APEC PetroTechnic колледжінде индустриалдық кеңес өтті (ФОТО)

IMG 5229 Білім

Нарық сұранысы мен заман талабына сай мамандар даярлау үшін қай бағытта жұмыс істеген тиімді? Озық технологияны меңгерген кадрлар кәсіпорындар тапсырысын орындай ала ма? APEC PetroTechnic колледжінде өткен кезекті индустриалдық кеңесте осынау маңызды мәселелер талқыға түсті.

IMG_5229

Турасын айту керек, қазіргі таңда жоғарғы оқу орнын бітірген түлектердің барлығы дерлік еңбекпен қамтылмай отыр. Кәсіпорындар тәжірибелі әрі заманауи техниканың тілін жетік білетін маман іздейді, ал қолында күректей дипломы бар мыңдаған заңгер мен экономист жұмыссыз жүр. Айта-айта жауыр болған бүгінгі күннің өзекті мәселесін шешу мақсатында елімізде бірқатар батыл қадам жасалды. Әсіресе, қазыналы өңірде өндріс орындары көптеп шоғырланғандықтан, шетелдік немесе отандық кәсіпорындар талабына сай маман дайындау үшін арнайы құралдармен жабдықталған білім ордалары ашылып, нақты бағытта жұмыс істей бастады. Дуальді оқыту жүйесі арқылы студенттер теориямен қатар өндріс орнында уақытын көбірек өткізіп, негізінен тәжірибеге үлкен мән берілуде.

IMG_5212

Осы оқу бағдарламасының маңыздылығын сақтай отырып, жұмыс берушілердің талаптарын орындау жайы индустриалдық кеңеске арқау болды. Келелі отырыс барысында тәжірибелік дағдыны алудың екі кезеңдік жүйесі енгізіліп, өндіріске 600 рұқсатнама алынды.

IMG_5123

APEC PetroTechnic-тің индустриалдық кеңес құру тәжірибесін өткен жылдан бастап еліміздегі онға тарта базалық оқу орнында енгізіле бастаған. Өйткені, оған оқу орны әдістемелік бөлімнің мамандарымен қатар жұмыс беруші компанияның кадр бөлімінің жетекшілері қатынасады.

IMG_5120

Жиын алдында кеңеске қатысушылар колледж аумағын аралап, оқу процесімен, материалды-техникалық базасымен танысты. Сонан соң оның жаңа төрағасы тағайындалды. Кеңес мүшелері бірауыздан «Kazenergy» Қауымдастығының өкілі, нақтырақ айтқанда, адами капиталды дамыту бөлімінің атқарушы директоры Ләззат Ахмурзинаның кандидатурасын қолдады.

Келелі отырыс барысында негізінен алты мамандыққа ерекше мән берілді, сонымен қатар, маман даярлаудың жаңа бағытына назар аударылды. Ол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылмақ. Олардың қатарында – мехатроника, есептеу техникасы, ақпараттық технология салалары бар. Сонымен қатар, компаниялардан жаңа мамандық ашуға қатысты ұсыныстар түсті.

Кеңес кезінде келесі оқу жылынан бастап ашылатын қолданбалы бакалавриат мәселесі де сөз болды. Яғни, жоғары оқу орындары теориясы мен кәсіби техникалық білім беру ордаларының тәжірибесі ұштастырылады. Сөйтіп, кадрлар білімді де алады, тәжірибені де бір кісідей меңгеріп шығады.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз