Ақкиізтоғайдағы ахуал қалай?
Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылында су деңгейінің көтерілу жиілігі артуда. Қазір бұл көрсеткіш 325 сантиметрді құрайды.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақовадан білгеніміздей, 3 сәуір түнгі сағат 01.40-тағы мәлімет бойынша, Ақкиізтоғайдағы қауіптің алдын алуға 11 техника, 100 шақты адам жұмылдырылып, топырақ төгу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ 1500 қап құм толтырылды. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары мен еріктілер де атсалысып, тәулік бойы еңбек етуде.
-Жергілікті әкімдік және төтенше жағдай бөліміндегілер қатердің бетін қайтару үшін дамбыларды нығайту бойынша қажетті шаралардың барлығын қабылдап жатыр, — дейді Г.Айшуақова.
Сондай-ақ тұрғындардың осындай сын сағатта әлеуметтік желілердегі бейресми ақпараттарға сеніп, дүрбелең туғызбаудың маңыздылығын атап айтты. «Атырау» шағынауданында азаматтарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр» деген ақпараттың ресми емес, жалған мәлімет екенін де жеткізді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ