Ана тіліміз кемеліне келсе игі…
Atr.kz/3 қыркүйек, 2019 жыл. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарында айтылғандай, біздің тіліміз де талай қилы заманды басынан өткеріп, мың тірілді десек артық айтқандық бола қоймас.
Қазақ елі сонау феолдалдық қоғамда, әсіресе, кешегі кеңес уақытында солақай саясаттың әсерінен ана тіліміз қатты қағажу көріп, қолданыстан біртіндеп, тіпті жоспарлы түрде шеттетіле бастағанының да куәсі болғанымыз рас. Бұл жағдай біздің рухани құндылықтарымыздың тамырынан айырып қана қойған жоқ, қазақтың ұлт ретінде дамуына бөгет жасады. Сөйтіп, ана тілін сыйламайтын, құрметтемейтін, өз ұлтын менсінбейтін ұрпақ өкілдері қалыптасты.
Тәуелсіздік жылдары ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Дейтұрғанмен, ұлтымыздың басым көпшілігінің қолданысына ие болып, үстемдік құрған тілдің «ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылуы» ана тіліміздің дамуына, қолданысына белгілі бір дәрежеде тежеу болып келе жатқаны жасырын емес. Бұдан кейін үш тұғырлы тіл туралы қағида өмірге келді. Балаларымыздың алдына ана тілінен гөрі үш тілді қатар меңгеру қажеттігі қолға алынды. Сөйтіп, қай тілді болсын толық меңгеретін жаңа ұрпақты тәрбиелеу үрдісі үстіндеміз. Ұлттық тіл кемеліне келмей, ұлттық рух пен ұлттық намыс кемелі келмейтіні кәміл.
Түркі әлемінің ұлы перзенті, көрнекті қоғам мен мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдің «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды… Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жемісін береді» деген қағидалы сөзі әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа парламенттік маусымның басталуында халыққа арнаған Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген сөзі ұлттық тіліміздің қолданыстағы басымдылығын ғана емес, қазақтың өзін-өзі мейілінше тануы арқылы болашағына апарады деген сенімдеміз.
Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Атырау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары