Ақ тілеулі асыл жандар (+ФОТО)
Ата-бабаларымыз қыз тәрбиесіне мән беріп, ар-намысын көзінің қарашығындай сақтаған. Олардың бойжетіп, босаға аттағанға дейінгі өміріне ерекше жауапкершілікпен қараған. Соның нәтижесінде тәлімді тәрбие көрген саналы келін барған жерін бақытты етіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді. Тұрғындардан көктемдей құлпырып, жан-жағына шуақ шашып жүретін осындай асыл жандар туралы ой толғаныстарымен бөлісуді сұрағанбыз.
Гүлүзім БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, «Сбербанк» АҚ ЕБ филиалы бөлімшесінің менеджері:
«Менің ақылшы абысыным»
– Қыз бала бойжеткен соң өзі ұнатқан адамымен өмірін байланыстыруды ойлайды ғой. Былтыр мен де келін атанып Мақат кентіндегі үлкен әулеттің кенже ұлына тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір, барған жерім мені өзінің қызындай қабылдады. Білмегенімді кешіріп, қолымнан келген іске мақтау айтып, мерейімді асырып отырады. Айтайын дегенім, абысыным Гүлсара Кисенбаева жайлы. Ол кісі әйел адамға тән биязы мінезі мен сабырлы қалпынан тайған емес. Айналасындағы жақын адамдарына қамқорлық танытып, әрдайым «болсын» деп тұрады. Ақылына көркі сай абысынымның болғанына мың да бір шүкір. Ол отбасымыздың ғана емес, бүкіл әулеттің сүйікті келіні. Тіпті қайсыбірі қонақтық шақырса, сол үйге бірінші болып барып, көмек қолын созып, қайырылып тұрады. Маған да алғаш келін болып келгенімде өзінің сіңлісіндей көріп, жәрдемдесіп, жөн сілтеді. Осы сыйластығымызға сызат түспесе екен деп тілеймін.
Көп келіндер абысындары туралы әртүрлі сөздер айтып жатады ғой. Ал, біз «сен-мен» деп санаспай, ортақ тірлігімізді бірлесіп, келісіп жасаймыз. Бүгінгі таңда қайынағам мен абысыным Елордадан пәтер алып, балаларымен тұрып жатыр. Абысыным Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қытай тілі бойынша аударма ісі мамандығын алған. Малайзия елінде де білімін жетілдірген. Білімді де білікті, қазақ әйеліне тән барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңірген ол кісіні мақтан етіп, үлгі аламын.
Барлық қыз-келіншектерге Гүлсарадай абысын нәсіп етуін тілеймін. Оның өмірі өнегеге толы мәнді де сәнді болуына тілектеспін.
Қарагөз ӘБІЛХАЙЫР, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының II курс студенті:
Қарты бар үйдің – қазынасы бар
– «Балам – балым, баламның баласы – жаным» дегендей, немерелерінің тілеуін тілеп, өмірінің мәні санайтын асыл әжелердің орны ерекше. Сондай жанның бірі — менің әжем Лия Әбілғазиева. Ол кісінің балалық шағы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында өткен. Он бес жасында анасынан айырылып, әке тәрбиесін көріп өсіпті. Жылқышы әкесіне қолғабыс ете жүріп, аттың құлағында ойнаған. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан әжем, қағілез де алғыр болып өскен. Іштің де сырттың да шаруасына мығым. Ол өмір жолында басынан өткен небір оқиғаларды, естеліктерін айтып отырады. Сабақты өте жақсы оқыған, соның ішінде есепке алғыр болған. Бүгінгі таңда немерелерінің арасында әжесіне тартқан, математикаға жүйрік немере-жиендері бар. Жоғары оқу орындарында білім алған немерелерінің алды Америкада қызмет етеді.
Қазір әжемнің жасы 84-те. Ол кісі әлі тың, қуаты бойында. Елімізде орын алып жатқан оқиғалардан да тыс қалмай, пікірін білдіріп отырады. Кітапханадан қазақ классик жазушыларының кітаптарын алдырып оқиды. «Бір кездері оқыған кітаптарым ғой, кейбір тұстарын ұмытып қалған екенмін, соны қайталап оқып жатырғаным» дейді әжем. Алыс-жақындағы балалары мен немере-жиендерінің, жалпы елдің амандығын тілеп отырған жайы бар.
Мен әжемді мақтан тұтамын. Сағынсам, ауылға барып-келемін. Қолындағы барын бізге тосып, қуанып қалады. Біз ол кісінің әжеміздің амандығын, ұзақ та берекелі ғұмыр сүріп, ортамызда ақылшы, бәйтерек болып отыруын тілейміз.
Алмас ҚАБДРАХМАН