Антисептикті үй жағдайында дайындауға бола ма?
Atr.kz/19 наурыз, 2020 жыл. Жұқпалы дерттерден қорғанудың бірден-бір жолы – тазалық сақтау. Осы орайда инфекцияның тарауына жол бермеу мақсатында антисептиктерді ұдайы қолдану қажет. Қазіргі жағдайда дайын сұйықтықты дәріханалардан таппаған сәтте оны әркім үй жағдайында әзірлеп алуға әбден болады.
Бұл үшін 90 пайыздық этил спирті, 3 пайыздық сутегі тотығы мен тазартылған суды, үшеуін бірдей көлемде қосып араластыру қажет. Дайындалған ерітіндіні ауа кірмейтін ыдысқа сақтап, өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы болу үшін сепкіші бар ыдысқа құйып алған жөн. Негізінен антисептикті жиі пайдалану қолдың терісінің тез қартаюына әкеліп соғады. Терінің құрғақ болуына да әсер етеді. Сондықтан, ерітінді дайындағанда жұмсартқыш қасиетке ие кез келген эфир майын, алоэ вера гелін де қосуға болады. Бұл майлардың 10 тамшысын араластырса жеткілікті, — дейді Атырау қаласындағы «Аман-саулық» емханасының терапевт-ревматолог дәрігері Нұрия Әжмағамбетова.
Ақ халаттылардың айтуынша, антисептиктерді қол жууға мүмкіндік жоқ кезде міндетті түрде пайдаланған жөн. Әсіресе, қоғамдық көлікте, адамдар жиі жиналатын орындарда қолдану керек.
Сондай-ақ, күнделікті тұтынатын ұялы телефон мен кілт секілді ұйымдарды да ұдайы осындай ерітінділермен сүртуге болады. Ал, негізінен қолды жиі-жиі 20 секуд бойы сабындап жууды әдетке айналдыру маңызды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ