Анасы үшін бауырын бөліп берді
Телефон қоңырауы үзілмейтін редакциямызға Жылыой ауданынан бір оқырман хабарласты. Өзін Қосшағыл ауылының тұрғыны Нұрлыбай Қабдығалиевпін деп таныстырған жігіт ағасы бізбен кездескісі келетінін айтты. Қысқа ғана сұхбаттан соң, оны редакцияға шақырдық.
Күтпеген жерден келген кесел
Келісілген күні Нұрлыбай редакцияға жалғыз келген жоқ. Ақжол атты тұңғыш қызын ерте келді. Жиырмаға енді ғана толған бойжеткен сырт қарағанда уайымсыз жандай көрінуі мүмкін. Бірақ, ол – анасының амандығы үшін сын сағатта денсаулығын құрбан еткен ерекше тағдыр иесі. Түсініктірек болуы үшін, Ақжолдың әкесі Нұрлыбайдың өзін сөйлетейік.
«Мен бес баланың әкесімін.
Жиырма бір жыл отасқан жұбайыма былтыр уақыт болды. Бұл әркімнің басында болатын күнделікті жағдай болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, біздің тағдырымыз басқалардан өзгерек» деген ол қолымызға отбасылық суретті ұстатты. Онда Нұрлыбай марқұм болған жұбайы Гаухарды алып, балаларымен бірге суретке түскен екен. Осыдан санаулы жыл бұрын түсірілген суреттегі келіншек бақыт құшағында отырғандай әсер береді.
«Біз бірге қартаямыз, немерелерімізді бірге көреміз деп армандаушы едік. Келіншегім үй ішін мереке етіп отыратын. Бар пәле 2013 жылдың тамыз айынан басталды. Өзін жайсыз сезінген Гаухарды дәрігерге апардым. Сол кезде оған «бауыр циррозы» деген диагноз қойылды. Облыс орталығы Атырауға келіп, екі мәрте емделді. Бірақ, ем-дом әсер етпеді. Нәтиже күтіп жүре берсек, уақытты текке жоғалтатынымызды айтқан дәрігерлер шұғыл арада ота жасау керектігін айтты. Гаухардың бауырын ауыстырып, өмірін сақтап қалу керек болды. Трансплантация, яғни орган ауыстырудың оңай жүзеге аспайтыны белгілі. Сөйтіп, біздер квота арқылы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығына жол тарттық.
Дәрігерлер жұбайымды үш күн қарады. Анализдер тапсырып, диагностикадан өткеннен кейін Гаухарға қойылған диагноз нақтыланып, біздің алдымызда донор табу міндеті тұрды. Әрине, өзім донор болғым келген. Бірақ, әйелім екеуміздің қан тобымыз сәйкес келмеді. Донор іздеу өз алдына, отаға дайындық, оған жергілікті онколог дәрігерлерден рұқсат алу сияқты процедуралардың машақаты көп болды. Сөйтіп жүргенімізде Атырау мен Астананың арасында екі жыл сабылған екенбіз. Оның бір жылы ота жасауға дайындық кезеңіне кетті. Сол уақыттың ішінде отбасылық кеңестің жан-жақты талқылауынан кейін үлкен қызым Ақжолды донор ететін болып шештік.
Ота өткен жылдың 19-мамыры күні Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жасалды. Түркиядан арнайы келген мамандардың қатысуымен өткен процесс он бір сағатқа созылды. Жарты тәулік бойына қандай күй кешкенімді айтып жеткізудің өзі қиын. Таразының бір басында әйелімнің, екінші басында тұңғышым Ақжолымның өмірі тұрды. «Ақжолымның орнында өзім болғанда ғой» деген өкініш те, күдік те болды. Бір Алладан екі бірдей қымбат адамдарыма өмір беруін, амандық беруін жылап тұрып тіледім.
Он бір сағатқа созылған іштей арпалыстан кейін «ота сәтті өтті» деген сөзді естігенімде, «шүкір» дей бердім. Трансплантацияның оңай болмайтыны белгілі. Отадан кейін қызым екі тәулік, келіншегім алты тәулік бойына жан сақтау бөлімінде жатты.
«Мүгедек атанғаныма емес, анамның жоқтығына өкінемін»
Отбасымдағы табыс көзі жалғыз өзім болғандықтан, әйелімнің әбден сауыққанын күтпей, жұмысқа кетуіме тура келді. Жұбайымның жанында анасы қалды. Күн құрғатпай телефон арқылы байланысып тұрдық. Гаухар тәуір болып келе жатқанын айтатын. Мен қуанып жүрдім. Оның үстіне Ақжолымның да жағдайы дұрыс болды. «Барлығы артта қалды» деп өз-өзімді сендіріп жүргем. Бір күні аяқ астынан суыт хабар келді. Гаухар бізді тастап, мәңгілікке көз жұмған екен» деген кейіпкеріміз үнсіз отырып қалды. Көзіне келген жасты жасырғысы келген ол жұбайының өліміне тәжірибеден өтіп жүрген медбикенің олақтығы себеп болғанын айтты.
«Отадан кейін Гаухарға кататэр (медициналық түтік) салып қойған болатын. Медбикенің олақтығынан әлгі кататэр қозғалып, системада жатқан жұбайымның жарасының тігісі жыртылып кетеді. Қорқып кеткен болса керек, медбике дәрігерге хабар берудің орнына жараны өзі таңып қояды. Осы оқиғадан кейін жағдайы күрт нашарлап кеткен Гаухар төрт тәулік бойына жан сақтау бөлімінде жатып, көз жұмды. Бірақ, медбикені кінәлағым келмеді. Жұбайымның маңдайына жазылған тағдыры солай болар. Енді, міне, Гаухарымның көзіндей болып жанымда бес балам қалды» дейді кейіпкеріміз.
Бауырының елу пайызын анасына берген Ақжол – қазір үшінші топ мүгедегі. Бірақ, ол анасының өмірі үшін соңына дейін күрескеніне өкінбейді. «Барлығы бойымда өкініштің бар-жоғын сұрайды. Мен не жасасам да, анам үшін жасадым. Анам да, әкем де маған риза деп ойлаймын. Мүгедек атанғаныма емес, анамның жанымызда жоқтығына өкінемін» дейді Ақжол.
Бұл оқиғадан кейін де арада бір жыл өтті. Өмір өз арнасымен жалғасып жатыр. Кейіпкерлеріміз әкелі-балалы – Нұрлыбай мен Ақжолдың ендігі арманы – амандық қана.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Жылыой ауданы.
P.S. Кішкене ғана Қосшағыл ауылында орын алған оқиға туралы жазып отыруымыздың сыры оқырманға да түсінікті болды деп ойлаймыз. Балалары үшін бар қиындықты көтеруге дайын Нұрлыбай сынды әкелеріміз бен Ақжолдай өжет қыздарымыз аман болғай. Тіршілікте бір-бірімізді бағалай білгенге не жетсін…
Қабдығалиевтер отбасы қиын кезде демеу болған «ЮСС Суппорт сервисез» компаниясына, «Интертаско» ЖШС, «СтарСервис» ЖШС, «Атырау СаудаҮйі», «Мариям сауда орталығы» компанияларының басшылығына, Қосшағыл селолық округі әкімдігіне, жеке тұлғалар — Әдемхан Нысанбаевқа, Қалиарыстан Кершубаевқа, Нұрлан Азбергеновке, Маматқұл Бердиевке, Қайрат Қарабалиевке, Әлібек Мусинге, Теңел Айдарбековке, Қалиақын Оразхаевқа, Тұрлан Шәріповке алғыс білдіреді.