Мәдениет және спорт министрі өнерлі жастармен кездесті

елбасы жолдауы Жаңалықтар

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырауға тұңғыш рет іссапармен келді. Ол Атырау музыка колледжінде өнерлі жастармен кездесті. Министрдің жұмыс сапары барысындағы алғашқы кездесуіне облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысты.

елбасы жолдауы

Оқу орнына – жаңа жатақхана

Колледжде оқитындардың 99 пайызы – ауылдан келген    жастар. Осы мәселе ескеріліп, бүгінгі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен оқу орнының жатақханасы бой көтеруде. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Басқосуда колледж директоры, өнертанушы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнар Сәдуақасова меймандарға білім ордасының тарихын қысқаша әңгілемелеп берді.

Министр Атырауға сапарының негізгі мақсатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған міндеттерді талқылау бойынша келгенімен байла- ныстырды. Елбасы атап өткендей, бірінші кезекте – жаңа технологиялармен сапалы білім беру бағыты тұр.

– Қашан да ғылымы мен білімі мықты мемлекеттер бәрінен жоғары тұрады. Өйткені, материалдық байлық күндердің бір күнінде таусылады. Ал, білім ешқашан бітпейді. Ізденсең, жетіле түсесің. Сондай-ақ, бүгінгі заманда бізге төрт құндылық қажет. Олар – білім, рухани байлық, салауатты өмір салты және таза су. Міне, осы құндылықтармен ғана ел дамиды, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, ол елімізде өткен Универсиада жетістіктеріне де тоқталды. «Әлемдік доданы мемлекетімізде ұйымдастыру арқылы жүздеген жастардың спортқа деген қызғушылығын арттырдық. Оның үстіне бұл дода қаншама адамның салауатты өмір салтын ұстануға бет бұруына мұрындық болды. Әлем елдерінің назарын Қазақстанға аудартты. Халықты танымал ететін – сол елдің спорты мен өнері» деді ол.

 «Әміре – Парижде» фильмі түсіріледі

Министр халықтың сүйікті әншісі, әлемдік жұлдыз атағын иеленген Димаш Құдайбергеновті де назардан тыс қалдырмады. «Димаш секілді жастарымыз ауылдарда өсіп келеді. Оларды қолдау – біздің мінде-тіміз» – деді ол.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет саласында жүзеге асырылатын жобаларды да таныстырды.  Қазіргі күні көрнекті тұлғаларға арналған фильмдер қатары «Тұмар ханшайым» («Томирис»), «Сұлтан Бейбарыс» (жаңа сериясы), «Әміре – Парижде» туындыларымен толыға түспек.

Сонымен қатар, елімізде биыл Чайковский атындағы халықаралық байқау ұйымдастырылады. Бұл Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаеваның ұйытқы болуымен өтпек.

Өнер колледжі қай министрлікке қарайды?

Колледждің оқытушылары осы ақжолтай жаңалықтан кейін министрге көкейде жүрген сауалдарын  жолдады.

– Біздің оқу орны қазір Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Бұл бізге оңтайлы болмай тұр. Оқытушыларымыздың біліктіліктерін арттыруына, студенттердің конкурсқа қатысуына  қолдау кемшін. Қаржы таппай қиналамыз. Өнер колледжі Мәдениет және спорт министрлігіне қараса жақсы болар еді…

– Біздің министрлікке еліміздегі төрт жоғары оқу орны ғана  қарайды. Олар – Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория, «Шабыт» өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы және өткен жылы ашылған Астанадағы хореография академиясы. Қал-ған білім беру ұйымдары Білім және ғылым министрлігіне бағынышты. Дегенмен, бір елде тұрып жатқандықтан, бюджетіміз де бір. Олқылықтардың шешімін жергілікті жерде табуға болады.

– Осы кезге дейін жергілікті, орталық телерналардан жас орындаушылар мен әнші-лерді насихаттайтын бағдарламалар жүргізілетін еді. Қазір олар атымен жоқ. Жастарға үлкен сахнаны бағындыру үшін қолдау керек. Сондай-ақ, белгілі өнерпаздардың есімін ұлығылау бағытында олардың атына көше, мектеп атаулары берілгені жөн болар еді…

– Атырау өңірі дарынды тұлғалардан кенде емес.  Сондықтан, оларды құрметтеу – парызымыз. Осы кезекте, оқытушылардың ұсынысы бойынша, Атырау музыка училищесінің негізін қалаған көрнекті композитор  Сейілхан Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Қарабалинаның және танымал домбырашы Боздақ Рзахановтың есімін ұлықтау, ұрпаққа өнеге етіп қалдыру мақсатында жасалынатын жұмыстарға қолдау білдіремін, – деді министр оқытушылардың сауалдарына орай.

Ономастикалық комиссия мақұлдаса, тұлғалардың есімдерін беру мәселесі таяу күндері шешімін тауып қалары анық.

Министр шырқаған ән

Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, бір мықты, кәсіби әртісті дайындап шығару үшін кемінде он бес жыл еңбектену қажет. Сол себепті, өнерге баланы жастан баулыған дұрыс. Мәселен, бірнеше инженерді даярлауға бір мұғалім жеткілікті. Ал,  жалғыз баланы өнерлі ету үшін де бір мұғалім керек. Өнердегі жетістік – бірер жылдың ғана емес, он бес, жиырма жыл бойына сіңірген еңбектің, төккен теріңнің арқасында келеді. Спортшылар да солай. Мұз айдынын бір жылда тұрғызуға болады. Бірақ, бір баладан мықты хоккейші шығару үшін қанша жыл керек екенін ойлай беріңіз?! Сондықтан, мәдениет пен спорт – көп жылғы жобалардың жемісі.

Академиядағы кездесудің соңы министр Арыстанбек Мұхамедиұлының роялда ойнап, студенттер хорының орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бірге қосыла   шырқауымен тәмамдалды.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз