Жарнама
Жаңалықтар"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Саясат

«Анамның арманын орындадым…»

– Б ү г і н д е е л і м і з д і ң ə р қ и ы р ы н д а ж ү р г е н жерлестеріміздің туған жер туралы ой-толғаныстары біз үшін өте маңызды. Əсіресе, Сіз секілді ұлттың тілі мен ділі үшін қым-қуыт жолдан өткен ағаапалардың тағдырын жерлестері, жалпы кейінгі буынның біле жүргені абзал. Қызығы мен қиындығы мол əлемге қадам басқан Шолпан қыз қандай еді?

– Шырағым-ай, жарты ғасырдай уақыт артта қалған түрім мен тұлғамды еске алатындай тосын сауал қойып, жанымды шырылдатып жібердің ғой. Иə,бізде бала болғанбыз… Отбасындағы бес баланың ішінде əке-шешеме тиесілі, ауыздары толып сүйіп, құшқан тұңғыштары мен екенмін. Атаəже, тұрмысқа əлі шыға қоймаған əкемнің қарындастары, үйленбеген інісі алдымдағы апа-ағаларымды «еншілеп» алған көрінеді. Кезегі жетіп мені «балам» деп өздері еркелетіп өсірді. Бала күнімнен əр нəрсенің түпкі мəнін білгім келетінін, сұрақтарым таусылмайтынын əлі күнге дейін жеңгелерім айтып жүреді. Алайда, өлең жаза бастағанымда оңашалықты жақсы көріп, бой жете бастағанда тұйықтала бастадым. Өлең өзгертті. Айтпақшы, мен мектепке алғаш барғанда алдымдағы ағамнан қалған, яғни ер баланың формасын киіп алып, жылап еңіреп арнап алған қоңыр көйлек, фартукті кимей қойдым. Өйткені, əкемнің баласы болдым ғой, ағаларыммен жағаласып өстім. Құрдас балалармен кəдімгідей күресіп, төбелескенде жеңбей қоймайды екенмін, мен ұмытсам да құрдастар ұмытпаған, еске салып тұрады ғой… Ауылда, мектепте жүргенде аса білінбеген немесе батыс жұртына тəн сол мінез, қимылдарым Алматыға келіп, оқуға түскен ортамда оңтүстіктің қыз-жігіттерінің арасында көрініп қалып жүрді. Бүкіл журналист қауымы алғаш ілім алған, түсі сұсты профессор Тауман Амандосов ағайдан да тайсалмай, «лекцияны неге жазбайсың?» деген сұрағына «тыңдап отырмын ғой, керегін жазам» деп «кергитінмін». Өйткені, аудандық «Коммунизм туы» газетінде екі жыл қызмет істеп, І.Нұрқасымов, Т.Жаңабаев, Ə.Қосанов сияқты майталмандардан алған тəжірибем бар ғой. Сол ғой кеудемді тік ұстап «дайын журналист» екендігімді көрсеткізіп жіберетін. Асылы, бұл да ерке өскен тентектеу қыз болғанымды көрсетсе керек.

– Жазушының жары болу: таңдау ма, тағдыр ма?

– Ойпырым-ай,ə! Бұл енді кімге қалай, алайда журналист болам, өмір бойы қаламым қолымнан түспейді деген қыз балаға Бақыт! Жазушыға жар болуды айтам… Егер де мен тағдыр деп жазусызуды білмейтін біреуге тұрмысқа шығып кетсем, кім біледі, қалам ұстай алмай шерменде өтер ме едім!? Университеттің соңғы жылында менде екі таңдау болды. Бірі – анамның арманын орындап, аудандық газетке қайтып келіп, сол газетке редактор болып, анамды редакцияның газигіне отырғызып қыдырту, екіншісі – бірінші курстан бастап бес жыл тəжірибеден өтіп, «Лениншіл жас» газетінің алғашқы бетіне жарты беттік мақалаларымды бастырып, жетекшілік етіп жүрген жас жазушы Құрманғазы Қараманұлының (бөлім меңгерушісі) сезіміне ризашылығымды беру. Сол тұста анам мен ағаларымның рұқсатын алу ұзаққа созылды. Құрманғазы Атырау-Сағыздан асып, Миялыға келе алмай («келмесін, бармайсың» деген соң) жүріп қалды… Миялы коммутаторында қызмет істейтін Құртқалар мені поштаға шақырып, Құрманғазы екеумізді телефонмен сөйлестіріп жүретін. Одан бері 43 жыл уақыт өтіпті, бəрі бір күнгідей… Түбінде, анамның мен туралы ойлаған арманын орындадым. Аудандық газетке олбпартком сол кездері мені редактор ғып тағайындамас та еді. Бірақ бүкіл қазақ əйелдерінің мұңы мен мұқтажын айтатын, жоғын жоқтайтын, оған қоса қазақтың сөз өнерін сүйіп, жаны қалаған мамандығын алған ондаған журналист қыздың жолын аштым. Бəрі де қаламын шыңдап, танылды. «Ақ босағаның» шаңырағында жүріп, өз отауларын құрды. Баршасына бақыт тілеймін!

– Сол кездегі билікке қарсы шыққан Шолпанға қайсарлық қайдан дарыды?

 – Сексенінші жылдың соңы қайта құру, жылымық жылдар аталды ғой. Ол кездегі билік бүгінгідей емес, тəуелсіздік алған кездер жалпыға ортақ қуанышты кезең-ді. Заң-зəкөннің ортасынан қазақтың мақсаты мен мүддесіне сай жол табуға болатын. Əрине, жүрегі елім, жерім деп соққан білімді, қайсар ұлтшыл жандар үшін. Маған қоғам қайраткерлері Ə.Нұғыман, сол кездегі заң министрі М.Нəрікбаев сияқты азамат аға-апалардың қолдауы үлкен күш берді. Газетті тəуелсіз басылым деп тіркетіп, жұмысымызды бастап кеттік. Қайсарлық деген туа бітер қасиет-ау дейім. «Отызыңда орда бұзбасаң…» дегендей, сол кезде «олай жазба, былай жаз» деп депутаттық корпуста отырып жөн айтқысы келген, тағы бірі басылымның бас редакторы бола тұрып, «газетті өлтіріп аласың, мемлекетке өткіз» деп те көмек емес, кеңес берген апаларымды да тыңдамадым. Өйткені, олар дайын нəрсеге басшы бола салған кадрлар болатын. Ал тыңнан жол салу оңай болмасын халық түсініп қолдап кетті емес пе?!

– Елден бұрын тəуелсіздікке қол жеткізген бірегей тұлғасыз. Сіз үшін тəуелсіздіктің формуласы қандай?

– Рақмет, Салтанат, тəуелсіздікке елден бұрын қол жеткізген дегенде, «Ақ босағаның» 1991 жылдың ақпанында шыға бастағанына назар аударып айтып отыр екенсің, иə! Тəуелсіздік – ата-бабамыздың мəңгілік ел болу арманына қол жеткізетін ең басты шарт, мүмкіндік! Қолда бардан айырылып қалмай, жерімізді сақтап, ұлтшыл ұландарымызды өсіріп, қазақ санын көбейтіп, шетелдерде оқып жүрген жастар толқынына ел басқару тізгінін бере бастау керек!

– Отыз жылда «Ақ босаға» өз миссиясын толығымен орындады деп есептейміз. Алдағы отыз жылда «Ақ босағаны» қалай елестетесіз?

– Отыз жылда «Ақ босаға» қазақ баспасөзі сапынан өзінің тарихи орнын ойып тұрып алды деп бүгінгі күн тұрғысынан мақтанышпен айта аламын. Ең алғашқы тəуелсіз газет болған соң үйренуге талай журналист қыз-жігіттер алдыма келді. Ұқсас қып талайлар газет шығарды. Алдағы отыз жылда заманына сай электронды тұрғыдағы газет болып жалғасса, оны да қазақ халқы сүйіп оқитын болса деген тілек айтар едім.

– Қателеспесем, қызыңыз Аңсаған – танымал суретші, ұлыңыз Қанағат – келешегінен зор үміт күттіретін талантты режиссер. Текті ұрпақ тəрбиелеп өсірген анасыз. Үзілісінен ізденісі мол салада қызмет атқара жүріп, бала тəрбиесімен айналысып жүрген журналист-сіңлілеріңізге қандай кеңес бересіз?

– Иə, біз сол бір қолымен бесігін тербеп, бір қолынан қаруы түспеген қаламгер қыздар сапында жүріп қартайғандармыз. Сол себепті де бірер бала туып, шектеліп қалдық. Тек əйтеуір Жаратқан Иеміз өзі жар болып, солардың ұрпақтарын аман, отбасыларын бүтін қылсын деп тілейміз. Əкесі екеуміз өз қалаған жолдарынан айнытпадық. Ақша қуатын мамандықтарға үгіттеген жоқпыз. Өздері қабілет-қарымдарына сай еңбектеніп жүр. Мамандықтарымен танылып жатыр. Аңсаған бірнеше көрме өткізсе, Қанағат төрт бірдей толық метражды фильм, он бес шақты телефильм түсірді. Қыркүйек айында амандық болса, «Қажымұқан» атты тарихидрамалық киносы экранға шығады. Журналистиканың баспа, басылым жанрларының құнын не болса соны жазған газет-журналдар («Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөздің авторы менмін) түсіріп жіберді. Келешекте бұл мамандықты таңдаған қызжігіттерге оңай болмайтын сыңайлы Жанұялы қыз-келіншектерге айтарым, отбасы бірінші орында болсын, тамағы дайын, көңілі көтеріңкі болса, оның да жазуы ойынан шығады.

– Жасыңыз жер ортадан асса да, қаламыңыз қолдан түскен жоқ. Əлі күнге журналистиканың бел ортасында жүрсіз. Жан дүниеңіз де осы саламен үндесіп жатқандай. Қазіргі журналистерге көңіліңіз тола ма?

– Мен біртіндеп тізгінді қыздарға беріп қойғам, солар ғой істі жалғастырар деп. Өзім үйреткен қыздардың мақаласын əр жерден оқығанда мақтанып, марқайып отырамын. Қазір блогер дегендер көп. Олардың айтқанының алды жоқ, жазғанының арты жоқ. Соларды газеттен тəжірибеден өткізіп алса ғой, шіркін дейсің!

– Алыстауғы атыраулықтың бірісіз. Туған жерге соңғы рет қашан келдіңіз? Туған жер дегенде көз алдыңызға келетін картина қандай?

– Туған жер, Отан-Ана деген сөздің шынайы мəнін алыстаған адам түйсінеді. Миялыға анамыз тіріде жыл сайын баратынбыз. Кейін аға, апаның балаларының тойына ғана баратын болдық. Өйткені, əркім өз ошағының тірлігі мен қалыптасып қалған жұмысынан шыға алмайды дегендей. Ауылда алдыңғы жылы жазда үш тойға бардық. Ел аман, жұрт тыныш болғай! Туған жер дегенде көз алдыма келетін картина дейсің бе?! Бір кездері қалың топырақ басқан Миялының ортасында үлкен парк бар, айналасында талдар егілген. Сол көгалдандыруды бастаған менің ағам Əлім Шудабаев еді. Сол мекеменің бастығы болды. Ескі үйіміз құлапты. Бірақ бала күнімізде еккен талдар əлі тұр. Міне, қазағымның «Атадан мал қалғанша,тал қалсын» деген сөзінің мəні қандай?!

 – Аман жүріңіз, апа!

– Ертерек елден кетіп, Алатау баурайында жүрген апамыз бар екен деп арнайы іздеп хабарласқан «Atyraý» газетінің ұжымына ерекше ризашылығымды білдіремін. Əрқашан абыройлы болыңыздар. Мереке құтты болсын!

– Рахмет, апа. Амандықта көрісейік!

Сұхбаттасқан Салтанат АҚТƏЖИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button