандығын атап өтуіміз керек» деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Еске сала кетелік, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің саяси мәселелер жөніндегі өкілі Дэниел Хэдли бастаған делегация құрамында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің саяси тұрақтылық жөніндегі бөлімінің кеңесшісі Эдвардас Александрас болды.