«Аңсаған сәби»: Атырауда 54 әйел сәбиін күтіп жүр
Биыл ЭКО-ға 231 квота бөлініп, осыған дейін 218-і орындалған. Бұл туралы облыстың бас репродуктологі Гүлнар Есқайырова мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, соңғы екі жылмен салыстырғанда экстракорпоральды ұрықтандыруға берілетін квота саны екі есе артқан.
– Биыл – бес жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасының төртінші жылы. Осы бағдарламаның арқасында біздің облыста былтыр 51 сәби өмірге келді, оның алтауы – егіз. Қазір 54 әйел сәби күтіп жүр, — дейді Г.Есқайырова.
Айта кету керек, квота алуға ниетті жұп өзі тіркелген емханаға өтініш білдіргеннен кейін, бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға алынады. Толық медициналық зерттеу жүргізілген соң, олар облыстық перинаталды орталықтағы гинеколог-репродуктологтерге жолдама алады.