Анаға оралу
Әскерден қашып, жиырма сегіз жылы бойы бой тасалап, отбасынан жырақта өмір сүрген Бейбіт Қозыбаев туралы қызығушылық танытпаған адам аз, сірә. Біз де Бейбіттің анасы Маржанға хабарласып, мән-жайды сұрап білмек болдық. Дегенмен, Маржан Қозыбаева денсаулығының болмай жүргенін алға тартып, әңгімесін жалғастыра алмады.
Әр ата-ана үшін бала – бауыр еті. Өмірінің жалғасы. Алладан сұрап алған аманаты. Жасөспірім болып кеткен ұлымен жігіт ағасы шағында қауышу ана жүрегіне оңай тимегенін Маржанның сөзінен-ақ байқадық. Тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің астында сақтап, өмірге әкелген ана мен баланың арасында көзге көрінбейтін байланыс болатынын ұққандаймыз. Маржан журналистерге берген сұхбатында бақандай 28 жыл бойы ұлын аңсап, сағынып, күткенін жасырмады. Келеріне сенгенін, тіпті отағасы Алтай Қозыбаевтың түс көріп, сол түсінің өшіп бара жатқан үмітіне от бергенін айтқан еді.
Ана жүрегі баласын өлдіге қимайды емес пе, сол түс те оған күш болатын. Алғашында дауысын танымай, есеңгіреп қалғанын баяндапты. Енді ше?! Бозбала болып 19 жасында қолынан кеткен Бейбітін елуге жақындап жігіт ағасы жасына келгенде бір көрді емес пе?.. Бір өкініш, бір қуаныш деген осы болар, сірә… «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» демекші, ана үшін елудегі жігіт ағасы да сол баяғы қара бала болып қала береді.
Қызылқоға ауданы Миялы ауылында 1977 жылы дүниеге келген Қозыбаев Бейбіт Алтайұлының оқиғасы ғаламтордың басты тақырыбына айналды. Ол өз ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң 1996 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылады. Содан ол 4 ай бойы Орал қаласында оқу-жаттығу жиынынан өтіп, Ақтау қаласында орналасқан 10070 әскери бөлімінде әскери борышын өтей бастайды.
Білгеніміздей, 1997 жылы желтоқсан айының басында ол өз еркімен әскери бөлімді тастап шығып, он күн бойы Ақтау қаласында бой тасалап жүрген екен. Содан соң Маңғыстау – Алматы бағытындағы поезға мініп, Алматы қаласына келеді. Алып шаһардың базарларында, басқа да жерлерде қара жұмыс жасап жүреді. Кейін Алматы қаласының маңайындағы шаруа қожалықтарында мал бағып, күнін көріп, жан бағады. Ал, 2012 жылы өзінің танысы арқылы аты-жөнін өзгертіп, Ахмет Какиев деген есіммен жаңа құжат жасатып алады.
Осы жылдың 17 сәуір айында Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік әскери тергеу басқармасы мен ҰҚК Әскери полиция басқармасы қызметкерлерінің бірлесе жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы қаласы Заречный елді мекені аумағындағы шаруа қожалықтарының бірінен Ахмет Какиев есімді адам ұсталады. Анықтау жұмыстарын жүргізу барысында оның Қозыбаев Бейбіт Алтайұлы екені анықталды.
Бүгінде Бейбт Алтайұлының жұбайы және төрт қызы бар.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ