«Аpta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының редактор-аналитигі Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды
Atr.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Ол – Ержан Қалымбайұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Білімі — жоғары, түрік, ағылшын тілдерін біледі.
Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Ержан Қалымбайұлы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «журналистика» мамандығы бойынша үздік бітірген. Кейін аталған университетте сол мамандық бойынша магистратура оқыған. Қарағанды «Фемида» заң академиясында «заңгер» мамандығы бойынша білім алған. Ыстанбұл (Түркия) университетінің докторанты. Еңбек жолын Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қатардағы тілшіліктен бастаған.
Одан кейін «Қазақстан РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы жаңалықтар қызметінде редактор әрі бағдарлама жүргізушісі, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің астанадағы тілшісі, «Хабар агенттігі» АҚ жаңалықтар мен ақпараттық бағдарламалар дирекциясының тілшісі, «Қазақстан РТРК» АҚ ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының тілшісі, «Жебе» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Түркиядағы тілшісі, Халықаралық Түркі академиясының баспасөз-хатшысы, «Qazaq radiosy» «Біздің пайым» аналитикалық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі, «ULYS» халықаралық диджитал журналы мен ulys.kz ақпарат-сараптама сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы болып қызмет еткен. Соңғы жұмысы — «Қазақстан РТРК» АҚ «Аpta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының редактор-аналитигі.
Түркиядағы қазақ жастарының «Sana» интеллектуалдық клубының (2011-2013) жетекшісі. АҚШ-тың IVLP (The International Visitor Leadership Program) бағдарламасының түлегі. Түркия, Франция және Қырғызстан елдерінде журналистикаға қатысты арнайы курстар оқыған.
Аман ШАМАР