ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН АДАМ

Шаһарды жарықпен қамтамасыз ету саласындағы бір мекеме, бір ұжымда 43 жыл тапжылмастан еңбек етіп келе жатқан бір адам болса, ол – Тұраш Төлегенов. «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы қалалық электр жүйелері мекемесінде жоғары вольтты желілерді жөндеумен айналысатын 6-разрядты электр монтерін жұмыс басынан кездестірдік.

Тұраш Базарбайұлы 1955 жылы Атырау облысының Қаратон селосында дүниеге келген. «Әкем жүргізуші болған соң ба, мен бала кезімде жүргізуші болуға қатты қызықтым. Ал, анам электр моторының сымына жіп иіретін маман болып еңбек етті. Екінші жағынан, сол анама қарап, энергетика саласына қатысты бар жайтты санама сіңіріп өстім. Әке-шешем де, үлкен ағам да – барлығы жарық жүйелерінде жұмыс істеді. Отбасым түгелдей қарапайым еңбек адамдары болған соң мен де электрик мамандығын жаныма жақын тарттым. Сөйтіп, мектептегі оқуымды бітірісімен-ақ ертерек қызметке араласып кеттім.

Энергетика саласындағы алғашқы еңбек жолымды 1972 жылы «Гурьевэнерго» жоғары вольтты желілер басқармасында электр монтері болып бастадым. 1974-1976 жылдары Кеңес әскері қатарында борышымды өтеп келген соң сүйікті ісімнің тізгінін қайта қолға алдым. Қызмет баспалдағы бойынша сатымен көтеріліп, жоғары санатты электрик атандым. Туған өлкемді үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету үшін жастық жалыным мен жігер-қайратымды жұмсағаныма еш өкінбеймін. Қайта көп жыл бойы бірге қызметтес болған әріптестерім мен бүгінгі «Атырау-Жарық» ұжымын зор мақтаныш етемін» деп ағынан жарылды.

Тұраш аға қазір мамандық таңдауға қатысты берекесіздік өте көп екенін алға тартады. Оның айтуынша, соңғы кездері «заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, жастардың көбісі жұмысы жеңіл, еңбекақысы жоғары, жайлы да жылы кеңсе ішінде отырып жасайтын жұмыстарға әуес. Рас, әрбір ата-ана бар жиған-тергенін ауыздарынан жырып, балаларын оқытуға жұмсап бағады. Экономист, заңгер мамандықтарын алып шыққан жастарды «далада қалмайды, жоғары білімі бар ғой» деп іштей тон пішеді. Ал, бір емес, қос дипломын құшақтаған жастардың біразы кейін жұмыс орнын таба алмай, тапқанның өзінде өз мамандығы бойынша жұмыс жасай алмай жүреді. Амалы қалмаған соң күзетші, саудагер, такси жүргізушісі болып күндерін көруде. Демек, оқуға кеткен осынша шығынды ертеңгі күннің сұранысына ие болар бір кәсіпті үйренуге жұмсағанда мәселе басқаша болар еді ғой? «Біздің ұжымда жас мамандар жоқ дей алмаймын, баршылық. Колледж, арнайы оқу орындарын бітіріп келген түлектер өздерінің жұмысқа деген ынталарын көрсетіп, қызметте өсіп жатқандары да бар. Оқу барысында тәжірибеден өткендері осы жерге қайта оралып, жұмысқа тұруда. Оған іштей қуанамын, білмегендерін үйретуге тырысамын» дейді Т.Базарбайұлы.

Өз ісіне шын берілген кейіпкеріміз жөнінде әріптестерінің де айтары бар. «Тұрекең – Атырау энергетика саласында еңбегі еленген азамат қана емес, сауаттылығымен, алғырлығымен ұжымда бедел жинаған қызметкер. Өзінің еңбексүйгіш қасиетімен Каспий өңірі энергетикасының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлесін қосып, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланып, оларды жетілдіру және жаңғырту шараларына ынта-ықыласымен атсалысып отырады. Қазір ол – кәсіпорынның жоғары вольтты желілер бойында жұмыс жасайтын тәжірибелі маман. Әріптестері арасында теңдессіз тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа озық еңбек үлгісін көрсетіп жүр»,-дейді «Жоғары вольтты электр желілері» учаскесінің басшысыСаламат Жалғасов.

Кейіпкерімізбен жолығудың бірден сәті түсе қоймады. Ақыры іздеп тапқан соң «Жұмыс орныңызға келгенімізде сізді «линияға кетті» деп айтқан. Сонда сіз қайда болдыңыз?» деп сұрадық.

– Иә, электр желілерін жөндеуге кетті дегендері ғой. Қалалық электр жүйелері мекемесі үш бағытта қызмет етеді. Біріншісі, әуедегі электр желілерін қадағалау, екіншісі кабельдік желілерді жүргізу және соңғысы «подстанция» дейді, яғни трансформаторлар қондыру жұмыстары. Мен соның әуедегі ток жүйесіне жауап беремін. Сіздер сияқты біз де әр жұмыс күнімізді кестеге сай «планировка» дейтін ұжым жиналысынан бастаймыз. Онда қай жерде қандай желілерді іске қосу керек, апатты жағдайлардың шұғыл алдын алу немесе нысандарды жарықпен қамту мәселелері сөз болады. Берілген тапсырмалар бойынша бригада құрылып, жолға шығамыз. Журналист мақаланы жазбас бұрын оның тақырыбын мұқият зерттеп алатыны сияқты біз де қызмет көрсететін нысанды меңгеріп алмай іске кіріспейміз. Өйткені, жоғары кернеулі токпен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Ток көзге көрінбейді, оның бар-жоғын аңғармай қалсаң, қатерге ұрынасың. Бұл үлкен ыждағаттылықты, жан-жақтылық пен біліктілікті қажет етеді. Біз биіктігі 11 метрден 26 метрге дейін баратын электр бағаналарына көп шығамыз. Сондықтан, соқаға өрмелемес бұрын қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталғандығына әбден көз жеткізіп аламыз, – дейді ол.

Сондай-ақ, Тұраш аға – қыздарын алақанға салып әлпештеп өсірген үлгілі отбасы иесі. Перзентханада істейтін жолдасы «ұл болса, еңбексүйгіш әкесінің жолын қуып өсер еді» дейді. Бірақ, тәжірибе алаңында алдынан өткен әр шәкіртін Тұрекең өз ұлындай көріп, еңбек әлеміне жолдама береді.

Энергетика саласындағы жетістіктері мен жоғары кәсіби қабілеті үшін Тұраш Төлегенов талай рет кәсіпорынның алғысын алып, түрлі Құрмет грамоталарымен марапатталған. Көп жылғы еңбегі еленіп, «Атырау энергетикасы жүйесінің еңбек арадагері» атанды. Ал, 2010 жылы «Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының Құрметті энергетигі» атағы берілді. Энергетиктердің кәсіби мерекесі қарсаңында былтыр Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған болатын.

– Электрик мамандығының біраз сала-бөлімдері бар. Біз жарықты жеке үйлер мен пәтерлерге барып қоспаймыз. Тек қажетті территорияға дейін ток желісін жүргізіп береміз. Ал, одан әрі қарайғы жұмыстармен пәтер иелері кооперативінің жарықтандырушылары айналысады. Сондықтан, жұмыс күндеріміз көбіне далада өтеді. Қызметімізге жиі қиындықтар келтіретін факторлардың бірі – ауа райының күрт өзгеруі. Жаздың желді күндері мен қыстың қарлы борандары желілердің біраз бөлігін қиратып, бағаналарды құлатып жатады. Одан басқа, жайқалып өскен тал-теректер де кедергі келтіреді. Ең бастысы, ток жүйелерінен тұрғындардың зардап шекпеуін қатаң бақылауда ұстаймыз.

Егер екінші мәрте мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан тағы да жарықтандырушы болар едім. Өйткені, ақ адал қызмет жарық тұтынушылар алдындағы жауапкершілік міндетімді арттырса, сол еңбектің тәтті жемісі көңілімді марқайтады, биік мақсаттарға жетелейді. Әрқашан еңбегіміз еленіп, ерлігіміз бағаланып жатады. Қазіргі тұрып жатқан үш бөлмелі үйімді де бір кездері үкімет қолдау көрсетіп алып берген болатын. Бәріміз де халық игілігі үшін тырмысып жатырмыз. Сол игіліктің басы-қасында жүрген «Атырау-Жарық» АҚ-ы «Атырау электр жүйелері» мекемесінің басшысы Ғабиден Шораұлы мен барлық еңбек ұжымына үлкен алғысымды білдіргім келеді, – дейді Т.Базарбайұлы.

Иә, қазір жарықсыз бір күніңді де өткізу мүмкін емес. Тіпті, жылудың өзі электр қуатының күшімен беріледі. Қызметтің қанша жерден қауіпті екендігіне қарамастан, күн сайын жеке басы мен денсаулығын қатерге тігетін Тұраш сияқты ағаларға халықтың айтары тек алғыс қана. Олай болса, бір күні мың қуатқа татитын жарықтандырушы ағаға әрқашан жарығыңыз сөнбесін деп тілек айтып қоштастық.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз